Еремия 28:1—17

  • Еремия және жалған пайғамбар Хананиях (1—17)

28  Сол жылы, Яһуда патшасы Седекияның+ билігінің басында, төртінші жылының бесінші айында, Гибеоннан+ шыққан Азур ұлы Хананиях пайғамбар Ехобаның үйінде, діни қызметкерлер мен бүкіл халықтың алдында маған мынаны айтты:  “Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы былай дейді: —Мен Бабыл патшасының мойынағашын сындырамын+.  Бабыл патшасы Навуходоносордың осы жерден алып, Бабылға әкеткен Ехобаның үйінің бар бұйымын+ екі жылдың ішінде осында қайтып әкелемін.  Мен Яһуданың патшасы Ехоякімнің+ ұлы Ехонияны+ және Яһудадан Бабылға жер аударылғандардың бәрін+ осында қайтарамын. Себебі мен Бабыл патшасының мойынағашын сындырамын,— дейді Ехоба”.  Сонда Еремия пайғамбар Ехобаның үйінде жиналған діни қызметкерлер мен бүкіл жұрттың алдында Хананиях пайғамбарға тіл қатып,  былай деді: “Аумин! Ехоба осылай істесін! Сен айтқан осы пайғамбарлық сөздерді Ехоба жүзеге асырып, Ехобаның үйінің ыдыс-аяқтары мен жер аударылған халықты түгелімен Бабылдан осы жерге қайтарсын.  Алайда саған және осында жиналған барша жұртқа айтатын сөзімді тыңдашы.  Маған және саған дейін өмір сүрген ертедегі пайғамбарлар көптеген елдер мен ұлы патшалықтарға қатысты соғыс, апат, індет жайлы пайғамбарлық етіп жүрді.  Егер бір пайғамбар тыныштық жайлы пайғамбарлық етіп, бұнысы орындалса ғана, сол пайғамбарды шынымен Ехобаның жібергені белгілі болатын”. 10  Сонда Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнындағы мойынағашты алып, сындырып тастады да+, 11  бүкіл жұрттың алдында мынаны айтты: “Ехоба: —Мен тура осылай Бабылдың патшасы Навуходоносордың барлық халықтарға салған мойынағашын екі жылдың ішінде сындырып тастаймын,— дейді”+. Осыдан кейін Еремия пайғамбар өз жөніне кетті. 12  Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнындағы мойынағашты сындырып тастағаннан кейін, Ехоба Еремияға келесі хабарды айтты: 13  “Бар да, Хананияхқа Ехоба мынаны айтады де: —Сен ағаштан жасалған мойынағашты сындырып тастадың+, енді оның орнына темірден мойынағаш жасайсың. 14  Өйткені Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы былай дейді: —Мен осы халықтарды Бабыл патшасы Навуходоносорға қызмет еткізу үшін, мойындарына темірден жасалған мойынағаш кигіземін, олар оған қызмет ететін болады+. Оған тіпті даладағы жабайы аңдарды да бағындырамын+”. 15  Еремия пайғамбар Хананиях+ пайғамбарға былай деді: “Уа, Хананиях, тыңдашы! Ехоба сені жіберген жоқ. Сонда да мына халықты жалған нәрсеге иландырып қойдың+. 16  Сондықтан Ехоба саған былай дейді: —Міне, мен сені жер бетінен жоқ қыламын. Халықты Ехобаға қарсы көтергенің үшін сен осы жылы өлесің+”. 17  Айтқандай-ақ, Хананиях пайғамбар сол жылдың жетінші айында көз жұмды.

Сілтемелер