Еремия 35:1—19

  • Рехаб әулетінің мойынсұнушылық үлгісін көрсетуі (1—19)

35  Яһуданың патшасы Жосия ұлы Ехоякімнің+ күндерінде Ехоба Еремияға сөзін арнап:  “Рехаб+ әулетіне бар да, сөйлесіп, оларды Ехобаның үйіне ертіп кел. Сосын ас бөлмелердің біріне кіргізіп, шарап ұсын”,— деді.  Содан мен Хабатсинайдың немересі, Еремияның ұлы Язанияхты, оның бауырлары мен барлық ұлдарын, жалпы, Рехабтың бүкіл әулетін ертіп,  Ехобаның үйіне әкелдім. Оларды Құдайдың адамы Иғдалиях ұлы Хананның ұлдарының ас бөлмесіне кіргіздім. Бұл бөлме қақпа күзетшісі Шалум ұлы Мағасеяхтың ас бөлмесінен жоғары орналасқан басшылардың ас бөлмесінің жанында еді.  Сосын Рехаб әулетінің адамдарының алдына шарапқа толы тостағандар мен кеселер қойып: “Шарап ішіңіздер”,— дедім.  Бірақ олардың жауабы мынау болды: “Біз шарап ішпейміз, өйткені арғы атамыз Рехаб ұлы Ехонадаб+ өсиет етіп: —Өздерің де, балаларың да ауыздарыңа шарап алмаңдар.  Сондай-ақ үй соғып, егін егіп, жүзімдік отырғызушы не оны иеленуші болмаңдар. Қайта, әрқашан шатырларда тұрыңдар, сонда жатжерлік болып тұрып жатқан жерлеріңде ұзақ өмір кешесіңдер,— деген.  Сондықтан арғы атамыз Рехаб ұлы Ехонадабтың бұйырғандарын түгел орындап, өзіміз де, әйелдеріміз де, ұл-қыздарымыз да шарап ішкен емеспіз.  Сондай-ақ тұру үшін үйлер салмаймыз, жүзімдіктеріміз, танаптарымыз бен егетін дәніміз де жоқ. 10  Шатырларда тұрып, арғы атамыз Ехонадабтың бұйырғандарын түгел ұстанып келеміз. 11  Алайда елімізге Навуходоносор патша шабуыл жасады+, сондықтан біз халдейлер мен сириялықтардың әскерінен қашып, Иерусалимді паналауды шештік. Қазір, міне, осында тұрып жатырмыз”. 12  Ехоба Еремияға сөзін арнап былай деді: 13  “Яһуда адамдары мен Иерусалим тұрғындарына барып, Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба мынаны айтады де: —Мен сендерді сөзіме мойынсұнуға қайта-қайта шақырып келдім емес пе+?— дейді Ехоба.— 14  Рехаб ұлы Ехонадаб өз ұрпағына шарап ішпеуді бұйырған еді. Олар арғы аталарының өсиетіне мойынсұнып, осы күнге дейін шарап ішпей келеді+. Ал мен сендерге қайта-қайта* айтсам да, маған мойынсұнбайсыңдар+. 15  Мен қызметшілерім — пайғамбарларды қайта-қайта жіберіп+: —Өтінемін, әрқайсысың жаман жолдарыңнан қайтып+, дұрыс нәрсені істеңдер! Бөтен тәңірлерге табынып, құлшылық етпеңдер. Сонда өздеріңе және ата-бабаларыңа берген осы елде ұзақ тұрасыңдар+,— деп айтқыздым. Бірақ сендер тыңдамадыңдар, құлақ та аспадыңдар. 16  Рехаб ұлы Ехонадабтың ұрпақтары арғы аталарының өсиетін орындап келеді+, ал мына халық болса мені тыңдар емес. 17  Сондықтан Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба былай дейді: —Міне, Яһуда мен Иерусалим тұрғындарының басына алдын ала ескерткен апаттардың бәрін жіберемін+. Өйткені олар қанша айтсам да, тыңдамады, қанша шақырсам да, жауап қатпады+”. 18  Еремия Рехабтың әулетіне былай деді: “Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба мынаны айтады: —Арғы аталарың Ехонадабтың өсиетіне мойынсұнып, оның берген өсиеттерінің бәрін бұлжытпай орындап келе жатқандарың үшін, 19  Рехаб ұлы Ехонадабтың ұрпағы әрдайым менің алдымда қызмет ететін болады,— дейді Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба”.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “ерте тұрып”.