Ешуа 24:1—33

  • Ешуаның Исраил тарихына шолу жасауы (1—13)

  • Ехобаға қызмет ете беруге шақыру (14—24)

    • “Мен болсам үй ішіммен Ехобаға қызмет етемін” (15)

  • Ешуаның Исраилмен келісім жасасуы (25—28)

  • Ешуаның қайтыс болуы (29—31)

  • Жүсіптің сүйегі Сихемде жерленді (32)

  • Елазардың дүние салуы (33)

24  Ешуа Исраил руларының бәрін Сихемге жинап, елдің ақсақалдарын, басшыларын, билері мен басқарушыларын шақыртты+. Барлығы шынайы Құдайдың алдына келді.  Сонда Ешуа жиналған жұртқа былай деді: “Исраилдің Құдайы Ехоба мынаны айтады: —Байырғы заманда ата-бабаларың+, олардың арасында Ыбырайым мен Нахордың әкесі Тарах та бар, Евфраттың арғы бетінде өмір сүріп+, басқа құдайларға табынған еді+.  Уақыт өте келе мен бабаларың Ыбырайымды+ Евфраттың арғы бетінен алып келіп, бүкіл Қанахан жерін аралаттым. Мен оған Ысқақты беріп+, ұрпақтарын көбейттім+.  Ал Ысқаққа Жақып пен Есауды бердім+. Кейінірек Есауға Сейір тауын иелікке бердім+. Жақып пен оның ұлдары болса Мысырға көшті+.  Сосын Мұса мен Харонды көмекке жібердім де+, Мысырды пәлеге ұшыратып+, сендерді сол жерден алып шықтым.  Мысырдан шығып келе жатқан әкелерің+ Қызыл теңізге жеткенде, мысырлықтар соғыс арбаларымен, атты әскерімен арттарынан қуып келді+.  Сонда әкелерің мені, Ехобаны, көмекке шақырды+. Мен мысырлықтар мен олардың арасына бір қара бұлтты жібердім, сосын мысырлықтарды теңіз суының астында қалдырдым+. Оларға не істегенімді сендер өз көздеріңмен көрдіңдер+. Бұдан кейін көп жылдар бойы шөл далада өмір сүрдіңдер+.  Мен сендерді Иорданның арғы бетінде* тұрып жатқан аморлықтардың жеріне әкелгенімде, олар сендермен соғыса бастады+. Бірақ жерлерін иемденулерің үшін мен оларды аяқтарыңа жығып беріп, құртып жібердім+.  Сосын Исраилмен соғысуға Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ шықты. Ол сендерге қарғыс айтқызуға Беғор ұлы Балағамды шақыртты+. 10  Бірақ мен Балағамды тыңдағым келмей+, керісінше, сендерге қайта-қайта бата бергіздім+. Осылай сендерді оның қолынан аман алып қалдым+. 11  Бұдан кейін сендер Иорданнан өтіп+, Иерихонға келдіңдер+. Сонда Иерихонның басшылары* және аморлықтар, перездіктер, қанахандықтар, хеттіктер, гергестіктер, хевтіктер мен ебустіктер сендермен соғысты. Бірақ мен оларды аяқтарыңа жығып бердім+. 12  Сендер келмей тұрып, олардың жігерін жасыттым*. Ақырында аморлық екі патшаны сол жерден қуып шыққанымдай, оларды да қуып шықтым+. Бұл сендердің семсерлеріңмен не садақтарыңмен жасалған жоқ+. 13  Осылайша мен сендерге өздерің тер төгіп иемденбеген жер мен өздерің салмаған қалаларды бердім+, сендер сонда қоныс тептіңдер. Өздерің жемісін жеп жүрген жүзімдіктер мен зәйтүн бақтарын да сендер еккен жоқсыңдар+”. 14  Сосын Ешуа мынаны айтты: “Сондықтан Ехобадан қорқып, оған мінсіз әрі адал* қызмет етіңдер+. Евфраттың арғы бетінде және Мысырда ата-бабаларың табынған құдайлардан арылып+, Ехобаға қызмет етіңдер. 