Ешуа 22:1—34

  • Шығыс жақтағы рулардың өз иеліктеріне оралуы (1—8)

  • Иорданның бойында құрбандық ошағын жасау (9—12)

  • Құрбандық ошағының мақсатын түсіндіру (13—29)

  • Даудың шешілуі (30—34)

22  Осыдан кейін Ешуа рубендіктер, ғадтықтар мен манаса руының жартысын шақырып алып,  былай деді: “Сендер Ехобаның қызметшісі Мұсаның бұйрықтарын екі етпедіңдер+, менің де айтқандарыма мойынсұнып, бұйырғанымның бәрін орындадыңдар+.  Бүгінге дейін, осыншама уақыт бойы, бауырларыңды тастамай+, Құдайларың Ехобаның жүктеген міндетін орындап келдіңдер+.  Міне, енді Ехоба Құдайларың уәдесіне сай бауырларыңа тыныштық сыйлады+. Сол себептен өз шатырларыңа, Ехобаның қызметшісі Мұса Иорданның арғы бетінде* өздеріңе иелік етуге берген жерге қайтыңдар+.  Тек Ехобаның қызметшісі Мұса ұстануды тапсырған бұйрықтар мен Заңды мұқият орындап+, Құдайларың Ехобаны сүйіңдер+, оның барлық жолдарымен жүріңдер+, өсиеттерін орындаңдар+, одан айырылмаңдар+, әрі бар жүректеріңмен және бүкіл жан-тәндеріңмен+ оған қызмет етіңдер+”.  Осылай Ешуа оларға батасын беріп, жөндеріне жіберді. Содан олар шатырларына тарасты.  Манаса руының жартысына Мұса Башаннан мұралы иелік берген еді+, ал екінші жартысына Ешуа Иорданның батысындағы бауырларының арасынан жер берді+. Ешуа оларды жөнелтіп жатып, былай деп батасын берді:  “Шатырларыңа зор байлықпен, үйір-үйір, отар-отар малмен, күміс, алтын, мыс, темір және көп киім-кешекпен оралыңдар+. Жаудан түскен олжадан үлестеріңді алып, бауырларыңмен бөлісіңдер+”.  Сосын рубен мен ғад руы және манаса руының жартысы өзге исраилдіктермен қоштасып, Қанахандағы Шилодан Ғалақатқа+, Ехобаның Мұса арқылы берген нұсқауына сай иелік еткен жерлеріне қайтты+. 10  Олар Қанахан жеріндегі Иордан өңіріне келгенде, Иорданның жағасында еңселі етіп құрбандық ошағын жасады. 11  Біраз уақыттан кейін қалған исраилдіктерге “рубен мен ғад руы және манаса руының жартысы Қанахан жерінің шегарасында, исраилдіктер иемденген Иорданның батыс өңірінде, құрбандық ошағын жасапты” деген хабар жетті+. 12  Мұны естігенде, исраилдіктердің бүкіл қауымы олармен соғысу үшін Шилода+ бас қосты. 13  Сөйтіп, олар Ғалақат жеріндегі рубен мен ғад руына және манаса руының жартысына діни қызметкер Елазардың ұлы Пінехесті+, 14  сондай-ақ он әулетбасын, яғни Исраилдің әр руынан бір-бір әулетбасын жіберді. Олардың әрқайсысы мыңдаған исраилдіктердің арасындағы әулетбасы еді+. 15  Олар Ғалақат жеріндегі рубен мен ғад руына және манаса руының жартысына келіп, мынаны айтты: 16  “Ехобаның бүкіл қауымы былай деп жатыр: —Қалай ғана Исраилдің Құдайына қарсы опасыздық жасадыңдар+? Неге Ехобаға мойынсұнбай, құрбандық ошағын жасап, Ехобаға қарсы шықтыңдар+? 17  Пеғорда күнәға батқанымыз аз болды ма? Сол үшін Ехобаның қауымы пәлеге ұшыраса да+, күнәмізден әлі тазарған жоқпыз ғой. 18  Сендер болсаңдар Ехобаға мойынсұнбай, жолынан таймақсыңдар. Бүгін Ехобаға қарсы бүлік шығарсаңдар, ертең ол бүкіл Исраил қауымына қаһарын төгеді+. 19  Иеліктеріңдегі жерді арам деп есептесеңдер, Ехобаның киелі шатыры тұрған+ Ехобаның иелігіндегі жерге+, біздің арамызға келіп тұрыңдар. Бірақ өздеріңе Құдайымыз Ехобанікінен басқа құрбандық ошағын жасап, Ехобаға қарсы бүлік шығармаңдар, бізді де бүлікші етпеңдер+. 