Еремия 52:1—34

  • Седекияның Бабылға қарсы бас көтеруі (1—3)

  • Навуходоносордың Иерусалимді қоршауға алуы (4—11)

  • Қала мен ғибадатхананың жойылуы (12—23)

  • Халықтың Бабылға жер аударылуы (24—30)

  • Ехонияның қамаудан шығарылуы (31—34)

52  Седекия+ патша тағына отырғанда жиырма бір жаста болатын. Ол Иерусалимде он бір жыл билік құрды. Анасының аты Хамутал+ еді, ол либналық Еремияның қызы болатын.  Ехоякім Ехобаның көз алдында қандай зұлым істер жасаған болса+, Седекия да соның бәрін жасады.  Яһуда мен Иерусалимде орын алған осындай істер үшін Ехоба қаһарланып, оларды өзінен аластатты+. Седекия Бабыл патшасына қарсы бас көтерді+.  Седекияның билік құруының тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Навуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге келді. Олар қаланың айналасына қос тігіп, оны қоршауға алу үшін айналдыра дуал тұрғызды+.  Қала Седекия патшаның билігінің он бірінші жылына дейін қоршауда болды.  Төртінші айдың тоғызыншы күні+ қалада аштық үдеп тұрды. Елде жейтін азық-түлік қалмаған еді+.  Ақыр соңында қала қабырғасы бұзылды. Халдейлер қаланы қоршап тұрғанда, ондағы сарбаздар түгел қаша жөнелді: олар түн жамылып патша бағының қасындағы екі қабырғаның арасында орналасқан қақпа арқылы қаладан шығып, Араба жолына түсті+.  Алайда халдей әскері патшаның соңына түсіп, оны Иерихонның шөл даласында қуып жетті. Сонда бүкіл жасағы Седекияны+ тастай сала, жан-жаққа қашып кетті.  Халдейлер патшаны ұстап алып, Хамат жеріндегі Риблаға, Бабыл патшасы Навуходоносордың алдына апарды. Патша оған сол жерде үкім шығарды. 10  Бабыл патшасы Седекияның көзінше оның ұлдарын және Яһуданың бүкіл әміршілерін Риблада шауып өлтірді. 11  Сосын Бабыл патшасы Седекияның екі көзін ойып+, оған мыс кісен салып, Бабылға әкетті. Сөйтіп, оны өлгенге дейін қамауда ұстады. 12  Бесінші айдың оныншы күні, яғни Бабыл патшасы Навуходоносордың билігінің он тоғызыншы жылы, бас қорғаушы әрі Бабыл патшасының қызметшісі Набузардан Иерусалимге кірді+. 13  Ол Ехобаның үйіне+, патша сарайына және қаладағы үйлердің бәріне от қойды. Сондай-ақ үлкен үйлердің бәрін өртеп жіберді. 14  Бас қорғаушымен келген күллі халдей әскері Иерусалимді қоршаған қабырғаларды қиратты+. 15  Бас қорғаушы Набузардан кедейлердің кейбірін, қалада қалған жұртты, сондай-ақ Бабыл патшасының жағына шыққандарды және қалған шеберлерді жер аударып әкетті+. 16  Алайда бас қорғаушы Набузардан тақыр кедейлердің кейбірін жүзімдіктерде және басқа да жұмыстарды істеу үшін елде қалдырып кетті+. 17  Халдейлер Ехобаның үйіндегі мыс бағаналарды+, Ехобаның үйіндегі кебеже арбаларды+ және мыс Теңізді+ бөлшектеп сындырып, мыстың бәрін Бабылға алып кетті+. 18  Сондай-ақ олар ғибадатханадағы қызмет кезінде қолданатын күл шығаратын шелектер, күректер, шам сөндіргіштер, керсендер+, тостағандар+ мен басқа да мыс бұйымдарды әкетті. 19  Бас қорғаушы саф алтын мен таза күмістен жасалған керсендерді+, шоқсалғыштарды, табақтарды, күлсалғыштарды, шамдалдарды+, тостағандар мен басқа табақтарды да алды+. 20  Сүлеймен патша Ехобаның үйіне арнап жасатқан екі бағанадағы, Теңіз бен оның астында тұрған 12 бұқа мүсініндегі+ және кебеже арбалардағы бар мыстың салмағын өлшеу мүмкін емес еді. 21  Әр бағананың биіктігі 18 шынтақ*, ал ені жіппен айналдыра өлшегенде 12 шынтақ болатын+. Іші қуыс осы бағаналардың қалыңдығы төрт елі* еді. 22  Бағананың төбесіне мыстан жасап қойылған тәждің биіктігі 5 шынтақ болатын+. Тәжді безендірген тор мен айналдыра орнатылған анар жемістері түгел мыстан жасалған еді. Екінші бағана мен ондағы анарлар да дәл осындай еді. 23  Бағананың беткі жағында 96 анар, ал барлығы торды айналдыра 100 анар орнатылған болатын+. 24  Бұларға қоса, бас қорғаушы өзімен бірге жоғарғы діни қызметкер Сераяхты+, одан кейінгі діни қызметкер Софонияны+ және үш қақпа күзетшісін алып кетті+. 25  Ол қаладан сарбаздардың үстінен қойылған бір сарай қызметкерін, патшаның жеті уәзірін, қолбасшының әскер жинайтын хатшысын әкетті, сондай-ақ қарапайым 60 адамды ала кетті. Бұлар да қаладан табылған болатын. 26  Бас қорғаушы Набузардан олардың бәрін Рибладағы Бабыл патшасына апарды. 27  Патша оларды Хамат жеріндегі Риблада өлімге кесіп, мерт қылды+. Осылай Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті+. 28  Навуходоносор өзі билік құруының жетінші жылы 3023 яһудиді жер аударып әкетті+. 29  Ал оның билік құруының он сегізінші жылы+ Иерусалимнен 832 жан әкетілді. 30  Навуходоносор билігінің жиырма үшінші жылы бас қорғаушы Набузардан яһудилерден 745 жанды айдап әкетті+. Жер аударылғандардың барлығы — 4600 жан. 31  Яһуда патшасы Ехония+ жер аударылғаннан кейін отыз жетінші жылдың он екінші айының жиырма бесінші күні Бабыл патшасы Ебіл-Меродах Яһуда патшасы Ехонияға бостандық беріп, қамаудан шығарды. Ебіл-Меродах сол жылы таққа отырған болатын+. 32  Патша онымен жылы сөйлесіп, оның тағын Бабылда өз қасында болған басқа патшалардікінен де жоғары қойды. 33  Ехония қамауда киген киімдерін тастап, өмірінің соңына дейін патша дастарқанынан тамақтанып жүрді. 34  Осылай Бабыл патшасы Ехонияға күн сайын, ғұмыр бойы, көз жұмғанға дейін қажетті азық-ауқатын беріп отырды.

Сілтемелер

1 шынтақ 44,5 см-ге тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
1 елі 1,85 см-ге тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.