Езра 9:1—15

  • Исраилдіктердің бөтен халықтармен некелесуі (1—4)

  • Езраның күнәларды мойындап дұға етуі (5—15)

9  Осы жайттардан кейін көп ұзамай-ақ басшылар маған келіп: “Исраил халқы, діни қызметкерлер мен леуіліктер айналадағы халықтардан, яғни қанахандықтар, хеттіктер, перездіктер, ебустіктер, аммондықтар, моабтықтар, мысырлықтар+ мен аморлықтардан+ және олардың жеркенішті істерінен бойларын аулақ ұстамады+.  Олар осы халықтардан өздеріне де, ұлдарына да әйел алды+. Енді, міне, осы қасиетті халық*+ айналадағы бөтен халықтармен араласып кетті+. Мұндай опасыздықты алдымен істегендер — басшылар мен басқарушылар”,— деп мәлімдеді.  Мұны естігенде, үстімдегі киімімнің өңірін* жыртып, шашым мен сақалымды жұлып, есеңгіреп жерге отыра кеттім.  Исраил Құдайының сөзін қастер тұтатын өзге адамдар да жер аударылудан оралғандардың опасыздығына қайғырып, айналама жиналды. Ал мен есеңгіреген күйі сол жерде кешкі астық тартуын+ ұсынатын мезгілге дейін отырдым.  Кешкі астық тартуын ұсынатын уақытта+ киімімнің өңірі жыртылған күйі қайғырып отырған жерімнен тұрдым. Сосын тізерлеп отыра кеттім де, Ехоба Құдайыма қолымды жайып,  былай дедім: “Уа, Құдайым, саған жүзімді көтеруге ұялып, дәтім бармай тұр. Өйткені, уа, Құдайым, біздің күнәларымыз басымыздан асып, қылмысымыз аспанға дейін жетті+.  Ата-бабамыздың заманынан бері күнәға белшемізден батып келеміз+. Күнәміздің кесірінен өзіміз де, патшаларымыз да, діни қызметкерлеріміз де бөтен елдердің патшаларының қолына беріліп, содан бүгінгі күнге дейін семсердің жүзінен қырылып+, тұтқынға алынып+, тоналып+, масқара болып келдік+.  Міне, жақында ғана сен, Ехоба Құдайымыз, бізге рақым көрсетіп, біразымызды аман алып қалып, киелі орныңнан қауіпсіз пана* бердің+. Осылай, уа, Құдайымыз, көзімізге нұр сыйлап, құлдықта жүрген біздерді қайта жандандырдың.  Уа, Құдайымыз, құл болсақ та+, бізді құлдықта қалдырған жоқсың. Парсы патшаларының көз алдында бізге айнымас сүйіспеншілік таныттың+. Осылай Құдайымыздың үйін қайта тұрғызып, үйіндіге айналған оны қайта қалпына келтіруіміз үшін, бізді қайта жандандырмақ болдың+, сондай-ақ Яһуда мен Иерусалимде тас дуалдай қорғаныш бермек болдың. 10  Уа, Құдайымыз, осыдан кейін не дей аламыз? Біз сенің заңдарыңды елеусіз қалдырдық. 11  Оларды кезінде өзіңе қызмет еткен пайғамбарлар арқылы беріп, былай деп едің: “Сендер иемденуге бара жатқан жер таза емес, өйткені сол жерде тұрып жатқан халықтар оны өздерінің лас, жеркенішті істерімен о шетінен бұ шетіне дейін арамдап тастаған+. 12  Сондықтан олармен құда-жекжат болып, қыз алысып, қыз беріспеңдер+, олардың тыныштығы және өркендеулері үшін ештеңе жасамаңдар+. Сонда ғана мықты болып, сол өлкенің жақсы өнімінен жеп, оны ұлдарыңа мәңгі мұраға қалдыра аласыңдар”. 13  Басымызға түскендердің бәрі өзіміздің зұлым істеріміз бен ауыр күнәміздің кесірінен болды. Сонда да, сен, уа, Құдайымыз, күнәларымызға сай жазаламай+, осында отырған біздерді аман алып қалдың+. 14  Ал енді заңдарыңды қайта бұзып, осындай жеркенішті істермен айналысатын халықтармен құда-жекжат болмақпыз ба+? Онда сен бізге қатты қаһарланып, еш тамтық қалдырмай, түгел құртып жібермейсің бе? 15  Уа, Исраилдің Құдайы Ехоба, сен адалсың+, сондықтан да біздің тамтығымыз осы күнге дейін аман жүр. Кінәміз үшін сенің алдыңда тұра алмасақ та, біз кінәмізді арқалап алдыңа келіп тұрмыз+”.

Сілтемелер

Немесе “ұрпақ”.
Сөзбе-сөз “көйлегім мен шапанымды”.
Сөзбе-сөз “қазық”.