Еремия 31:1—40
31 “Сол кезде мен Исраилдің барлық әулетінің Құдайы боламын, ал олар менің халқым болады”+,— дейді Ехоба.
2 Ехоба былай дейді:
“Исраил өзінің бейбіт тұрағына келе жатқанда,Семсердің жүзінен аман қалған халқым иен далада ықыласыма ие болды”.
3 Ехоба маған алыстан көрініп, былай деді:
“Саған деген сүйіспеншілігім мәңгілік,Сондықтан айнымас сүйіспеншілігіммен сені өзіме жақындаттым*+.
4 Мен сені қайта тұрғызамын, сен қайта тұрғызыласың+.
Уа, Исраил қызы, даңғыраңды қолыңа қайта алып,Шаттана билеп шығасың+.
5 Самарияның қыраттарында қайтадан жүзімдіктер отырғызасың+.
Жүзімшілер жүзім егіп, оның жемісін жейтін болады+.
6 Ефремнің таулы өңіріндегі күзетшілер:
—Тұрыңдар, Сионға шығайық, Ехоба Құдайымызға барайық,— деп жар салатын күн келеді+”.
7 Ехоба тағы былай дейді:
“Жақыпқа қарай қуана айғайлаңдар.
Шаттана дауыстаңдар, өйткені ол басқа халықтардың алды болды+.
Осыны жариялаңдар, мадақтаңдар,—Уа, Ехоба, өз халқыңды, Исраилдің тамтығын, сақтай көр+!— деңдер.
8 Мен оларды солтүстіктегі елден қайтарамын+,Жердің қиыр шеттерінен жинаймын+.
Араларында зағиптар да, ақсақтар да+,Жүктілер де, босанғалы жатқандар да бар.
Барлығы осында үлкен қауым болып оралады+.
9 Олар еңіреп жылап келеді+.
Әкеле жатқанымда, мейір-шапағатымды сұрап жалынады.
Мен оларды ағын суларға жетелеймін+,Тегіс жолмен сүріндірмей алып жүремін.
Себебі мен Исраилдің Әкесімін, Ефрем — менің тұңғышым+”.
10 Уа, халықтар, Ехобаның сөзін тыңдаңдар,Оны шалғайдағы аралдарға жариялаңдар+:
“Исраилді бытыратып жіберген Құдай оны қайта жинайды.
Отарын күзеткен бағушыдай күзетеді+.
11 Ехоба Жақыпты құн төлеп азат етеді+,Оны күші басым жауының қолынан құтқарып алады+.
12 Олар келіп, Сион төбесінде қуана айқай салады+.
Астықты, жаңа шарапты+, майды, отар-табынның төлдерін көріп+,Ехобаның ізгілігіне жүздері жайнайды.
Олар молынан суғарылатын бақтай болады+,Енді қайтып ешқашан әлсіремейді+”.
13 “Сол кезде бойжеткен қуана билейді,Жас жігіттер мен кәрілер де биге қосылады+.
Олардың қайғысын шаттыққа айналдырамын+.
Жұбатып, қасірет орнына қуаныш сыйлаймын+.
14 Діни қызметкерлерді мол аспен жарылқаймын,Ал халқым ізгілігіме тойынады+”,— дейді Ехоба.
15 “Ехоба былай дейді:
—Рамақ+ жерінде зар жылап, еңіреген дауыс естіледі.
Рахила балаларын жоқтап жылап жатыр+.
Оның еш жұбанғысы келмейді,Өйткені олар енді жоқ+”.
16 Ехоба былай дейді:
“Жылауды қой, көз жасыңды тый,Себебі бейнетіңнің зейнетін көресің,Олар жау елінен қайта оралады+,— дейді Ехоба.
17 Сенің болашаққа үмітің бар+,Балаларың өз мекеніне қайтады+,— дейді Ехоба”.
18 “Мен Ефремнің күрсініп, былай дегенін естідім:
—Сен мені түзеттің, мен түзелдім,Өйткені мойынтұрыққа үйретілмеген тайыншадай едім.
Мені қайтара көр, мен дереу кері қайтамын,Себебі сен менің Құдайым Ехобасың.
19 Құдайға кері қайтып, өкініш білдірдім+.
Бәрін түсінген соң, қайғырып санымды соқтым.
Жас шағымда істеген істерім үшінҰялып, еңсемді көтере алмадым+”.
20 “Ефрем менің қымбатты ұлым, сүйікті балам емес пе+?
Оған қарсы қанша сөйлесем де, бәрібір ұмытпаймын.
Міне, сондықтан ол дегенде іші-бауырым* елжірейді+.
