Еремияның зары 1:1—22

  • Иерусалимнің жесір әйелге теңелуі

    • Ол жападан-жалғыз отыр (1)

    • Сионның ауыр күнәлары (8, 9)

    • Құдайдың Сионнан бас тартуы (12—15)

    • Сионды жұбататын ешкім жоқ (17)

א [Алеф]* 1  Бір кездері халыққа толы қаланың жападан-жалғыз отырғаны-ай+! Халықтар арасында саны көп болған оның енді жесір әйелдей күй кешкені-ай+! Бағынышты аймақтар арасында патшайым болған оның күң сияқты жұмысқа салынғаны-ай+! ב [Бет]   Ол түні бойы егіле жылап+, көз жасымен бетін жуды. Оны жұбататын көңілдестерінің бірі де жоқ+. Достарының бәрі сатып кетті+, олар оның жауына айналды. ג [Гимел]   Яһуда азап шегіп, аяусыз құлдыққа салынып+, жер аударылды+,Ол басқа халықтардың арасында тұруға мәжбүр+, тыныштық таба алар емес. Қудалаушылары оны мүшкіл кезінде қолға түсірді. ד [Далет]   Мейрамға ешкім келмей, Сионға апаратын жолдар қайғыруда+,Барлық қақпасы қаңырап, қирап жатыр+, діни қызметкерлері аһ ұрып күрсінуде. Бойжеткендері қасірет шегуде, өзі қатты қиналуда. ה [Хе]   Дұшпандары оған қожайын болып алды, жаулары бейқам жүр+,Қылмыстарының көптігінен Ехоба* оған қасірет шеккізді+. Балаларын жаулары тұтқынға айдап әкетті+. ו [Вав]   Сион қызы бар сән-салтанатынан айырылды+,Әміршілері жайылым таппаған бұғылардай,Олар әлсіреп, қуғыншының алдында келеді. ז [Заин]   Басына апат түсіп, халқы үй-жайсыз қалған шақта,Иерусалим бұрынғы құнды нәрсесінің бәрін есіне алды+. Оның халқы жаудың қолына түсіп, көмектесер ешкім болмағанда+,Жаулары күйрегенін көріп, үстінен күлді*+. ח [Хет]   Иерусалим ауыр күнә жасады+,Сондықтан жиіркенішті нәрсеге айналды. Бұрын оны құрметтегендер жалаңаш тәнін көріп, жек көріп кетті+. Оның өзі де күңіренді+, ұялғаннан теріс бұрылды. ט [Тет]   Етегі оның әбден былғанды. Келешегі жайлы еш ойланбады+. Ол қатты күйреді, жұбатар ешкімі жоқ. Уа, Ехоба, күйінішіме назар аударшы, жау бөсіп мақтануда+. י [Йод] 10  Оның бар қазынасына дұшпан қол сұқты+,Ол қасиетті орынға басқа халықтардың кіргенін көрді+,Оларға сен: “Қауымыма кірме”,— деп тыйым салып ең. כ [Каф] 11  Жұрттың бәрі аһ ұруда, жейтін нан іздеуде+. Жан сақтау үшін, құнды заттарын азын-аулақ тамаққа айырбастауда. Уа, Ехоба, қарашы, мен байғұс әйелдей* болдым. ל [Ламед] 12  Ей, жолшыбай өтіп бара жатқандар, сендерге бәрібір ме? Маған көз тастап, қараңдар! Мендей азап шеккен жан бар ма? Бұл — Ехобаның қаһарына мінген күні маған тартқызған азабы+. מ [Мем] 13  Ол көктен сүйектерімді өртейтін от жіберіп+, әрбірін күйретті. Аяғыма тор құрып, кері бұрылуға мәжбүр қылды. Мені бейшара әйелдей етті. Күнұзаққа дертім жаныма батады. נ [Нун] 14  Қылмыстарымды ол қолымен ширатып, мойынтұрық сияқты байлады. Оларды мойныма салды, бойымда күш-қайрат қалмады. Ехоба мені қарсы тұра алмайтын жауымның қолына берді+. ס [Самех] 15  Ехоба мықты азаматтарымды менен алып кетті+,Жас жігіттерімді қыру үшін, маған қарсы қол жинады+. Ехоба Яһуданың пәк қызын жүзім сығатын орында таптады+. ע [Аин] 16  Осының бәрін көріп, зар еңіреп+, көзімнен жас сорғалайды. Мені жұбататын, жанымды жадырататындардың бәрі менен жырақта. Жау жеңіп, ұлдарым менің күйреді. פ [Пе] 17  Сион қолын созып тұр+, оны жұбататын ешкім жоқ. Ехоба Жақыптың айналасындағы жауларға оған қарсы шығуға бұйрық берді+. Иерусалим олар үшін жеркенішті нәрсеге айналды+. צ [Цади] 18  Ехобаның жазасы әділ+, мен өзім оның заңына мойынсұнбадым+. Барлық халықтар, тыңдаңдар, тартқан азабымды көріңдер. Бойжеткендерім мен жас жігіттерім тұтқынға айдалып кетті+. ק [Коф] 19  Көңілдестерімді көмекке шақырдым, бірақ олар мені сатып кетті+,Жан сақтау үшін тамақ іздеп жүріп+,Діни қызметкерлерім мен ақсақалдарым қалада мерт болды. ר [Реш] 20  Назар салшы, уа, Ехоба, мен қатты қиналудамын. Ішім оттай күйіп тұр. Барып тұрған бүлікші болғаным үшін жүрегім қан жылайды+. Сыртта семсер халықты жалмауда+, үй ішінде де жұрт қырылуда. ש [Шин] 21  Менің күрсінісімді жұрт естіді, бірақ жұбататын ешкім жоқ. Басыма апат түскенін жауларым түгел естіді. Бұл апатты сен жібергендіктен, олар мәз-мейрам+. Бірақ өзің алдын ала айтқан күн келіп+, олар да мен сияқты күйге түседі+. ת [Тав] 22  Олардың бар зұлымдығы көз алдыңда болсын+,Мені қылмыстарым үшін аямай жазалағаныңдай, оларды да аяма. Күрсінгенім басылмай, жүрегім қатты сыздайды.

Сілтемелер

1—4 тараулар акроөлең түрінде, яғни еврей әліпбиі бойынша жазылған қайғылы жыр.
Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “қуанып тұрды”.
Бұл жерде Иерусалим әйелге теңеліп тұр.