Езекиел 40:1—49

  • Езекиелдің аянда Исраилге апарылуы (1, 2)

  • Езекиелдің аянда көрген ғибадатханасы (3, 4)

  • Аулалар мен қақпа ғимараттары (5—47)

    • Шығысқа қарайтын қақпа ғимараты (6—16)

    • Сыртқы аула және қалған қақпа ғимараттары (17—26)

    • Ішкі аула және қақпа ғимараттары (27—37)

    • Діни қызметке арналған бөлмелер (38—46)

    • Құрбандық ошағы (47)

  • Ғибадатхананың кіреберіс дәлізі (48, 49)

40  Жер аударылғанымызға+ 25 жыл, ал Иерусалимнің күйрегеніне+ 14 жыл болғанда, жылдың басында, яғни бірінші айдың оныншы күні, тап сол күні маған Ехобаның құдіреті қонып, Иерусалимге алып барды+.  Ол мені аянда Исраил еліне апарып, өте биік таудың басына тұрғызды+. Таудың оңтүстік беткейінде қалаға ұқсайтын ғимарат бар екен.  Ол мені сол жерге әкелгенде, қақпа алдында тұрған біреуді көрдім. Оның тұла бойы мыс сияқты жалтырап тұрды+, ал қолында зығыр арқаны мен өлшеуіш таяғы* бар еді+.  Ол маған: “Адам ұлы, мен саған көрсеткелі жатқан нәрселердің бәріне мұқият қарап, айтқандарымды зер салып тыңда. Өйткені сен мұнда сол үшін әкеліндің. Көргеніңнің бәрін Исраил үйіне жеткіз+”,— деді.  Содан, қарасам, ғибадатхана* айнала дуалмен қоршалған екен. Әлгі кісі қолындағы өлшеуіш таяқпен дуалды өлшеп еді, оның ені мен биіктігі өлшеуіш таяқтың ұзындығымен бірдей болып шықты. Ал таяқтың ұзындығы алты шынтақ еді (әрбір шынтақтың ұзындығы бір шынтақ төрт еліге тең болатын*).  Бұдан кейін ол шығысқа қарайтын қақпа ғимаратына келіп+, баспалдақтармен көтерілді. Оның босағасын өлшеп еді, ені өлшеуіш таяқтың ұзындығына тең болып шықты. Өзге босағаның да ені осындай екен.  Күзетшілер бөлмелерінің+ ұзындығы мен ені де өлшеуіш таяқтың ұзындығына тең болды. Олардың араларындағы қашықтық болса бес шынтақтан екен. Қақпа ғимаратының кіреберіс дәлізінің ішкі жақ босағасы өлшеуіш таяқтың ұзындығына тең болды.  Ол қақпа ғимаратының ішкі жағындағы кіреберіс дәлізді өлшеген еді, өлшеуіш таяқтың ұзындығымен бірдей болды.  Бұдан кейін қақпа ғимаратының кіреберіс дәлізін өлшеп еді, сегіз шынтақ, ал тіректері екі шынтақтан болды. Бұл қақпа ғимаратының ішкі жағындағы кіреберіс дәліз еді. 10  Шығыс жақтағы қақпа ғимаратының екі жағында үш-үштен орналасқан күзетшілер бөлмесі болды. Бөлмелердің көлемі бірдей еді, олардың тіректерінің де үлкендігі бірдей болды. 11  Әлгі кісі қақпа ғимаратына кіретін жердің енін өлшегенде, 10 шынтақ, ал ғимаратты сырт жағынан өлшегенде, толық ұзындығы 13 шынтақ болып шықты. 12  Қақпа ғимаратының екі жағындағы күзетшілер бөлмелерінің әрқайсысының алдында ілгері қарай бір шынтақ шығып тұратын бөгеті бар орынжай болды. Ал бөлмелердің өзі алты шынтақтан еді. Екі жақтағы бөлмелердің үлкендігі бірдей болды. 13  Сосын ол қақпа ғимаратының енін өлшегенде, бір күзетшілер бөлмесінің төбесінен бастап қарсы орналасқан бөлменің төбесіне дейін 25 шынтақ болып шықты+. Бөлмелердің кіреберістері бір-біріне қарама-қарсы орналасыпты. 14  Ол тіректерін өлшеп еді, биіктігі 60 шынтақ екен. Ауланы айнала орналасқан қақпа ғимараттарының тіректерінің биіктігі де осындай еді. 15  Ал қақпа ғимаратының сыртқы кіреберісінен ішкі кіреберісіне дейінгі арақашықтық 50 шынтақ болды. 