Ешуа 11:1—23
11 Хасор патшасы Ябин бұл жайында естігенде, мыналарға хабар жіберді: Мадон патшасы+ Жобабқа, Шимрон және Ақшаф патшаларына+,
2 солтүстіктегі таулы өңір патшаларына, Кинереттің* оңтүстігіндегі жазықтар* мен Шефеладағы патшаларға, батыстағы Дордың+ тау жоталарындағы патшаларға,
3 шығыс пен батыстағы қанахандықтарға+, таулы өңірдегі аморлықтар+, хеттіктер, перездіктер мен ебустіктерге және Миспадағы Хермонның+ бөктеріндегі хевтіктерге+.
4 Сөйтіп, осылардың бәрі теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай көп әскерімен, көптеген аттары және соғыс арбаларымен шықты.
5 Осы патшалар келісімдері бойынша жолға шығып, Исраилмен соғысу үшін Мером бұлақтарының маңына қос тікті.
6 Сонда Ехоба Ешуаға: “Олардан еш қорықпа+! Ертең осы уақыт шамасында мен оларды түгелдей Исраилдің қолына беремін де, бәрі өлім құшады. Сен олардың аттарының тілерсектерінің сіңірлерін кесіп+, ал арбаларын өртеп жіберуің керек”,— деді.
7 Ешуа бүкіл сарбаздарымен Мером бұлақтарына келіп, оларға тұтқиылдан лап қойды.
8 Ехоба оларды Исраилдің қолына берді+. Исраилдіктер жауларын жеңіп, Үлкен Сидонға+, Мисрефот-Маимге+ және шығыстағы Миспа жазығына дейін қуа отырып, бірде-біреуі қалмайынша қырды+.
9 Сосын Ешуа Ехобаның сөзіне сай, жау аттарының тілерсектерінің сіңірлерін кесіп, арбаларын өртеп жіберді+.
10 Бұған қоса, Ешуа Хасорға қайтып, оны жаулап алды да, патшасын семсермен өлтірді+. Хасор сол патшалықтардың ең бастысы болған еді.
11 Исраилдіктер Хасорда тірі жан қалдырмай, бәрін семсермен өлтіріп, жойып жіберді+. Кеудесінде жаны бар ешкімді қалдырмады+, ал қаланы өртеп жіберді.
12 Ешуа сол патшалықтардың бәрін жаулап алып, патшаларын семсермен өлтірді+. Ехобаның қызметшісі Мұса бұйырғандай, оларды жойып жіберді+.
13 Бірақ исраилдіктер Ешуа өртеген Хасор қаласынан басқа қыраттардағы қалалардың ешқайсысын өртеген жоқ.
14 Халық сол қалалардан түскен бүкіл олжа мен малды өздеріне қалдырды+. Тек тұрғындарын түгелдей семсермен қырып тастады+. Кеудесінде жаны бар ешкімді тірі қалдырмады+.
15 Мұса Ехобаның өзіне бұйырғандарын Ешуаға бұйырды+, ал Ешуа бәрін жүзеге асырды. Ол Ехобаның Мұсаға бұйырған сөздерін бірін қалдырмай орындады+.
16 Ешуа сол жердің бәрін, яғни таулы өңірді, Негев+ пен Гөшен жерін түгелдей, сондай-ақ Шефела+ мен Арабаны+, Исраилдің таулы өңірі мен төменгі қыраттарын басып алды.
17 Ол Сейірге қарай көтерілетін Халақ тауынан Хермон тауының+ етегіндегі Ливан аңғарында орналасқан Бағал-Ғадқа дейін жаулап алды+. Олардың барлық патшаларын да қолға түсіріп, шауып өлтірді.
18 Ешуа сол патшалармен ұзақ уақыт соғыс жүргізді.
19 Исраилдіктермен Гибеонда тұратын хевтіктерден басқа ешкім бітім жасаспады+. Қалған қалалардың бәрін олар күшпен алды+.
20 Себебі Ехоба сол халықтардың жүректерінің қасарысуына жол берген еді+. Ехоба мұны олар Исраилге қарсы соғысқа шықсын деп істеді. Осылайша Мұсаға айтқанындай, оларға ықыласын түсірмей жойып жібермек еді+.
21 Бұған қоса, Ешуа таулы өңірде, Хеброн, Дебир, Анабта, сондай-ақ Яһуда мен Исраилдің таулы өңірлерінде тұратын енактарды+ қалаларымен қоса жойып жіберді+.
22 Исраилдіктердің жерінде бірде-бір енак қалмады. Олар Газа+, Ғат+ пен Азотта+ ғана қалды+.
23 Осылай Ехоба Мұсаға уәде еткендей, Ешуа сол жерді толығымен иеленіп+, Исраил руларына мұралы иелік ретінде бөліп берді+. Бұдан кейін сол жер соғыстан тыным тапты+.