20  Зарах ұлы Ахан+ жойылуға тиіс заттардан алып опасыздық жасағанда, күллі Исраил қауымы қаһарға ұшыраған жоқ па еді+? Күнәсінің кесірінен оның өзі ғана емес, басқалар да опат болды+”. 21  Исраил руларының мыңбасыларына рубен мен ғад руы және манаса руының жартысы былай деп жауап берді+: 22  “Құдайлардың Құдайы* Ехоба, құдайлардың Құдайы Ехоба+ бәрін біледі, Исраил де білетін болады! Ехобаға қарсы бүлік шығарып опасыздық жасасақ, бүгін бізді аман қалдырмасын! 23  Ехобаға мойынсұнбай, жолынан тайып, түгел өртелетін, астық және татулық құрбандығын ұсыну үшін өзімізге құрбандық ошағын жасаған болсақ, Ехоба бізді жазаласын+. 24  Бірақ біз бұны өз ұлдарымыздың келешегін ойлап істедік. Сендердің ұлдарың оларға: —Исраилдің Құдайы Ехобада нелерің бар? 25  Рубендіктер мен ғадтықтар, біздің арамызға Ехоба Иорданды шегара етіп қойған. Ехобада сендердің еш үлестерің жоқ,— десе қайтеміз? Сендердің ұлдарыңа бола біздің ұлдарымыз Ехобадан қорқудан қалады ғой. 26  Сондықтан біз былай дедік: —Өзімізге құрбандық ошағын жасайық. Бірақ оны түгел өртелетін не басқа құрбандық шалу үшін емес, 27  біз бен сендерге және келешек ұрпақтарымызға куә болсын деп жасайық+. Осылайша ол біздің де Ехобаға түгел өртелетін, татулық және басқа да құрбандықтар ұсынып+, оған қызмет ететінімізге куә болмақ. Сонда сендердің ұрпақтарың келешекте: —Ехобада сендердің еш үлестерің жоқ,— демейтін болады. 28  Сөйтіп, біз былай дедік: —Олар болашақта бізге және кейінгі ұрпақтарымызға осылай десе: —Қараңдар, Ехобаның құрбандық ошағына ұқсайтын мынау құрбандық ошағын әкелеріміз жасаған. Олар бұны түгел өртелетін не басқа құрбандықтар шалу үшін емес, біз бен сендерге куә болсын деп жасады,— деп жауап береміз. 29  Құдайымыз Ехобаның шатырының алдында тұрған құрбандық ошағынан басқа құрбандық ошағын жасап, онда түгел өртелетін, астық және басқа да құрбандықтар ұсынып+, Ехобаға қарсы әдейі бүлік шығару не Ехобаға мойынсұнбау ойымызда да болған жоқ+!” 30  Рубен, ғад және манаса руының айтқан сөздерін діни қызметкер Пінехес, қауым басшылары мен Исраил руларының мыңбасылары естігенде, бұл оларға ұнады+. 31  Сонда Рубен, Ғад және Манаса ұрпақтарына діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес: “Ехобаның арамызда екеніне бүгін көзіміз жетті. Өйткені Ехобаға опасыздық жасаған жоқсыңдар. Сендер бүгін исраилдіктерді Ехобаның жазасынан аман алып қалдыңдар”,— деді. 32  Діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес пен басшылар Ғалақат жеріндегі рубендіктер мен ғадтықтардан Қанахан жерінде қалған исраилдіктерге келіп, болған жайтты айтып берді. 33  Исраилдіктерге естігендері ұнап, олар Құдайды мадақтады, әрі рубен және ғад руымен соғысып, жерін қаңыратып бос қалдыру жөнінде бұдан былай сөз қозғамайтын болды. 34  Ал рубендіктер мен ғадтықтар болса құрбандық ошағына ат қойды*, себебі олар: “Бұл — бәріміз үшін Ехобаның шынайы Құдай екенінің куәсі”,— деді.

Сілтемелер

Яғни Иорданның шығысындағы.
Яғни басқа құдайлардан жоғары тұрған Құдай.
Берілген түсіндірмеге қарағанда, құрбандық орнына “Куә” деген ат қойылса керек.