16  Қақпа ғимаратының ішіндегі күзетшілер бөлмелері мен оның екі жақ қабырғасындағы тіректерінде сыртқа қараған жағы тарлау болып келетін терезелер бар екен+. Кіреберіс дәліздердің де екі жағында осындай терезелер бар еді. Ал тіректерге пальма ағашының бейнелері түсіріліпті+. 17  Бұдан кейін ол мені сыртқы аулаға алып барды. Қарасам, ауланы айналдыра тас төселіпті, айнала салынған ас бөлмелер де бар+. Ас бөлмелердің саны 30 екен. 18  Қақпа ғимараттарына дейінгі тас төселген жерлердің ені ғимараттардың ұзындығына тең болатын. Бұл төменгі тас төселген жер еді. 19  Әлгі кісі төменгі қақпа ғимараты мен ішкі аулаға апаратын қақпа ғимаратының арасын өлшеп еді, 100 шынтақ болып шықты. Шығыс және солтүстік қақпа ғимараттарының арақашықтығы да сондай болды. 20  Сыртқы аулада солтүстікке қараған қақпа ғимараты бар еді, ол сол ғимараттың ұзындығы мен енін өлшеді. 21  Ғимараттың екі жағында үш-үштен орналасқан күзетшілер бөлмесі болды, әрі оның тіректері мен кіреберіс дәлізінің өлшемі бірінші қақпа ғимаратының өлшеміне тең еді. Ғимараттың ұзындығы 50, ені 25 шынтақ болатын. 22  Оның терезелері мен кіреберіс дәлізінің және пальма ағаштары бейнелерінің+ өлшемдері шығыс қақпа ғимаратынікіне тең келетін. Ғимаратқа кіреберіс дәліздің алдындағы жеті баспалдақ арқылы көтерілуге болатын. 23  Ішкі аулада солтүстік және шығыс қақпа ғимараттарына қарсы орналасқан қақпа ғимараттары бар еді. Ол қарсы орналасқан сол ғимараттардың арасын өлшеп еді, 100 шынтақ болып шықты. 24  Бұдан кейін әлгі кісі мені оңтүстікке қарай алып барды. Сол жерден мен оңтүстікке қарап тұрған қақпа ғимаратын көрдім+. Ол ғимараттың тіректері мен кіреберіс дәлізін өлшегенде, өлшемдері басқа қақпа ғимараттардікімен бірдей болып шықты. 25  Қақпа ғимаратының екі жағы мен кіреберіс дәлізінде басқа қақпа ғимараттардікіндей терезелері бар еді. Ғимараттың ұзындығы 50, ені 25 шынтақ болатын. 26  Оған кіреберіс дәліздің алдындағы жеті баспалдақ арқылы көтерілуге болатын+. Ал екі жақтағы қабырғаның тіректеріне пальма ағашының бейнелері түсірілген еді. 27  Ішкі аулада да оңтүстікке қарап тұрған қақпа ғимараты бар екен. Әлгі кісі қақпа ғимараттарының арасын өлшеп еді, 100 шынтақ болып шықты. 28  Сосын ол мені оңтүстіктегі қақпа ғимараты арқылы ішкі аулаға әкелді. Ол оңтүстікке қараған қақпа ғимаратын өлшегенде, өлшемдері басқа қақпа ғимараттардікімен бірдей болды. 29  Оның күзетшілер бөлмелері, тіректері мен кіреберіс дәлізінің өлшемдері де басқаларымен бірдей еді. Сондай-ақ оның екі жағы мен кіреберіс дәлізінде басқа қақпа ғимараттардікіндей терезелері бар еді. Ғимараттың ұзындығы 50, ені 25 шынтақ болатын+. 30  Ішкі аулаға апаратын қақпа ғимараттарының бәрінде кіреберіс дәліз болды. Олардың ұзындығы 25, ал ені 5 шынтақтан еді. 31  Ғимараттың кіреберіс дәлізі сыртқы аулаға қарап тұрды, ал тіректерінде пальма ағашының бейнелері болды+. Дәлізге сегіз баспалдақ арқылы көтерілуге болатын+. 32  Әлгі кісі мені шығыстан ішкі аулаға әкелді де, сондағы қақпа ғимаратын өлшеді. Ғимараттың өлшемдері басқаларымен бірдей екен. 33  Оның күзетшілер бөлмелері, тіректері мен кіреберіс дәлізінің өлшемдері де басқаларымен бірдей болды. Сондай-ақ оның екі жағы мен кіреберіс дәлізінде басқа қақпа ғимараттардікіндей терезелері бар еді. Ғимараттың ұзындығы 50, ені 25 шынтақ болатын. 