Езра 5:1—17

  • Яһудилердің құрылысқа қайта кірісуі (1—5)

  • Татенайдың Дарий патшаға жазған хаты (6—17)

5  Яһуда мен Иерусалимдегі яһудилерге Хагей пайғамбар+ мен Иддоның+ немересі Зәкәрия пайғамбар+ Исраилге жар болған Құдайдың атынан пайғамбарлық етті.  Осы кезде Салател ұлы Зоробабел+ мен Ехосадық ұлы Ешуа+ Иерусалимдегі Құдай үйінің құрылысына қайта кірісті+. Құдайдың пайғамбарлары олармен бірге болып, қолдау көрсетті+.  Сол уақытта Евфраттың батыс өлкесінің әміршісі Татенай және Шетар-Бозенай әріптестерімен бірге оларға келіп: “Бұл үйді салып, құрылысты жалғастыруға сендерге кім бұйрық берді?”— деп сұрады.  Сондай-ақ олардан: “Осы ғимаратты соғып жатқан кісілердің есімдері кім?”— деп сұрады.  Құдай яһуди ақсақалдарына көз қырын салып, қамқор болғандықтан+, әлгілер Дарий патшаға осы мәселеге қатысты хат жіберіп, оның ресми жауабын алмайынша, яһудилердің ісін тоқтатпады.  Бұл — Евфраттың батыс өлкесінің әміршісі Татенайдың, Шетар-Бозенай мен олардың әріптестерінің, яғни Евфраттың батыс өлкесіндегі кіші әміршілердің, Дарий патшаға жіберген хатының көшірмесі.  Олар патшаға былай деп мәлімдеді: “Патша ағзам Дарийге. Сізге амандық пен тыныштық тілейміз!  Патшамызды мына жайттан хабардар еткіміз келеді: біз Яһуда аймағындағы Ұлы Құдайдың үйіне бардық. Бұл үй үлкен-үлкен тастардан соғылып, қабырғаларына бөренелер қойылуда екен. Жұмыс зор ынтамен істелініп, алға басып жатыр.  Біз ақсақалдарынан: —Бұл үйді салып, құрылысты жалғастыруға сендерге кім бұйрық берді?— деп сұрадық+. 10  Сондай-ақ өзіңізге жазып жіберу үшін басшыларының да аттарын сұрадық. 11  Ал олардың жауабы мынау болды: “Біз көк пен жердің Құдайының қызметшілеріміз. Біз осыдан көп жыл бұрын Исраилдің ұлы патшасы салған үйді+ қайтадан тұрғызып жатырмыз. 12  Алайда ата-бабаларымыз көктегі Құдайды қаһарландырды+. Сондықтан Құдай оларды Бабыл патшасы халдейлік Навуходоносордың қолына берді+. Ол бұл үйді қиратып+, халқын Бабылға жер аударды+. 13  Ал Кир патша Бабылға билік еткен бірінші жылында Құдайдың үйін қайта тұрғызу туралы жарлық шығарды+. 14  Сондай-ақ Кир патша Навуходоносордың Иерусалимдегі Құдай үйінен әкетіп, Бабылдағы ғибадатханаға қойғызған алтын-күміс ыдыстарды+ шығартты да, өзі әмірші етіп тағайындаған Шешбасардың*+ қолына табыстады+. 15  Сөйтіп, Кир оған: “Мына ыдыстарды алып, Иерусалимдегі ғибадатханаға апарып қой. Құдайдың үйі бұрынғы орнына қайта тұрғызылсын”,— деп тапсырды+. 16  Шешбасар келіп, Иерусалимдегі Құдай үйінің іргетасын орнатты+. Міне, сол уақыттан бері бұл үй салынып келе жатыр, бірақ әлі біткен жоқ+”. 17  Сондықтан егер патша ағзам мақұл көрсе, патшаның Бабылдағы қазына қоймасынан іздестіріп, Кир патша Иерусалимдегі Құдай үйін қайта соғу туралы жарлық шығарған-шығармағанын анықтап берсе екен+. Сосын патша осы жайтқа қатысты шешімін бізге білдірсе екен”.

Сілтемелер

Езр 2:2; 3:8-дегі Зоробабел болса керек.