Еремия 37:1—21

  • Халдейлердің уақытша шегінуі (1—10)

  • Еремияның қамауға алынуы (11—16)

  • Седекияның Еремиямен кездесуі (17—21)

    • Еремияға нан беріп тұруды тапсыру (21)

37  Жосияның ұлы Седекия+ Ехоякімнің ұлы Қонияның*+ орнына билік ете бастады. Өйткені Бабыл патшасы Навуходоносор оны Яһуда еліне патша етіп қойды+.  Алайда ол да, оның қызметшілері де, елдегі жұрт та Ехобаның Еремия пайғамбар арқылы айтқан сөздерін тыңдамады.  Седекия патша Шелемиях ұлы Ехухал+ мен діни қызметкер Мағасеях ұлы Софонияны+ Еремия пайғамбарға жіберіп: “Біз үшін Ехоба Құдайымызға дұға етші”,— дегізді.  Еремия халықтың арасында еркін тұрып жатқан болатын, өйткені ол әлі түрмеге жабылмаған еді+.  Сол уақытта перғауынның әскері Мысырдан+ жорыққа аттанды. Бұл хабар Иерусалимді қоршауға алып тұрған халдейлерге жеткенде, олар Иерусалимді қалдырып кері кетті+.  Сонда Ехоба Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:  “Исраилдің Құдайы Ехоба мынаны айтады: —Менен кеңес сұрауға жіберген Яһуда патшасына: “Міне, саған көмекке келе жатқан перғауынның әскері өз еліне, Мысырға қайтуға мәжбүр болады+.  Халдейлер болса қайтып келіп, осы қалаға шабуылдап, оны басып алып, өртеп жібереді+”,— деңдер.  Ехоба былай дейді: —Өз-өздеріңді “халдейлер бізге енді қайтып келмейді” деген сөздермен алдамаңдар, өйткені олар міндетті түрде қайтып келеді. 10  Сендер өздеріңмен соғысып жатқан халдейлердің бүкіл әскерін тас-талқан етіп, шатырларында тек жараланғандары қалған күнде де, солар орындарынан тұрып, осы қаланы өртеп жібереді+”. 11  Перғауынның әскері келе жатқандықтан, халдей әскері Иерусалимді тастап кеткенде+, 12  Еремия өз жұртының арасынан тиісті үлесін алу үшін, Иерусалимнен Бениямин+ жеріне жол тартпақ болды. 13  Бірақ ол Бениямин қақпасына келгенде, Хананияхтың немересі, Шелемияхтың ұлы Ирия есімді күзетшілер басшысы оны ұстап алып: “Сен халдейлерге өтіп кетпексің!”— деді. 14  Еремия: “Бұл жалған! Халдейлерге өтейін деп жатқан жоқпын!”— деді. Бірақ Ирия оны тыңдамай, тұтқындап, әміршілердің алдына апарды. 15  Еремияға ызасы келген әміршілер+ оны ұрып-соғып, хатшы Ехонатанның үйіне қамап қойды+. Оның үйі түрме ретінде қолданылатын. 16  Еремияны жертөлеге, яғни зынданға тастады. Ол зынданда көп күн бойы жатты. 17  Седекия патша адам жіберіп, оны алдыртты да, өз сарайында жасырын түрде сұрақтар қойды+. Патша: “Ехобадан қандай да бір сөз бар ма?”— деп сұрады. “Иә, бар”,— деп жауап берді Еремия. Сосын: “Сіз Бабыл патшасының қолына түсесіз!”— деп қосты+. 18  Сондай-ақ Еремия Седекия патшаға: “Мені түрмеге қамайтындай сіздің, қызметшілеріңіздің және мына халықтың алдында қандай күнә жасадым? 19  “Сізге және осы елге Бабыл патшасы шабуыл жасамайды” деген пайғамбарларыңыз қайда+? 20  Патша ием, мені тыңдаңызшы! Маған рақым етіңіз! Хатшы Ехонатанның үйіне+ қайтара көрмеңіз, әйтпесе сол жерде өліп кетермін+”,— деді. 21  Седекия патша Еремияны Күзетші ауласына+ апарып, сол жерде тұтқында ұстауды бұйырды. Сондай-ақ қалада нан таусылғанша+, наубайшылар көшесінен күн сайын бір күлше наннан беріп тұруды тапсырды+. Еремия Күзетші ауласында қала берді.

Сілтемелер

Ехония деп те аталады.