Еремия 40:1—16
40 Бас қорғаушы Набузардан+ Еремияны Рамақта+ босатып жіберген соң, Ехоба оған сөзін арнады. Набузардан қолы кісендеулі Еремияны Иерусалим мен Яһудадан Бабылға жер аударылып бара жатқандардың арасынан шығарып алған еді.
2 Ол Еремияны былайырақ апарып, мынаны айтты: “Сенің Құдайың Ехоба бұл елде осындай апат болатынын алдын ала айтқан еді.
3 Енді Ехоба өзінің айтқанын орындап отыр, өйткені халық Ехобаға қарсы күнә жасады әрі оның айтқанына мойынсұнбады. Міне, сондықтан да осының бәрі бастарыңа түсіп отыр+.
4 Қазір қолыңдағы кісенді шешіп, сені босатамын. Егер менімен бірге Бабылға барғың келсе, жүр, сені өз қамқорлығыма аламын. Ал егер барғың келмесе, бармай-ақ қой. Міне, бүкіл ел алдыңда жатыр. Қалаған жағыңа бара бер+”.
5 Еремия кері қайтар-қайтпасын шешпей тұрғанда, Набузардан оған: “Бабыл патшасы Яһуданың қалаларына басшы етіп тағайындаған Шафанның+ немересі, Ахиқамның+ ұлы Ғодалияхқа+ барып, сонымен бірге халықтың арасында тұр, я болмаса өзің қалаған жаққа бар”,— деді.
Сөйтіп, бас қорғаушы оған азық-түлік пен сыйлық беріп, қоя берді.
6 Еремия Миспадағы+ Ахиқам ұлы Ғодалияхқа барып, елде қалған халықтың арасында тұрды.
7 Ашық далада жүрген әскер басшылары мен олардың адамдары Бабылдың патшасы Ахиқам ұлы Ғодалияхты елге басшы етіп тағайындағанын, Бабылға жер аударылмаған кедей-кепшіктердің — еркектер мен әйелдердің, бала-шағаның — үстінен қойғанын естіді+.
8 Сөйтіп, олар, атап айтқанда: Нетаниях ұлы Ысмағұл+, Қареяхтың ұлдары Жоханан+ мен Жонатан, Танхумет ұлы Сераях, нетопалық Ефайдың ұлдары, мағақаттық кісінің ұлы Езаниях+ және соларға ерген адамдар — Миспадағы Ғодалияхқа келді+.
9 Шафанның немересі, Ахиқамның ұлы Ғодалиях оларға және қасындағы адамдарына ант беріп, былай деді: “Халдейлерге қызмет етуден қорықпаңдар. Осы елде тұрып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер, сонда жағдайларың жақсы болады+.
10 Ал мен Миспада қалып, осында келген халдейлердің алдында мүдделеріңді қорғаймын. Сендер шарап пен май жасап, жазғы жемістерді жинап, қоймаларыңа сақтаңдар. Иемденген қалаларыңа қоныстаныңдар+”.
11 Моаб, Аммон, Едом және басқа елдердегі яһудилер де Бабылдың патшасы Яһуда жерінде азғана жұрт қалдырғанын, сондай-ақ оларға басшы етіп Шафанның немересі, Ахиқамның ұлы Ғодалияхты тағайындағанын естіді.
12 Содан жер-жерге бытырап кеткен яһудилер өз еліне, Миспадағы Ғодалияхқа келе бастады. Олар да шарап жасады және жазғы жемістерді өте мол етіп жинап алды.
13 Қареях ұлы Жоханан мен ашық далада жүрген барлық әскер басшылары Миспадағы Ғодалияхтың алдына келіп,
14 оған: “Аммон+ патшасы Бағалыс Нетанияхтың ұлы Ысмағұлды сізді өлтіру үшін жібергенін білмейсіз бе+?”— деді. Бірақ Ахиқам ұлы Ғодалиях оларға сенбеді.
15 Миспада Қареях ұлы Жоханан Ғодалияхпен жасырын сөйлесіп: “Мен қазір барып, Нетаниях ұлы Ысмағұлды өлтірейін. Мұны ешкім білмейтін болады. Оған сізді өлтіруге жол беріп қайтеміз? Сіз өлсеңіз, айналаңызға жиналған яһудилер бытырап, Яһуданың тамтығы құрып кетеді ғой”,— деді.
16 Алайда Ахиқам ұлы Ғодалиях+ Қареяхтың ұлы Жохананға: “Олай етпе, Ысмағұл туралы айтып тұрғаның өтірік!”— деп қарсылық білдірді.