Езекиел 47:1—23

  • Ғибадатханадан сыздықтап ағып жатқан су (1—12)

    • Судың бірте-бірте тереңдеуі (2—5)

    • Өлі теңіздің суы тұщыланды (8—10)

    • Шалшықты жерлері тұщыланбады (11)

    • Жемістері тамақ болатын, жапырақтары сауықтыратын ағаштар (12)

  • Шегаралар (13—23)

47  Бұдан кейін ол мені қайтадан ғибадатхананың кіреберісіне+ алып келді. Қарасам, ғибадатхана босағасының астынан шығысқа қарай су ағып жатыр екен+, себебі ғибадатхана шығысқа қарап тұрған болатын. Су ғибадатхананың оң жағынан, ал құрбандық ошағының оңтүстігінен ағып жатты.  Сосын ол мені солтүстік қақпа ғимараты+ арқылы алып шықты да, сырт жақпен айналып, шығысқа қараған сыртқы қақпа ғимаратына әкелді+. Су қақпаның оң жағынан сыздықтап ағып жатыр екен.  Әлгі кісі өлшеуіш жібін алып+, шығысқа қарай жүрді де, 1000 шынтақ* өлшеді. Сосын мені судан өткізді, су тобығымнан келді.  Ол екінші рет 1000 шынтақ өлшеп, судан өткізгенде, су тіземнен келді. Сосын ол тағы да 1000 шынтақ өлшеп, судан өткізіп еді, су белуардан екен.  Ол тағы 1000 шынтақ өлшегенде, мен суды кешіп өте алмадым. Себебі екпіндеп аққан судың тереңдеп кеткені сонша — оны кешіп емес, тек жүзіп өтуге болатын.  Сонда әлгі кісі маған: “Адам ұлы, сен мынаны көрдің бе?”— деді. Бұдан кейін ол мені қайтадан өзен жағасына ертіп әкелді.  Қайтып келгенімде, өзеннің екі жағасында көп ағаштың өсіп тұрғанын көрдім+.  Әлгі кісі маған былай деді: “Мына су шығыс өңіріне қарай ағып, Арабаға+ құлдилайды да, теңізге* барып құяды. Ол теңізге барып құйғанда+, теңіздің суы тұщы болады*.  Өзен* аққан жердің бәрі тіршілік иелеріне толады. Өзен келіп құятындықтан, сол жерде балық мол болады. Теңіздің суы тұщыланады, әрі өзен суы аққан жердің бәрінде тіршілік пайда болады. 10  Балықшылар Ен-Гедиден+ сонау Ен-Еглаимге дейін теңіздің жағасында тұрады. Сол жерде аулар кептірілетін алаң болады. Ұлы теңіздегідей*+ бұл теңізде де неше түрлі балық көп болады. 11  Ал батпақтары мен шалшықты жерлері тұщыланбай, тұзды болып жата береді+. 12  Өзеннің екі жағасында да әртүрлі жеміс ағаштары өседі. Олардың жапырақтары еш қурамайды, жемістері де таусылмайды. Ағаштар ай сайын жеміс береді, өйткені су оларға ғибадатханадан ағып келеді+. Жемістері тамақ болады, ал жапырақтары сауықтырады+. 13  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Исраилдің 12 руына мұра ретінде мына жерді бөліп беріңдер, ал Жүсіпке екі үлес берілсін+. 14  Сендер сол жерді мұра етіп, әрқайсысың бірдей үлес аласыңдар. Мен оны ата-бабаларыңа беруді уәде еткен едім+, енді ол мұра ретінде сендерге тиді. 15  Жердің солтүстік шегарасы мына жақтан өтеді: Ұлы теңізден бастап Хетлонға+ апаратын жол арқылы Седадқа+ қарай өтіп, 16  Хамат+ пен Беротаға+, одан әрі Дамаск пен Хамат аймағының арасындағы Сибраимге дейін, әрі қарай Хауранмен+ шегаралас Хасер-Хатиконға дейін созылады. 17  Осылайша шегара теңізден бастап Хасар-Енонға+, солтүстіктегі Дамаск аймағының шегарасын бойлап, Хаматтың шегарасына қарай созылады+. Бұл — солтүстік шегара. 18  Шығыс шегара Хауран мен Дамаскінің арасынан басталып Ғалақат+ пен Исраил жерінің арасындағы Иорданның бойымен өтеді. Шегарадан бастап шығыстағы теңізге* дейінгі арақашықтық өлшенсін. Бұл — шығыс шегара. 19  Оңтүстік шегара Тамардан бастап Мерибат-Қадештің суларына дейін+, одан әрі Мысыр өзен аңғарына, әрі қарай Ұлы теңізге дейін созылады+. Бұл — оңтүстік шегара. 20  Батыс шегара Ұлы теңіз болады. Ол оңтүстік шегарадан Лебо-Хаматқа*+ қарсы жатқан жерге дейін созылады. Бұл — батыс шегара. 21  Осы жерді Исраилдің 12 руы өзара бөлісіп алсын. 22  Сендер бұл жерді араларыңа қоныс теуіп, үбірлі-шүбірлі болған жатжерліктермен мұралы үлес ретінде бөлісіп алуларың керек. Оларды жергілікті исраилдік ретінде қабылдаңдар. Исраил руларымен бірге олар да мұралы үлес алады. 23  Жатжерлік кісі қай рудың жерінде қоныстанған болса, оған сол жерден үлес беріңдер. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.

Сілтемелер

Мұнда ұзын шынтақ жайлы айтылып тұр. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Яғни Өлі теңізге.
Сөзбе-сөз “сауығады”.
Сөзбе-сөз “екі өзен”.
Яғни Жерорта теңізі.
Яғни Өлі теңіз.
Немесе “Хаматтың кіреберісіне”.