Езра 4:1—24

  • Ғибадатхананы тұрғызуға қарсылық көрсету (1—6)

  • Жаулардың Артаксеркс патшаға хат жазуы (7—16)

  • Артаксеркстің жауабы (17—22)

  • Ғибадатхана құрылысының тоқтауы (23, 24)

4  Яһуда мен Бенияминнің жаулары+ еліне оралғандардың+ Исраил Құдайы Ехобаның ғибадатханасын салып жатқанын естігенде,  дереу Зоробабел мен әулетбасыларына келіп: “Біз де осы құрылысқа қатысайық. Өйткені сендер сияқты, біз де Құдайларыңа сиынамыз+ және осы жерге көшірген Ассирия патшасы+ Асархаддонның+ күнінен бері оған құрбандық шалып келеміз”,— деді.  Бірақ Зоробабел мен Ешуа және Исраилдің әулетбасылары оларға: “Сендер бізбен бірге Құдайымыздың үйін соқпайсыңдар+. Персия патшасы Кирдің бұйырғанындай, Исраилдің Құдайы Ехобаның үйін тек өзіміз саламыз+”,— деп жауап қайтарды.  Сонда төңіректегі халықтар құрылыс ісін тоқтату үшін, Яһуда халқының жігерін жасытып, сағын сындыруға тырысып бақты+.  Олардың жоспарларын бұзу үшін кеңесшілер жалдады+. Бұл әрекеттері Персия патшасы Кирдің күндерінен басталып, Персия патшасы Дарийдің+ күндеріне дейін жалғасты.  Ахашверош билік құра бастағанда, олар Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындарының үстінен шағым жазды.  Персия патшасы Артаксеркстің тұсында да Бишлам, Митредат, Табиел мен оның әріптестері Артаксеркс патшаға хат жазды. Хатты олар арамей тіліне аударып+, арамейше жазған еді*.  * Бас мемлекет қызметкері Рехум мен көшірмеші Шимшай Артаксеркс патшаға Иерусалимнің үстінен шағымданып, мынадай хат жазды:  (Бұл хат бас мемлекет қызметкері Рехумнан, көшірмеші Шимшай мен олардың әріптестерінен, атап айтқанда: билерден, кіші әміршілерден, хатшылардан, ерехтіктерден+, бабылдықтардан, Сузының+ тұрғындарынан (яғни еламдықтардан+), 10  сондай-ақ кезінде ұлы мәртебелі Аснафар* патша жер аударып, Самария қалалары мен Евфраттың батыс өлкесіне* қоныстандырған басқа ұлттардан+. 11  Бұл — жіберілген хаттың көшірмесі.) “Артаксеркс патша ағзамға Евфраттың батыс өлкесіндегі қызметшілерінен. 12  Патшаны мына жайттан хабардар еткіміз келеді: сіз жақтан біз жаққа көшкен яһудилер Иерусалимге келіп жетті. Олар бүлікшіл де зұлым қаланы қайта соғуға кірісті. Қаланың қабырғаларын тұрғызып+, іргетастарын жөндеп жатыр. 13  Патша мынадан да құлағдар болса екен: егер қала қайта соғылып, қабырғалары тұрғызылып бітсе, олар алым-салық+ пен баж салығын төлеуді қояды, сөйтіп, патша қазынасының кірісі азаяды. 14  Сарайдың нанын* жеп отырғандықтан, патша мүддесіне зиян келуі мүмкін екенін көре тұра, үндемей қалғанымыз дұрыс болмас. Сондықтан патшаға осы жайтты мәлімдеу үшін хат жазып отырмыз. 15  Ата-бабаларыңыздың жазбаларын+ қарап шықсаңыз, бұл қаланың патшалар мен аймақтарға зиян келтірген бүлікшіл қала екенін, онда ежелден бері көтерілісшілер тұрғанын білер едіңіз. Сол себептен қала күйретілген болатын+. 16  Егер қала қайта соғылып, қабырғалары тұрғызылып бітсе, Евфраттың+ батыс өлкесі қол астыңыздан шығып қалады. Патша ағзам осыны білсе екен дейміз”. 17  Сонда патша бас мемлекет қызметкері Рехумға, көшірмеші Шимшайға және Самария мен Евфраттың батыс өлкесінде тұрып жатқан олардың әріптестеріне мынадай жауап жолдады: “Бәріңе амандық тілеймін! 18  Бізге жіберген хаттарың менің алдымда анық етіп оқылды*. 19  Содан әмірім бойынша тексеру жүргізіліп, сол қаланың бұрыннан бері патшаларға қарсы шығып, көтерілістер мен бүліктер жасап келгені анықталды+. 20  Иерусалимде Евфраттың батысындағы бүкіл өлкені басқарған құдіретті патшалар болған екен, оларға алым-салық пен баж салығы төленіп тұрыпты. 21  Енді әлгілерге жұмысты тоқтатуды бұйырыңдар. Менің жарлығым шықпайынша, қаланы қайта тұрғызбасын. 22  Патшаның мүддесіне бұдан былай да нұқсан келмес үшін+, бұған немкетті қараушы болмаңдар”. 23  Артаксеркс патшаның жарлығы жазылған осы хаттың көшірмесі Рехумның, көшірмеші Шимшай мен олардың әріптестерінің алдында оқылғаннан кейін, олар дереу Иерусалимдегі яһудилерге барып, құрылысты күштеп тоқтатты. 24  Содан Иерусалимдегі Құдайдың үйін соғу жұмысы тұрып қалды. Ол Персия патшасы Дарийдің билік етуінің екінші жылына дейін қолға алынбады+.

Сілтемелер

Мүмкін: “хат арамейше жазылып, кейін аударылды”.
Езр 4:8—6:18 тармақтар түпнұсқада арамей тілінде жазылған.
Яғни Ашшурбанипал.
Сөзбе-сөз “Өзеннің арғы беті”.
Сөзбе-сөз “тұзын”.
Мүмкін: “аударылып, оқылды”.