Елшілердің істері 28:1—31
28 Жағаға аман-есен жеткен соң, аралдың аты Мальта+ екенін білдік.
2 Өзге тілде сөйлейтін жергілікті тұрғындар бізге зор адамгершілік танытты. Жаңбыр жауып, күн суып кеткендіктен, олар от жағып, бәрімізді мейірімділікпен қабыл алды.
3 Пауыл бір құшақ ағаш жинап әкеліп, отқа қойғанда, арасынан ыстықтан қашқан улы жылан шыға келіп, қолына жабысты.
4 Аралдың тұрғындары оның қолында салаңдап тұрған улы жыланды көріп, бір-біріне: “Бұл адам — шынымен де кісі өлтіруші. Ол теңізден аман қалғанмен, Әділдік* оның тірі жүруіне жол бермеді”,— десті.
5 Алайда Пауыл жыланды отқа лақтырып жіберіп, өзі еш зиян шекпеді.
6 Олар болса денесі ісіп кетеді не кенеттен мерт болады деп күткен еді. Ұзақ уақыт өткеннен кейін де Пауылдың еш зиян шекпегенін көрген олар ойларын өзгертіп, оны құдай дей бастады.
7 Сол маңда Публи есімді арал билеушісінің меншікті жерлері бар еді. Ол бізді құшақ жая қарсы алып, үш күн бойы қонақжайлылық танытты.
8 Ал Публидің әкесінің ыстығы көтеріліп, іші өтіп, төсек тартып жатқан болатын. Пауыл оған барып, дұға етті де, үстіне қолын қойып, сауықтырып жіберді+.
9 Осыдан кейін оған аралдағы басқа да науқастар келіп, айығып жатты+.
10 Олар бізге көп сый ұсынып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ жолға шығарда қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті.
11 Үш айдан кейін тұмсығында “Зевс ұлдары” деген таңбасы бар кемемен теңізге шықтық. Александриядан келген бұл кеме осы аралда қыстаған болатын.
12 Біз Сиракуздағы кемежайға тоқтап, сонда үш күн болдық.
13 Сонан соң ол жерді бойлай өтіп, Региге келдік. Ертесіне оңтүстіктен жел соқты, араға тағы бір күн салып, Путеолға жеттік.
14 Путеолда бауырластарды таптық, олар жеті күнге қалуымызды өтінді. Сосын Римге жол тарттық.
15 Келе жатқанымызды естіген Римдегі бауырластар Үш қонақүй мен Аппи базарына дейін келіп, бізді қарсы алды. Пауыл оларды көргенде, Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалды+.
16 Ақырында, Римге келіп жеттік. Пауылға оны күзететін сарбазбен бірге жалға алынған үйде тұруға рұқсат берілді.
17 Үш күн өткен соң, ол яһуди жетекшілерін шақырып алды. Олар жиналғанда, Пауыл былай деді: “Ағайындар, халыққа да, ата-бабамыздың әдет-ғұрпына да қарсы ештеңе істемесем де+, мені Иерусалимде тұтқындап, римдіктердің қолына ұстап берді+.
18 Бұлар болса мені тергеп+, өлімге кесетіндей еш себеп таппаған соң, босатып жібергілері келді+.
19 Алайда яһудилер наразылық білдіргендіктен, императордың сотын талап етуге мәжбүр болдым+. Бірақ мұнымен өз халқымды айыптайын деген жоқпын.
20 Мені Исраилдің үміті үшін осылай шынжырмен бұғаулағандықтан, сіздермен жолығып сөйлесуді сұрадым+”.
21 Сонда олар былай деді: “Біз Яһудеядан сен туралы ешқандай хат алған жоқпыз, сол жақтан келген ағайындардың ешқайсысы да сен жайлы жаман хабар айтқан емес.
22 Біз осы сектаның+ барлық жерде жаманатты екенін білсек те+, сенің пікіріңді тыңдағанымыз дұрыс деп ойладық”.
23 Олар кездесетін күнді белгілеп, оның тұрып жатқан жеріне алғашқысынан да көп болып келді. Пауыл оларды Исаға сендіру үшін+, Мұса Заңы+ мен пайғамбарлар+ жазбаларын қолдана отырып, Құдай Патшалығы туралы ертеден кешке дейін түбегейлі куәлік берді. Осылайша мәселенің мән-жайын түсіндірді.
24 Кейбіреуі айтылғандарға сенсе, өзгелері сенбеді.
25 Содан олар өзара келісе алмай тарай бастағанда, Пауыл былай деді:
“Киелі рух ата-бабаларыңызға Ишая пайғамбар арқылы келесі сөздерді дәл айтқан:
26 —Мына халыққа барып, былай де: “Естисіңдер, бірақ ештеңе ұқпайсыңдар. Қарайсыңдар, бірақ көрмейсіңдер+.
27 Өйткені бұл халықтың жүрегі сезімсіз болып қалған; құлақтарымен естісе де, жауап бермейді; олар көздерін жұмып алған. Себебі көздерімен көргілері, құлақтарымен естігілері, жүректерімен мәнін ұққылары және теріс жолдан қайтқылары келмейді. Мен де оларды сауықтырмаймын+”.
28 Сондықтан мынаны біліңіздер: Құдайдың адамзатты құтқаруы жөніндегі бұл хабар өзге ұлттарға жарияланып жатыр+. Олардың бұған құлақ асары сөзсіз+”.
29 *——
30 Жалдаған үйінде+ ол толық екі жыл тұрып, келгендердің барлығын жылы қарсы алды.
31 Оларға батылдықпен+ әрі еш бөгетсіз Құдай Патшалығы туралы уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх жайлы тәлім берді.
Сілтемелер
^ Грекше Дике. Бұл сөз әділдіктің әйел тәңіріне не жалпы әділдікке нұсқаса керек.
^ Бұл үзінді грек тіліндегі көне қолжазбалардың кейбірінде кездеспейді. А3 қосымшасын қараңыз.