Еремия 43:1—13

  • Халықтың тыңдамай, Мысырға кетуі (1—7)

  • Ехобаның Мысырда Еремияға сөзін арнауы (8—13)

43  Еремия күллі халыққа Ехоба Құдайларының айтқан бар сөзін жеткізді. Ол Ехоба Құдайлары халыққа айт деп жіберген осы сөздерді бірін қалдырмай айтып болғанда,  Хошаях ұлы Азариях, Қареях ұлы Жоханан+ және басқа да менмен адамдар Еремияға былай деді: “Айтып тұрғаныңыз өтірік! Сізді Ехоба Құдайымыз: —Қоныс тебу үшін Мысырға бармаңдар,— деп айтуға жіберген жоқ.  Сізді Нериях ұлы Барух+ бізге қарсы арандатуда. Ол бізді халдейлердің қолына беріп, өлтіртпекші не Бабылға жер аудартпақшы+”.  Қареях ұлы Жоханан, бүкіл әскер басшылары мен барша жұрт Ехобаның Яһуда жерінде қала беріңдер деген сөзіне мойынсұнбады.  Қареях ұлы Жоханан мен бүкіл әскер басшылары бытырап кеткен халықтардың арасынан Яһуда елінде тұру үшін қайтып келген яһудилердің тамтығын өздерімен ертіп алды+.  Олар еркектерді, әйелдерді, бала-шаға мен патшаның қыздарын және Шафанның+ немересі, Ахиқамның+ ұлы Ғодалияхтың+ қарамағына бас қорғаушы Набузардан+ қалдырып кеткен әрбір жанды, сондай-ақ Еремия пайғамбар мен Нериях ұлы Барухты да өздерімен әкетті.  Осылай олар Ехобаның айтқанына мойынсұнбай, Мысыр еліне барып, Тахпанхеске+ тоқтады.  Ехоба Тахпанхесте Еремияға сөзін арнап былай деді:  “Қолыңа үлкен тастар алып, оларды Тахпанхестегі перғауын сарайының кіреберісіне төселген кірпіштердің арасындағы қоспаға яһудилердің көзінше тығып қой. 10  Сосын оларға Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба мынаны айтады де: —Міне, мен қызметшім+ Бабыл патшасы Навуходоносорды алдыртамын. Оның тағын дәл осында өзім тыққан тастардың үстіне қоямын. Ол осы тастардың үстіне патша шатырын орнатады+. 11  Ол Мысырға келіп, оған соққы береді+. Сонда қатерлі індеттен өлетіндер індеттен өледі, тұтқынға кететіндер тұтқынға кетеді, семсерден қырылатындар семсерден қырылады+. 12  Мен Мысыр құдайларының үйлеріне от қоямын+. Бабыл патшасы үйлерін өртеп, оларды тұтқынға алып кетеді. Шопан үстіне жамылғысын орап алғандай, ол Мысыр елін үстіне орап алады. Сөйтіп, сол елден аман-есен қайтып кетеді. 13  Ол Мысыр еліндегі Бет-Шамиш* бағаналарын күл-талқан етіп, Мысыр құдайларының үйлерін өртеп жібереді”.

Сілтемелер

Немесе “Күннің үйі (ғибадатханасы)”, яғни Хелиополис.