34  Оның кіреберіс дәлізі сыртқы аулаға қарап тұрды, ал екі жақтағы тіректерінде пальма ағашының бейнелері болды. Дәлізге сегіз баспалдақ арқылы көтерілуге болатын. 35  Бұдан кейін ол мені солтүстікке қараған қақпа ғимаратына әкелді де+, оны өлшеп шықты. Оның өлшемдері басқаларымен бірдей екен. 36  Ғимараттың күзетшілер бөлмелері, тіректері мен кіреберіс дәлізінің өлшемдері де басқаларымен бірдей болды, екі жағында болса терезелері бар еді. Ғимараттың ұзындығы 50, ені 25 шынтақ болатын. 37  Оның екі жағындағы тіректері сыртқы аулаға қарап тұрды, тіректерге пальма ағашының бейнелері түсірілген еді. Қақпа ғимаратына сегіз баспалдақ арқылы көтерілуге болатын. 38  Қақпа ғимараттарының тіректерінің тұсында кіреберісі бар ас бөлме болды. Сол жерде түгел өртелетін құрбандықтар жуылатын+. 39  Солтүстікке қараған қақпа ғимаратының кіреберіс дәлізінің екі жағына екі-екі үстелден қойылыпты. Солардың үстінде түгел өртелетін+, күнә үшін әкелінетін+ және айып құрбандықтары шалынады екен+. 40  Солтүстік қақпа ғимаратының кіреберісінің сырт жағында екі үстел тұрды. Ғимараттың кіреберіс дәлізінің ішкі жағына да екі үстел қойылыпты. 41  Осылайша қақпа ғимаратының іші мен сыртында төрт-төрт үстелден — бас-аяғы сегіз үстел тұрды. Олардың бәрі құрбандық шалу үшін қолданылатын. 42  Түгел өртелетін құрбандықтарға арналған төрт үстел қашалған тастан жасалыпты. Олардың ұзындығы мен ені бір жарым, ал биіктігі бір шынтақтан еді. Үстелдерде түгел өртелетін, сондай-ақ басқа да құрбандықтар шалғанда қолданылатын құралдар жатады екен. 43  Қабырғаларға айналдыра ені төрт елі сөрелер бекітіліпті. Құрбандықтардың еті үстелдерге қойылатын. 44  Ішкі қақпа ғимаратының сырт жағында әншілерге+ арналған ас бөлмелер болды. Олар ішкі ауладағы солтүстік қақпа ғимаратының жанында оңтүстікке қарап орналасыпты. Шығыс қақпа ғимаратының жанында солтүстікке қарап тұрған тағы бір ас бөлме бар екен. 45  Әлгі кісі маған былай деді: “Оңтүстікке қарап тұрған ас бөлме ғибадатханада міндеттерін атқаратын діни қызметкерлерге+ арналған. 46  Ал солтүстікке қарап тұрған ас бөлме құрбандық ошағының басында міндеттерін атқаратын діни қызметкерлерге арналған+. Садық+ ұрпағынан тараған бұл діни қызметкерлер Ехобаның алдына келіп, оған қызмет етуге тағайындалған леуіліктерге жатады+”. 47  Бұдан кейін ол ішкі ауланы өлшеп шықты. Аула төрт бұрышты, ұзындығы да, ені де 100 шынтақ екен. Ғибадатхананың алдында құрбандық ошағы тұрды. 48  Сосын ол мені ғибадатхананың кіреберіс+ дәлізіне алып келді де, оның екі жағында тұрған тіректерді өлшеді. Олардың ені бір тұсынан бес шынтақ, ал екінші тұсынан үш шынтақ екен. 49  Ал кіреберіс дәліздің ұзындығы 20, ені 11* шынтақ болды. Дәлізге баспалдақтармен көтерілуге болатын. Екі жақта тұрған тіректердің қасында бағаналар бар еді+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “қамыс”. Ежелде қамыс өлшеу құралы ретінде қолданылған, әрі өлшем бірлігі де “қамыс” деп аталған. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Сөзбе-сөз “үй”. 40—48 тарауларда “ғибадатхана” деп аударылған “үй” сөзі ғибадатхана кешеніне не оның өзіне нұсқайды.
Мұнда ұзын шынтақ жайлы айтылып тұр. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Мүмкін: “он екі”.