Езекиел 9:1—11

  • Алты жазалаушы және сиясауыты бар кісі (1—11)

    • Сот киелі үйден басталады (6)

9  Бұдан кейін оның қатты дауыстап: “Қаланы жазалайтындар қолдарына шоқпар алып, бері келсін!”— дегенін естідім.  Мен солтүстікке қарайтын жоғарғы қақпа+ жақтан қолдарына бір-бір шоқпар ұстаған алты кісінің келе жатқанын көрдім. Араларында үстіне зығыр киім киіп, беліне хатшының сиясауытын байлаған біреу болды. Олар мыс құрбандық ошағының+ қасына келіп тұрды.  Исраил Құдайының салтанаты+ керубтердің төбе жағында тұрған жерінен киелі үйдің босағасына қарай жылжыды+. Бұдан кейін үстіне зығыр киім киіп, беліне хатшының сиясауытын байлаған кісіге  Ехоба былай деді: “Иерусалимді бастан-аяқ аралап өт. Қалада жасалып жатқан жеркенішті істерді көріп+, аһ ұрып күрсініп жүргендердің+ маңдайларына таңба қойып шық”.  Ал қалғандарына мынаны айтқанын естідім: “Оның артынан жүріп, қаладағыларды жаппай қырыңдар. Ешкімді аямаңдар, жандарың да ашымасын+.  Жас-кәрі, қыз-жігіт, бала не әйел демей — бәрін өлтіріңдер+. Бірақ маңдайына таңба салынғандарға жақындамаңдар+. Менің киелі үйімнен бастап солай істеңдер+”. Содан олар киелі үйдің алдында тұрған ақсақалдардан бастады+.  Ол тағы: “Барыңдар да, киелі үйді арамдап, аулаларды өліктерге толтырыңдар+!”— деп қосты.  Олар жұртты қырып жатқанда, мен аман қалдым. Етпетімнен жығыла кетіп: “Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Иерусалимге қаһарыңды төгіп, Исраилдің тамтығын түгел құртып жібермексің бе+?”— деп айқайлап жібердім.  Ол маған былай деп жауап қатты: “Исраил мен Яһуда үйінің күнәсі өте, өте ауыр+! Бұл жер қантөгіске толы+, қаланы әділетсіздік жайлаған+. Олар: —Ехоба бұл жерді тастап кеткен, Ехоба бізді көрмейді,— дейді+. 10  Сондықтан мен оларды еш аямаймын, жаным да ашымайды+. Істерін өз бастарына келтіріп, зардабын тартқызамын!” 11  Бұдан кейін үстіне зығыр киім киіп, беліне сиясауыт байлаған кісі қайтып келіп: “Айтқаныңның бәрін орындадым”,— деді.

Сілтемелер