15  Ал егер Ехобаға қызмет еткілерің келмесе, кімге қызмет ететіндеріңді бүгін шешіп алыңдар+. Евфраттың арғы бетінде ата-бабаларың табынған құдайларға құлшылық етесіңдер ме+, әлде өздерің жерінде тұрып жатқан аморлықтардың құдайларына ма+ — соны шешіп алыңдар. Ал мен болсам үй ішіммен Ехобаға қызмет етемін”. 16  Сонда халық былай деп жауап берді: “Біз Ехобадан безіп, басқа құдайларға қызмет етуден аулақпыз! 17  Өйткені Құдайымыз Ехоба құлдықта жүрген бізді әкелерімізбен бірге Мысырдан алып шықты+. Сондай-ақ көз алдымызда зор кереметтер жасап+, бізді жол бойы әрі өзге халықтардың жерлерінен өткен кездерімізде қорғады ғой+. 18  Ехоба аморлықтарды қоса алғанда, осы жерде тұрған барлық халықтарды қуып жіберді. Сондықтан біз де Ехобаға қызмет етеміз, өйткені ол — біздің Құдайымыз”. 19  Сонда Ешуа былай деді: “Сендер Ехобаға қызмет ете алмайсыңдар, себебі ол — қасиетті Құдай+. Ол қалтқысыз берілгендікті талап етеді+, бүліктерің мен күнәларыңды кешірмейді+. 20  Ехобадан безіп, бөгде құдайларға қызмет етіп кетсеңдер, ол да сендерден теріс айналады. Бұрын жақсылық жасап келсе де, сендерді жазалап, жойып жібереді+”. 21  Халық бұған: “Жоқ, біз Ехобаға қызмет етеміз!”— деді+. 22  Ешуа оларға: “Ехобаға қызмет етуді өздерің шешкендеріңе куәсіңдер”+,— дегенде, халық: “Иә, куәміз”,— деп растады. 23  Сонда Ешуа: “Бөгде құдайлардан арылып, жүректеріңді Исраил Құдайы Ехобаға бұрыңдар”,— дегенде, 24  олар: “Құдайымыз Ехобаға қызмет етеміз, оның айтқанына мойынсұнамыз!”— деді. 25  Сол күні Ешуа халықпен келісім жасасып, Сихемде оларға ереже берді, қаулы да шығарды. 26  Сосын бұл сөздерді Құдай Заңы жазылған кітапқа түсірді+. Бұдан кейін бір дәу тас алып+, оны Ехобаның киелі жеріндегі үлкен ағаштың астына қойды. 27  Ешуа әрі қарай былай деді: “Міне, мына тас біз үшін куә болмақ+, өйткені ол Ехобаның бізге айтқан сөздерінің бәрін естіді. Егер Құдайларыңнан бас тартсаңдар, бұған мына тас куә болады”. 28  Бұдан кейін Ешуа халықты таратып жіберді де, әрқайсысы өз мұралы иелігіне кетті+. 29  Ехобаның қызметшісі Нұн ұлы Ешуа 110 жасқа келіп қайтыс болды+. 30  Оның сүйегі Гағаш тауының солтүстігіндегі Ефрем жерінің таулы өңірінде орналасқан Тимнат-Серахқа+, өзінің мұралы иелігіне қойылды. 31  Исраил халқы Ешуаның, сондай-ақ одан ұзағырақ жасаған әрі Ехобаның Исраилдің игілігі үшін жасаған барлық істерін көрген ақсақалдардың көзі тірісінде Ехобаға қызмет етіп жүрді+. 32  Исраилдіктер Мысырдан алып шыққан Жүсіптің сүйегін+ Сихемге, кезінде Жақып Сихемнің әкесі Хамордың ұлдарынан 100 күміс ақшаға сатып алған танаптағы жер+ теліміне қойды+. Кейін бұл жер Жүсіп ұлдарына мұралы иелікке тиді+. 33  Уақыт өте Харонның ұлы Елазар дүние салып+, сүйегі оның ұлына берілген Ефремнің таулы өңіріндегі Пінехес+ төбесіне қойылды.

Сілтемелер

Яғни шығысында.
Мүмкін: “жер иелері”.
Мүмкін: “абыржыттым; жан ұшыра қорқыттым”.
Немесе “шындықта”.