Еремия 3:1—25

  • Исраилдің әбден жолдан таюы (1—5)

  • Исраил мен Яһуданың азғындық үшін айыпты болуы (6—11)

  • Өкінуге шақыру (12—25)

3  “Егер еркек әйелімен ажырасып, сол әйел басқаға тұрмысқа шыққан болса, бірінші күйеуінің оған қайта үйленгені жөн бе?”— дейді жұрт. Бұл ел әбден ластанып бітті емес пе+?! “Сен* талайлармен көңіл қосып, азғындық жасадың+,Енді маған қайтып келгенің жөн бе екен?!”— дейді Ехоба.   “Басыңды көтеріп, тақыр төбелерге қара. Сені қай жерде зорламады? Шөл даладағы көшпенді іспеттіЖол бойында оларды күтіп отырдың. Өзіңнің азғындығыңмен және зұлымдығыңмен+ Осы елді ластауыңды қоймадың.   Сондықтан нөсер құймай қойды+,Көктемгі жауын да жаумай қойды. Жезөкшелік жасайтын әйелдей бетің шімірікпейді,Ұялу дегенді мүлдем білмейсің+.   Ал енді болса маған: —Әкешім, сен жастайымнан досымсың ғой+!   Мәңгі ашулана бересің бе? Әрдайым наразы боласың ба?— дейсің. Осылай айтқаныңмен,Қолыңнан келген бар зұлымдықты доғармайсың+”.  Жосия+ патшаның тұсында Ехоба маған былай деді: “Сатқын Исраилдің не істегенін көрдің бе? Ол әр таудың төбесіне шығып алып, жайқалған әр ағаштың түбіне барып, жезөкшелік жасады+.  Ол осының бәрін жасағаннан кейін де, мен оны қайта-қайта шақырумен болдым+, бірақ ол оралмады. Яһуда болса өзінің опасыз әпкесіне қарап тұрды+.  Осыны көргенде, мен азғындығы үшін+ сатқын Исраилге талақ хатын беріп, қоя бердім+. Бірақ оның опасыз сіңлісі Яһуда еш қаймықпады. Ол да барып, жезөкшелікке салынды+.  Ол* жеңіл жүрісіне атүсті қарап, тастармен де, ағаштармен де азғындық жасап+, елді ластай берді. 10  Осының бәріне қарамастан, опасыз сіңлісі Яһуда маған оралғандай сыңай танытқанмен, шын көңілден қайтып келмеді,— дейді Ехоба”. 11  Сонда Ехоба маған былай деді: “Сатқын Исраил опасыз Яһудаға қарағанда әділірек болып шықты+. 12  Бар да, мына сөздерді солтүстікке+ жарияла: —Уа, сатқын Исраил, маған қайта орал,— дейді Ехоба+.— Саған қабақ шытып қарамаймын+, өйткені мен адалмын,— дейді Ехоба.— Мен мәңгі ашулана бермеймін. 13  Тек өз кінәңді мойындасаң болғаны, өйткені Ехоба Құдайыңа қарсы шықтың. Сен жайқалған әр ағаштың астында құшағыңды бөтендерге* жаюды доғармадың. Менің даусыма құлақ асар емессің,— дейді Ехоба. 14  Маған қайтып оралыңдар, сатқын ұлдар,— дейді Ехоба.— Мен шын қожайындарыңмын*. Әр қаладан біреуден, әр рудан екеуден алып, Сионға әкелемін+. 15  Мен сендерге көңіліме жаққан бағушыларды беремін+, олар сендерді біліммен және түсінікпен бағатын болады. 16  Сол күндері елде өсіп-өніп, көбейесіңдер,— дейді Ехоба+.— Бұдан былай олар “Ехобаның келісім сандығы!” демейтін болады. Сол сандық ойларына да келмейді, оны естеріне де алмайды, сағынбайды да, басқасын жасап алмайды да. 17  Сол уақытта олар Иерусалимді Ехобаның тағы деп атайды+. Күллі халық Ехобаның есімін дәріптеу үшін Иерусалимге жиналады+. Бұдан былай олар қыңырлық танытуын қойып, зұлым жүректерінің қалауымен жүрмейді. 18  Сол күндері Яһуданың үйі мен Исраилдің үйі бірге жүретін болады+. Олар солтүстіктегі елден бірге шығып, мен ата-бабаларыңа мұралыққа берген жерге келеді+. 19  Мен: —Сені ұлдарымның қатарына қосып, халықтар қызыққан өте көркем өлкені саған мұра етіп бергеніме сондай қуаныштымын+,— дедім. Сондай-ақ сен мені “Әкем!” деп шақырып, соңымнан еріп жүре бересің деп ойладым. 20  Бірақ күйеуін тастаған опасыз әйел іспетті, сен де, уа, Исраил үйі, маған опасыздық жасадың+,— дейді Ехоба”. 21  Исраилдің еңіреген, жалбарынған даусыТақыр төбелерден естіледі. Олар тура жолдарынан тайып,Ехоба Құдайларын ұмытып кетті+. 22  “Қайта оралыңдар, сатқын ұлдар! Мен сендерді сатқындықтан арылтып, сауықтырамын+”. “Міне, біз мұндамыз! Саған келіп тұрмыз. Өйткені, уа, Ехоба, сен біздің Құдайымызсың+. 23  Төбелер мен таулардағы айғай-шу шынымен жалған екен+. Исраилдің құтқарушысы Құдайымыз Ехоба екен+. 24  Ұятқа қалдыратын нәрсе* жас кезімізден беріАта-бабамыздың еңбегін+,Олардың отар-табындарын,Ұл-қыздарын жалмап келеді. 25  Ұяттан бас көтере алмаймыз,Масқараның астында қалдық,Өйткені біз Ехоба Құдайымызға қарсы күнә жасадық+,Жас шағымыздан күні бүгінге дейін өзіміз де, әкелеріміз де+,Ехоба Құдайымыздың даусына құлақ аспадық”.

Сілтемелер

Бұл жерде әйелге теңелген Иерусалимге не Сионға айтылып тұр.
Исраилге нұсқаса керек.
Немесе “бөтен тәңірлерге”.
Мүмкін: “күйеуіңмін”.
Немесе “құдай”.