Езекиел 35:1—15

  • Сейір таулары туралы пайғамбарлық (1—15)

35  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, жүзіңді Сейірдің+ таулы өңіріне бұр да, оған қарсы пайғамбарлық етіп+,  хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, Сейірдің таулы өңірі, мен саған қарсы шығамын! Қолымды созамын да, сені қаңыраған елсіз далаға айналдырамын+.  Қалаларыңды жермен-жексен еткенімде, қаңыраған елсіз далаға айналасың+. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың.  Өйткені ежелден бері исраилдіктермен өштесуіңді қоймадың+, сондай-ақ апатқа ұшырап, біржола жазаланған кездерінде сен оларды семсермен қырдың+.  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Өз атыммен ант етемін*, мен сенің қаның төгіледі деп шешіп қойдым; қантөгіс сенің қыр соңыңнан қалмайтын болады+. Қанды жек көріп едің, енді ол сенің қыр соңыңнан қалмайды+.  Мен таулы өңіріңді қаңыраған елсіз далаға айналдырамын+, сен арқылы ешкім әрі де өтпейді, кері де қайтпайтын болады.  Тау-төбелеріңді өліктерге толтырамын. Қыр-қырқаларың, жазықтарың мен сай-салаларыңда семсерден өлгендер сұлап жататын болады.  Мен сені мәңгілікке қаңыратып бос қалдырамын, қалаларың да елсіз қалады+. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың. 10  Мен, Ехоба, Исраил мен Яһуда халқының арасында болғаныма қарамай, сен: “Мына екі халық та, ел де менікі болады, біз екеуін де иемденеміз”+,— деген едің. 11  Сол үшін Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Оларды жек көріп, бойыңды ашу мен қызғаныш билеген еді+, сондықтан өз атыммен ант етемін*, мен де саған қарсы солай әрекет етемін. Сені соттаған кезімде, олар менің кім екенімді білетін болады. 12  Сонда Исраилдің тауларына қатысты: “Олар қаңырап бос қалып, бізге жалмап қоюға берілді!”— деп, менменси айтқан сөздеріңнің бәрін мен, Ехоба, естігенімді білетін боласың. 13  Мұнымен қоймай, маған қарсы паңдана сөйлеп, әбден бөстің+. Мен бұны да естідім. 14  Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сені қаңыраған елсіз далаға айналдырғанымда, бүкіл жер шат-шадыман болады. 15  Исраил үйінің иелігіндегі жер қаңырап бос қалғанда қуанғаның үшін, солардың күйін сенің басыңа келтіремін+. Ей, Сейірдің таулы өңірі, иә, күллі Едом+ жері, сен үйіндіге айналып, қаңырап бос қаласың. Сонда жұрт менің Ехоба екенімді білетін болады.

Сілтемелер

Немесе “Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.
Немесе “өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.