Еремия 41:1—18

  • Ысмағұлдың Ғодалияхты мерт қылуы (1—10)

  • Жохананның Ысмағұлдың соңына түсуі (11—18)

41  Сол жылдың жетінші айында Елишаманың немересі, Нетанияхтың ұлы Ысмағұл+ қасындағы он адамымен Миспадағы Ахиқам ұлы Ғодалияхқа келді. Ысмағұл патша әулетінен шыққан әрі лауазымды кісілердің бірі еді. Олар Миспада+ бірге ас ішіп отырғанда,  Нетаниях ұлы Ысмағұл және қасындағы он адам орындарынан тұрып, Шафанның немересі, Ахиқамның ұлы Ғодалияхты семсермен шауып өлтірді. Осылай ол Бабыл патшасы елге басшы етіп тағайындап кеткен адамды мерт қылды.  Сондай-ақ Миспада Ғодалияхтың қасында болған яһудилердің бәрін және сондағы халдей сарбаздарын өлтірді.  Ғодалиях өлтірілгеннен кейінгі екінші күні, бұл туралы әлі ешкім білмей тұрғанда,  Сихемнен+, Шилодан+ және Самариядан+ сақалдары қырылған, киімдерінің өңірі жыртылған, денелері тілгіленген+ 80 адам қолдарына астық тартуы мен хош иісті заттар алып+, Ехобаның үйіне келе жатты.  Нетаниях ұлы Ысмағұл Миспадан солардың алдынан жылап-еңіреп шықты. Қастарына жеткенде, ол: “Ахиқам ұлы Ғодалияхқа жүріңдер”,— деді.  Алайда қалаға кіргенде, Нетаниях ұлы Ысмағұл мен қасындағы адамдар әлгілерді өлтіріп, мәйіттерін құдыққа* тастады.  Бірақ арасындағы он адам Ысмағұлға: “Бізді өлтірмеңізші, далада жасырып қойған бидай, арпа, май мен бал қорымыз бар”,— деді. Сонда ол бұларға тиіспей, тек бауырларын өлтірді.  Ысмағұл мәйіттерді тастаған құдық өте үлкен еді, оны Аса патша Исраилдің патшасы Бағасадан қорғану үшін жасаған болатын+. Осы құдықты Нетаниях ұлы Ысмағұл өлгендердің мәйітіне толтырып тастады. 10  Сосын Ысмағұл Миспада+ қалған жұрттың бәрін, патшаның қыздарымен қоса, тұтқынға алды. Бұларды бас қорғаушы Набузардан Ахиқам ұлы Ғодалияхтың+ қарамағына беріп кеткен еді. Нетаниях ұлы Ысмағұл тұтқындарды алып, аммондықтарға+ өтпек болып, жолға шықты. 11  Қареях ұлы Жоханан+ мен қасындағы әскер басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұлдың жасаған бар зұлымдығы жайлы естіді. 12  Сонда олар адамдарының бәрін жинап, Нетаниях ұлы Ысмағұлмен шайқасуға аттанды. Оны Гибеондағы үлкен судың* бойынан тапты. 13  Ысмағұл тұтқынға алған адамдардың бәрі Қареях ұлы Жоханан мен қасындағы әскер басшыларын көргенде, қуанып кетті. 14  Сөйтіп, Ысмағұл Миспадан+ алып кеткен жұрт кері бұрылып, Қареях ұлы Жохананмен бірге қайтты. 15  Ал Нетаниях ұлы Ысмағұл мен қасындағы сегіз адам Жохананнан қашып құтылып, аммондықтарға өтіп кетті. 16  Осылайша Қареях ұлы Жоханан мен қасындағы әскер басшылары Нетанияхтың ұлы Ысмағұл Ахиқамның ұлы Ғодалияхты өлтіріп+, Миспадан тұтқынға әкеткен жұртты құтқарып қалды. Олар ер адамдарды, сарбаздарды, әйелдерді, бала-шаға мен сарай қызметкерлерін Гибеоннан алып кетті. 17  Мысырға қарай бет алған+ бұл көш біраз жүріп, Бетлехемнің+ жанындағы Кимхамның тұрақжайына тоқтады. 18  Олар халдейлерден қорқып қашып бара жатқан еді. Өйткені Нетаниях ұлы Ысмағұл Бабыл патшасы елге басшы етіп тағайындаған Ахиқам ұлы Ғодалияхты өлтірген болатын+.

Сілтемелер

Немесе “жер астындағы су қоймасы”.
Мүмкін: “үлкен тоғанның”.