Мен оны сөзсіз аяп-мүсіркеймін,— дейді Ехоба+.
21 —Өзіңе жол белгілерін қойып,Жол көрсететін тас бағаналар орнат+.
Жүруің керек даңғыл жолға назар аудар+.
Қайта орал, уа, Исраил қызы, өз қалаларыңа қайта орал.
22 Ей, опасыз қыз, қашанғы қаңғып жүрмексің?
Ехоба жер бетінде бір жаңа нәрсені,
Күйеуінің қасынан айналшықтап шықпайтын әйелді, жаратты”.
23 Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: “Тұтқынға кеткендерін қайтарғанымда, олар Яһуда мен оның қалаларында қайтадан: —Уа, әділдіктің мекені+, уа, киелі тау+! Ехоба сені жарылқасын!— деп айтатын болады.
24 Яһудада қала тұрғындары, диқаншылар мен қойшылар тыныш өмір кешеді+.
25 Мен шаршаған жанға қуат беріп, ашығып әлсірегенді тойындырамын+”.
26 Сонда ұйқымнан оянып, көзімді аштым. Ұйқым өте тәтті болды.
27 “Міне, мен Исраилдің және Яһуданың үй ішін көбейтетін, олардың малын да қыруар ететін күндер келе жатыр”+,— дейді Ехоба.
28 “Оларды тамырымен жұлып, құлатып, қиратып, жойып, зиян келтіру үшін қалай бақылаған болсам+, енді оларды қайта тұрғызып, егу үшін де тап солай бақылаймын+,— дейді Ехоба.—
29 Сол күндері олар “қышқыл жүзім жеген — әкелері, ал тістері қамалған — балалары” дегенді айтушы болмайды+.
30 Қайта, әрбір адам өз күнәсі үшін өледі. Қышқыл жегеннің өз тісі қамалады”.
31 Ехоба былай дейді: “Міне, мен Исраил үйі және Яһуда үйімен жаңа келісім жасасатын күндер келе жатыр+.
32 Бұл келісім олардың ата-бабаларымен Мысыр жерінен қолдарынан жетелеп алып шыққан күні жасасқан келісімім+ сияқты болмайды. Мен олардың шын қожайыны* болсам да, менің келісімімді бұзды+,— дейді Ехоба”.
33 “Сол күндерден кейін Исраил үйімен келісім жасасамын,— дейді Ехоба.— Заңымды олардың ішкі дүниелеріне саламын+ және жүректеріне жазып қоямын+. Мен олардың Құдайы, ал олар менің халқым болады+”.
34 “Бұдан былай ешкімге де әлдебіреуге не бауырына “Ехобаны танып-біл”+ деп үйретудің қажеті болмайды, өйткені үлкенді-кішілі барлығы да мені білетін болады+,— дейді Ехоба.— Мен олардың кінәсін кешіріп, күнәсін есіме алмаймын+”.
35 Күндіз жарық болсын деп күнді берген,Түнде жарық болсын деп ай мен жұлдыздарға заңдар орнатқан,Теңізді тербеп, толқындарын буырқандыратын,Есімі Әскербасы Ехоба деп аталатын+
Ехоба Құдай былай дейді:
36 “Бұл заңдылықтар бұзылса ғана,— дейді Ехоба,Исраилдің ұрпағы әрдайым көз алдымда тұратын халық болудан қалады”+.
37 Ехоба былай дейді: “Жоғарыдағы аспанды өлшеу және төмендегі жердің негізін зерттеп білу мүмкін еместігі сияқты, жасаған барлық ісіне бола менің Исраил ұрпағынан бас тартуым да мүмкін емес,— дейді Ехоба+”.
38 “Міне, Ехобаға арнап қала тұрғызылатын күндер келе жатыр+,— дейді Ехоба.— Ол Хананел+ мұнарасынан Бұрыш қақпасына+ дейін тұрғызылады.
39 Өлшейтін арқан+ Ғареп төбесіне дейін тартылып, Ғояхқа қарай бұрылады.
40 Өліктер мен күл* жатқан бүкіл аңғар, Қидрон аңғарына+ дейінгі танаптың бәрі, шығыстағы Жылқы қақпасының+ бұрышына дейінгі жердің бәрі, Ехоба үшін қасиетті болады+. Ол енді ешқашан құлатылмайды да, қиратылмайды да”.
Сілтемелер
^ Немесе “айнымас сүйіспеншілігімді көрсетіп келемін”.
^ Сөзбе-сөз “ішектерім”.
^ Мүмкін: “олардың күйеуі”.
^ Немесе “майлы күл”, яғни құрбандықтардың майы сіңген күл.