Езекиел 37:1—28

  • Қурап қалған сүйекке толы аңғар туралы аян (1—14)

  • Екі таяқты біртұтас етіп қосу (15—28)

    • Бір патшаның қол астындағы бір халық (22)

    • Мәңгілікке ұласатын татулық келісімі (26)

37  Маған Ехобаның құдіреті қонып, Ехобаның рухы мені аңғардың ортасына апарып қойды+. Ал аңғар сүйекке толы екен.  Ол мені солардың арасымен алып жүрді. Мен аңғардағы сүйектің өте көп екенін әрі қатты қурап қалғанын көрдім+.  Сонда ол: “Адам ұлы, мына сүйектер тіріле ала ма?”— деп сұрады. Мен: “Әлемнің Әміршісі Ехоба, бұл өзіңе ғана аян”+,— деп жауап бердім.  Ол маған мынаны айтты: “Осы сүйектерге былай деп пайғамбарлық ет: —Ей, қурап қалған сүйектер, Ехобаның сөзіне құлақ асыңдар!  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен сендерге дем кіретіндей етемін, сонда тірілесіңдер+.  Сендерге сіңір мен ет бітіріп, үстеріңді терімен қаптаймын да, бойларыңа дем кіргіземін. Сол кезде тіріліп шыға келесіңдер. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар”.  Мен өзіме бұйырылғанға сай пайғамбарлық еттім. Сол кезде сақырлаған дыбыс шығып, сүйектер рет-ретімен біріге бастады.  Сосын оларға сіңір мен ет бітіп, үстері терімен қапталғанын көрдім. Бірақ әлі бойларында дем жоқ болатын.  Бұдан кейін ол маған былай деді: “Желге пайғамбарлық ет. Адам ұлы, пайғамбарлық етіп, желге сөзімді жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, жел*, төрт бағыттан келіп ес, өлтірілген мына адамдар тірілу үшін келіп солардың үстіне ес!” 10  Мен өзіме бұйырылғанға сай пайғамбарлық еткенде, олардың бойына дем* кіріп, жан бітті де, аяқтарына тұрды+. Олар жер қайыстырған қалың қолды құрады. 11  Бұдан кейін ол маған былай деді: “Адам ұлы, бұл сүйектер — күллі Исраил үйі+. Олар: —Сүйектеріміз қурап, үмітіміз өшті+, мүлдем жалғыз қалдық,— дейді. 12  Сондықтан пайғамбарлық етіп, оларға хабарымды жеткіз. Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, халқым, мен қабірлеріңді ашып+, сендерді тұрғызып аламын да, Исраил жеріне әкелемін+. 13  Ей, халқым, қабірлеріңді ашып, сендерді тұрғызып алғанымда, менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+. 14  Сендерге өз рухымды дарытып, тірілтемін де+, өз елдеріңе әкелемін. Сонда мұны айтқан да, жүзеге асырған да, мен, Ехоба, екенімді білетін боласыңдар. Мұны айтып отырған — Ехоба”. 15  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 16  “Адам ұлы, бір таяқ алып, оған “Яһуда мен қасындағы Исраил халқына”+ деп жаз. Сосын тағы бір таяқ ал да, оған “Жүсіпке, яғни Ефрем таяғына, сондай-ақ қасындағы күллі Исраил үйіне+” деп жаз. 17  Содан соң таяқтарды бір-бірімен қосып, біртұтас етіп ұста+. 18  Ал халқыңның ұлдары “Бұның мәні неде?” деп сұраса, 19  оларға: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен Ефремнің қолындағы Жүсіптің таяғы мен қасындағы Исраил руларын аламын да, Яһуданың таяғымен қосамын. Сөйтіп, екеуі менің қолымда біртұтас таяқ болады+,— деп жауап бер. 20  Жазулары бар таяқтарды олар көретіндей етіп ұстап тұрып, 21  хабарымды жеткіз. Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Мен исраилдіктерді тарап кеткен халықтардың арасынан алып шығамын, жан-жақтан жинап, өз елдеріне қайтарамын+. 22  Мен оларды сол жерде, Исраил тауларында, бір халық етемін+. Олардың үстінен бір патша билік етеді+. Бұдан былай олар екі халық не екі патшалық болып бөлінбейді+. 23  Енді қайтып олар жеркенішті пұттарымен, жиренішті істерімен және күллі қылмыстарымен өздерін арамдамайтын болады+. Мен оларды опасыздықпен жасаған барлық күнәларынан құтқарып, тазартамын. Осылай олар менің халқым, ал мен олардың Құдайы боламын+. 24  Қызметшім Дәуіт олардың патшасы болып+, барлығының бағушысы біреу болады+. Олар менің шешімдерімді ұстанып, жарлықтарымды да мұқият орындайды+. 25  Сондай-ақ қызметшім Жақыпқа берген жерге қоныс тебеді. Ата-бабалары тұрған сол жерді+ өздері де, немерелері мен шөберелері де мәңгі бақи мекендейді+. Ал қызметшім Дәуіт мәңгілікке олардың басшысы болады+. 26  Мен олармен татулық келісімін жасасамын+, бұл мәңгілікке ұласатын келісім болады. Оларды орнықтырып, өсіріп-өндіремін+, әрі араларында ғибадатханамды мәңгіге орнатамын. 27  Менің киелі шатырым* солардың үстінде болып, өзім олардың Құдайы, ал олар менің халқым болмақ+. 28  Ғибадатханамды араларына мәңгіге орнатқанымда, халықтар Исраилді киелі еткен мен, Ехоба, екенімді білетін болады+”.

Сілтемелер

Немесе “леп; рух”.
Немесе “рух”.
Немесе “тұрағым, үйім”.