Еремия 6:1—30

  • Иерусалимнің қоршауға алынуы жақын (1—9)

  • Ехобаның Иерусалимге төгетін қаһары (10—21)

    • “Тыныштық!” дейді, бірақ тыныштық жоқ (14)

  • Солтүстіктен келетін қатыгез жау (22—26)

  • Еремияның кен тазартушы сияқты қызметі (27—30)

6  Пана іздеңдер, уа, Бениямин ұрпағы,Иерусалимнен қашыңдар! Текояда+ мүйіз керней тартыңдар+. Бет-Кәремнің үстінен от жағып белгі беріңдер! Өйткені солтүстіктен апат, жойқын алапат төніп тұр+.   Сион қызы сұлу нәзік әйелге ұқсайды+.   Отарларын айдап бағушылар келіп,Оның айналасына шатырларын тігеді+. Әрқайсысы өз отарын сол жерге жаяды+.   “Онымен соғысуға өздеріңді дайындаңдар*! Тұрыңдар, тал түсте оған шабуыл жасайық!” “Қасіретке қалдық, күн батуға айналды,Кеш түсіп, көлеңкелер ұзарып барады!”   “Тұрыңдар, түн ішінде шабуыл жасап,Оның бекініс мұнараларын қиратайық+”.   Әскербасы Ехоба былай дейді: “Ағаштарды шауып, Иерусалимді қоршауға алатын үйінді жасаңдар+. Бұл қала жауапқа тартылуға тиіс,Оның іші қанаушылыққа толы+.   Су қоймасы салқын судың көзі болғанындай,Бұл қала да зұлымдықтың көзіне айналды. Онда зорлық-зомбылық пен қирағанның шуы естіледі+,Ауру-сырқау мен індет әрдайым көз алдымда.   Ескертуге құлақ ас, уа, Иерусалим, әйтпесе сенен жиіркеніп, бас тартамын+. Сені қаңыратып, ешкім тұрмайтын жерге айналдырамын+”.   Әскербасы Ехоба былай дейді: “Олар жүзімдіктен масақ тергендей, Исраилдің қалдығын да түгел теріп алады. Бұтада қалған жүзімді жинау үшін, қолыңды қайта соз”. 10  “Кімге айтып, кімді ескертейін?Кім маған құлақ асады? Міне, олардың құлақтары жабық*,Ден қойып тыңдай алмайды+. Олар Ехобаның сөзін мазақ етеді+. Оны жандары жаратпайды. 11  Сондықтан бойымды Ехобаның қаһары кернейді,Оны тежеп тұра алар емеспін+”. “Оны көшедегі балаларға төк+,Жиналған жас жігіттерге төк. Олардың бәрі — күйеуі мен әйелі де,Егде кісі мен үлкен қария да тұтқынға алынады+. 12  Ал үйлері, танаптары мен әйелдері басқаларға қалады+. Өйткені бұл елдің тұрғындарын қолымды созып жазалаймын”,— дейді Ехоба. 13  “Үлкенінен кішісіне дейін — бәрі арам пайда көздейді+. Пайғамбарынан діни қызметкерлеріне дейін — түгел арамзалық жасайды+. 14  Олар халқымның жарақатын жеңіл-желпі емдемек болып: —Тыныштық! Бейбітшілік!— дейді,Бірақ ешқандай тыныштық жоқ+. 15  Олар жеркенішті істеріне ұяла ма? Жоқ, еш ұялмайды! Тіпті ұялудың не екенін білмейді+! Сондықтан олар құлағандармен бірге құлайды. Жазаға тартқанымда, олар сүрінеді”,— дейді Ехоба. 16  Ехоба былай дейді: “Жол тораптарында тұрып, қараңдар. Ежелгі жолдар жайлы сұрастырыңдар,Ізгі жолды сұрап біліп, сонымен жүріңдер+. Сонда жандарың жай табады”. Бірақ олар: “Онымен жүрмейміз”,— дейді+. 17  “Мен күзетшілер тағайындадым+, олар: —Мүйіз кернейдің даусына құлақ салыңдар!— деп жар салды+”. Бірақ олар: “Құлақ салмаймыз”,— деді+. 18  “Сондықтан, уа, халықтар, тыңдаңдар! Уа, жамағат, біліп алыңдарОлармен не болатынын. 19  Тыңдаңдар, уа, жер бетіндегі халықтар! Ойластырған қулық-сұмдықтарының сазайы ретіндеМына халықтың басына апат төндіремін+. Олар сөздеріме ден қоймады,Менің заңдарымнан бас тартты”. 20  “Шебадан хош иісті ладан,Алыс елден хош иісті қамыс әкелгендеріңді қайтейін? Түгел өртелетін құрбандықтарыңды қабыл алмаймын,Әкелген құрбандықтарыңа разы болмаймын+”. 21  Сондықтан Ехоба былай дейді: “Мен мына халықтың жолына сүрінетін тастар қоямын,Сол кедергілерге әкелері мен ұлдары,Көрші-қолаң мен дос-жарандары сүрініп,Бәрі де мерт болады+”. 22  Ехоба былай дейді: “Міне, солтүстіктегі елден бір халық келе жатыр,Жердің қиыр шеттерінен бір ұлы халық көтеріледі+. 23  Олар қолдарына садақ пен сүңгі ұстап алады,Олар қатыгез әрі аяушылықты білмейді. Дауыстары долы теңіздей гүрілдейді,Олар атқа мініп келеді+. О, Сион қызы, олар саған қарсы әскери саппен аттанады”. 24  Құлағымызға олар жайлы хабар жетті. Сонда қолымыздан әл кетті+,Қатты шошып, құтымыз қашты,Толғатқан әйелдей қиналдық+. 25  Ашық далаға шықпаңдар,Жол бойында жүрмеңдер,Өйткені жау семсермен жүр,Айнала жайлаған қорқыныш. 26  Уа, халқымның қызы,Азалы киім киіп+, күлге ауна. Жалғыз ұлын жоқтаған адамдай зар иле+,Себебі кенеттен бізге қырып-жоюшы келеді+. 27  “Мен сені* кен тазартушы іспетті етіп қойдым,Халқымды менің жақсылап сынап, тазарт. Олардың жолына көңіл бұрып, тексер. 28  Барлығы шектен шыққан қыңыр+,Жүрген жерінде жала жапқыш+. Олар мыс пен темірге ұқсайды,Шетінен бәрі бұзылған. 29  Көріктер күйіп кетті. Оттан тек қорғасын шығады,Кен тазартушы босқа әуре болуда+,Жаман қоспалары бөлініп шығып жатқан жоқ+. 30  Жұрт оларды жарамсыз күміс дейтін болады,Өйткені Ехоба жарамсыз деп олардан бас тартқан+”.

Сілтемелер

Немесе “қасиетті етіңдер”. Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.
Сөзбе-сөз “сүндеттелмеген”.
Яғни Еремия.