Еремия 4:1—31
4 “Қайтып оралсаң ғой, уа, Исраил,— дейді Ехоба.
—Маған қайтып оралсаң ғой,Жиіркенішті пұттарыңды менің алдымнан құртсаң ғой,Сонда қашқын болмайсың+.
2 Егер сен шындықпен, әділетпен және әділдікпен“Бұл — Ехобаның тірі екеніндей хақ!” деп ант етсең,Халықтар оның батасына кенеліп,Оны мақтан тұтатын болады+”.
3 Ехоба Яһуда мен Иерусалимнің адамдарына мынаны айтады:
“Тұқымдарыңды тікен арасына еге бермей,Өңделмеген танапты жыртыңдар+.
4 Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындары,Сүндеттеу тәнді арам нәрседен тазартатыны сияқты,Ехобаның алдында жүректеріңді сүндеттеп,Арам нәрседен тазартыңдар+.
Әйтпесе зұлым істерің үшінҚаһарым оттай лаулап жанады,Ешкім оны сөндіре алмайды+”.
5 Мынаны Яһуда елінде хабарлап,Иерусалимде жариялаңдар,Бүкіл елде айғайлап, мүйіз керней тартыңдар+.
Қатты дауыстап, былай деңдер: “Жиналыңдар,Бекіністі қалаларға қашып, бассауғалайық+.
6 Сионға бағыттап белгі көтеріп қойыңдар.
Босқа тұрмай, пана іздеңдер”.
Өйткені мен солтүстіктен жойқын алапат әкеле жатырмын+.
7 Жау қалың бұтаның арасынан шыққан арыстандай шыға келді+.
Халықтарды қырып-жоюшы жолға шықты+.
Еліңді қорқынышты жерге айналдыру үшін, ол өз мекенінен аттанды.
Қалаларың үйіндіге айналып, бірде-бір тұрғыны қалмайды+.
8 Сондықтан азалы киім киіп+,Қайғырып*, зар еңіреңдер,Өйткені Ехобаның бізге лаулаған қаһары басылған жоқ.
9 “Сол күні,— дейді Ехоба,— патшаның жүрегі ұшады+,Әміршілердің де зәре-құты қалмайды.
Діни қызметкерлер шошып, пайғамбарлар үрейленеді+”.
10 Сонда мен: “О, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Мына халық пен Иерусалим тұрғындарының “сендерде тыныштық болады”+ деген сөздерге қатты алдануына жол бердің*+. Ал, шын мәнінде, тамағымызға семсер тақалып тұр ғой”,— дедім.
11 Сол уақытта мына халық пен Иерусалим тұрғындарына былай делінеді:
“Аңызақ жел шөлдің тақыр төбелерінен
Халқымның қызына* қарай қатты соғатын болады.
Бұл жел астықты ұшыру не тазалау үшін соқпайды.
12 Бұл күшті жел менің бұйрығыммен сол жақтан соғады.
Сонда мен оларға шығарған үкімдерімді жариялаймын.
13 Міне, келе жатыр жау қара бұлттай төніп,Соғыс арбалары дауылдай зымырап+.
Ал аттары олардың бүркіттен де жылдам+.
Сорладық, құрыған жеріміз осы!
14 Уа, Иерусалим, аман қалуың үшін жүрегіңді зұлымдықтан тазарт+.
Зұлым ойларды ішіңде қашанғы сақтамақсың?
15 Дан жақтан бір дауыс естіледі+,Ол Ефремнің тауларынан апат келетінін жариялайды.
16 Осыны халықтарға жеткізіп,Иерусалимге жарияла”.
“Алыстағы елден барлаушылар келе жатыр,Олар Яһуданың қалаларына қарай атой салады.
17 Олар танаптың қарауылдары іспетті Иерусалимді қоршап алады+,Өйткені ол маған қарсы көтерілді+,— дейді Ехоба.
18 —Жолдарың мен іс-әрекеттерің үшін жауап бересің+.
Басыңа түскен апат ащы болады,Өйткені бүліктерің басыңнан асады!”
19 Ой, жаным-ай*, жаным-ай!
Жүрегім қатты сыздайды.
Жүрегім дүрсіл қағады.
Мүйіз кернейдің үні құлағыма жетіп,Соғыс дабылын* естідім+,Сондықтан үнсіз қала алмаймын.
20 Үсті-үстіне апат туралы хабар келуде,Бүкіл ел қырғынға ұшырауда.
Жойылды аяқастынан өз шатырларым,Бір сәтте-ақ шатыр жабындарым+.
21 Қашанғы Сионға бағытталған белгіні көріп,Мүйіз кернейдің үнін естіп тұрмақпын+?
22 “Менің халқым түйсіксіз+,Олар мені еш елемейді.
Олар түсініктен жұрдай ақымақ ұлдар.
Жамандыққа келгенде шебер-ақ*,Ал жақсылыққа келгенде түк білмес”.
23 Жерге көз тастасам, қаңырап бос жатыр+.
Аспанға қарасам, жарығы сөнген екен+.
24 Тауларға қарасам, сілкініп жатыр,Төбелер болса дірілдеп тұр+.
25 Қарасам, бірде-бір адам баласы жоқ,Құс атаулы ұшып кеткен+.
26 Тағы бір көз тастасам, бақ шөлге айналыпты,Оның күллі қаласы жермен-жексен болыпты+.
Мұның бәрі Ехобадан,Оның лаулаған қаһарынан болды.
27 Өйткені Ехоба былай дейді:
“Бүкіл ел қаңырап қалады+,Бірақ оны түгелдей қырып-жоймаймын!
28 Сондықтан да жер қайғырып жылайды+,Аспанды қараңғы түнек басады+.
Өйткені мен айттым, осылай шештім,Ойымды өзгертпеймін, алған бетімнен қайтпаймын+.
29 Атты әскер мен садақшылардың даусынанБүкіл қала тұра қашты+.
Біреулер қалың бұталар арасына жасырынса,Өзгелері тау-тасқа өрмеледі+.
Қалалардың барлығы бос қалды,Онда тұрып жатқан бір пенде жоқ”.
30 Міне, жау сені күйретіп жатыр, енді не істемексің?
Сен ал қызыл киім киіп,Алтын әшекей тағушы ең,Сүрмемен көзіңді үлкейтіп бояушы ең.
Өзіңді әрлеп-сәндегенің бекер болды+,Өйткені сені құмартқандар тастап кетті.
Енді тіпті жаныңды алмақшы+.
31 Құлағыма бір дауыс келеді, қиналған әйелдің даусындай,Алғаш босанып, азаптанған әйелдің айқайындай.
Деміккен Сион қызының үнін естимін.
Ол қолын жайып, былай дейді+:
“Қасіретке қалдым-ау, кісі өлтірушілер жанымды азапқа салды ғой!”
Сілтемелер
^ Немесе “көкіректеріңді ұрғылап”.
^ Сөзбе-сөз “қатты алдадың”.
^ Бұл — бейнелі сөз, ол аяушылықты, жанашырлықты білдірсе керек.
^ Сөзбе-сөз “ішектерім-ай”.
^ Мүмкін: “атой салған дауыстар”.
^ Немесе “ақылды; зерек”.