Еремия 33:1—26

  • Қайта қалпына келтіру туралы уәде (1—13)

  • “Әділ өскіннің” қоластындағы қауіпсіздік (14—16)

  • Дәуітпен және діни қызметкерлермен жасасқан келісім (17—26)

    • Күн мен түнге қатысты келісім (20)

33  Еремия Күзет ауласында+ тұтқында отырған кезде, Ехоба оған екінші рет сөзін арнап былай деді:  “Жерді Жаратушы Ехоба, оны қалыптастырып, берік орнатқан Ехоба — есімі оның Ехоба — мынаны айтады:  —Мені шақыр, мен саған жауап қатамын, өзің білмейтін ұлы әрі адам ақылынан асқан жайттарды айтамын+.  Мен, Исраилдің Құдайы Ехоба, қала сыртындағы жаудың жасаған үйінділері мен семсерінен қорғану үшін бұзылған осы қаладағы үйлер мен Яһуда патшасының сарайларына+ қатысты,  сондай-ақ халдейлермен соғысуға келген адамдарға қатысты және менің ашуым мен қаһарымнан қырылғандардың (олардың зұлымдығының кесірінен осы қаладан жүзімді жасырғанмын) мәйітіне толған үйлерге қатысты  мынаны айтамын: —Бұл қаланы қалпына келтіріп, айықтырамын+. Халқын сауықтырып, мол тыныштық пен қауіпсіздік* сыйлаймын+.  Тұтқынға кеткен Яһуда мен Исраилдің халқын қайтарамын+, оларды қайта тұрғызып, бұрынғы қалпына келтіремін+.  Оларды маған қарсы жасаған барлық күнәсінан тазартамын+, менің алдымда жасаған бар күнәсі мен қылмысын кешіремін+.  Бұл қаланың аты мені шаттыққа кенелтеді, оған істеген бар жақсылығымды естіген жер бетіндегі бүкіл халықтардың алдында мені мадақ пен сән-салтанатқа бөлейді+. Олар қалаға үйіп-төккен жақсылығым мен тыныштығымды естігенде+, қорқып дірілдейтін болады+. 10  Ехоба былай дейді: —Сендер адам да, мал да тұрмайтын қаңыраған ел дейтін осы жерде, тұрғыны да, малы да жоқ Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде қайтадан дауыстар естілетін болады. 11  Қуаныш пен шаттықтың+, күйеужігіт пен қалыңдықтың үні естіледі, сондай-ақ “Әскербасы Ехобаға ризашылық білдіріңдер, өйткені Ехоба ізгі+, оның айнымас сүйіспеншілігі мәңгі+!” дейтіндердің даусы шығады. Олар Ехобаның үйіне ризашылық тартуларын әкеледі+, өйткені осы елдің тұтқынға кеткен тұрғындарын қайтарып, бұрынғы қалпына келтіремін,— дейді Ехоба. 12  Әскербасы Ехоба мынаны айтады: —Адам да, мал да тұрмайтын қаңыраған осы елде және оның барлық қаласының маңында қайтадан қойшылар отарын жусататын жайылымдар болады+. 13  Таулы өңірдің қалаларында, еңістегі қалаларда, оңтүстіктегі қалаларда, Бениямин жерінде, Иерусалимнің айналасында+, Яһуданың қалаларында+ отардағы қойлар қайтадан санақшының қол астынан өтетін болады,— дейді Ехоба. 14  Ехоба мынаны айтады: —Міне, Исраилдің үйіне және Яһуданың үйіне қатысты берген ізгі уәдемді орындайтын күндер келе жатыр+. 15  Сол күндері, сол уақытта Дәуіттің әулетінен әділ өскін*+ шығарамын, ол осы жерге әділет пен әділдік орнатады+. 16  Сол күндері Яһуда құтқарылып+, Иерусалим қауіпсіз өмір кешеді+. Сонда қала “Әділдігіміздің қайнары — Ехоба” деп аталатын болады+. 17  Ехоба мынаны айтады: —Дәуіттің ұрпағынан әрқашан Исраил үйінің тағында отыратын адам болады+. 18  Сондай-ақ менің алдымда тұрып, түгел өртелетін құрбандықтар әкелетін, астық тартуларын өртейтін және басқа да құрбандықтарды ұсынатын леуі руынан діни қызметкер де әрдайым болады”. 19  Ехоба тағы да Еремияға сөзін арнап мынаны айтты: 20  “Ехоба былай дейді: —Менің күн мен түнге қатысты келісімімді бұзып, күн мен түннің өз уақытында алмасуын+ тоқтата алсаңдар, 21  сонда ғана қызметшім Дәуітпен жасасқан келісімім бұзылып+, оның тағына патша ретінде отыратын ұлы болмайды+. Сонда ғана маған қызмет ететін леуі руынан шыққан діни қызметкерлермен жасасқан келісімім бұзылады+. 22  Аспан денелері мен теңіз жағасындағы құм қиыршықтарының сансыз көп болғанындай, қызметшім Дәуіттің ұрпағын және маған қызмет етіп жүрген леуіліктерді сансыз көп етемін”. 23  Ехоба Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді: 24  “Мына халықтың “Ехоба таңдап алған екі әулеттен бас тартады” деп жүргенін естімедің бе? Олар менің халқымды менсінбейді, оны халық деп санауды қойған. 25  Ехоба былай дейді: —Күн мен түнге+ қатысты келісімім және аспан мен жерге орнатқан заңдарым хақ екеніндей+, 26  Жақып пен қызметшім Дәуіттің ұрпағынан ешқашан бас тартпайтыным да хақ. Сондықтан оның ұрпағынан шыққан билеушілер Ыбырайымның, Ысқақтың және Жақыптың үрім-бұтағының үстінен билік етеді. Мен олардың тұтқындалып кеткендерін қайта жинап+, оларды аяп-мүсіркеймін+”.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “шындық”.
Немесе “мұрагер”.