Ешуа 7:1—26
7 Исраилдіктер жойылуы тиіс заттарға қатысты бұйрыққа мойынсұнбай опасыздық жасады: яһуда руынан шыққан Зарахтың әулетіне жататын Забди ұлы Қармидің баласы Ахан*+ жойылуы тиіс заттардан өзіне алды+. Сол үшін Ехоба исраилдіктерге қаһарланды+.
2 Ешуа Бетелдің+ шығысындағы Бет-Әбенге жақын орналасқан Гай қаласына+ Иерихоннан тыңшылар жіберіп: “Барып, сол жерді барлап келіңдер”,— деп тапсырды. Тыңшылар солай етті.
3 Қайтып келген соң, олар Ешуаға: “Гайды жаулап алуға халықтың бәрі бармай-ақ қойсын, екі-үш мыңдайы ғана жетеді. Бүкіл халықты әурелеудің қажеті жоқ, себебі онда көп адам тұрмайды екен”,— деді.
4 Сөйтіп, 3000-ға жуық адам қалаға қарай өрледі. Бірақ кері шегініп, Гай тұрғындарынан қаша жөнелді+.
5 Олар исраилдіктерді қала қақпасынан Шеберге* дейін ылдилай қуып, 36 адамды мерт қылды. Сол себепті халық зәрелері қалмай қорқып, жігерлері құм болды.
6 Сонда Ешуа киімінің өңірін айырып тастады да, Ехобаның келісім сандығының алдында кешке дейін етпетінен түсіп жатты. Исраил ақсақалдары да сөйтті. Олар бастарына топырақ шашумен болды.
7 Ешуа былай деді: “Неткен қасірет! Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба, мына халықты Иорданнан не үшін өткіздің, аморлықтардың қолынан қаза тапсын дедің бе? Иорданның арғы бетінде қалып, сонда өмір сүре бергенімізде ғой!
8 Кешіре көр, Ехоба, Исраил халқы кері шегініп, жауынан қашып келіп отырса, не дейін?!
9 Енді қанахандықтар мен сол жердің күллі тұрғындары бұны естіп, бізді қоршап алып, жер бетінен атымызды өшіреді ғой, сонда сенің ұлы есіміңмен не болмақ+?”
10 Ехоба оған былай жауап берді: “Түрегел! Неге етпеттеп жатырсың?
11 Халық мен ұстануға бұйырған келісімді+ бұзып, күнә жасады. Олар жойылуы тиіс заттардан алды+, ұрлық жасады+. Ешкімге айтпай, оларды өз заттарының арасына жасырып қойды+.
12 Сондықтан енді исраилдіктер жауларына қарсы тұра алмайды. Оларға арқасын беріп қашады, өйткені өздері жойылуы тиіс нәрсеге айналды. Араларыңнан жойылуы тиіс нәрсені құртпасаңдар, бұдан былай мен сендерге жар болмаймын+.
13 Орныңнан тұр! Халық дайын болу үшін+ оларға былай де: —Ертеңге дайын болыңдар*, себебі Исраилдің Құдайы Ехоба мынаны айтады: “Исраил халқы, араларыңда жойылуы тиіс нәрсе бар. Соны құртпайынша, жауларыңа қарсы тұра алмайсыңдар.
14 Таңертең ру-руларыңмен жиналыңдар. Ехоба көрсеткен+ ру әулет-әулетімен, Ехоба көрсеткен әулет отбасыларымен, Ехоба көрсеткен отбасы бір-бір адамнан өтсін.
15 Жойылуы тиіс затты кім алғаны анықталғанда, оның өзін де, бүкіл мал-мүлкін де өртеп жіберіңдер+. Өйткені ол Ехобаның келісімін бұзып+, Исраил арасында масқара қылық жасады”.
16 Келесі күні Ешуа ерте тұрып, исраилдіктерге ру-руымен өтуді бұйырды, сонда яһуда руы көрсетілді.
17 Яһуда руы өткенде, Зарах+ әулеті, Зарах әулеті бір-бірлеп өткенде, Забди отбасы көрсетілді.
18 Ал оның отбасы бір-бірлеп өткенде, яһуда руынан шыққан Зарахтың әулетіне жататын Забди ұлы Қармидің баласы Ахан көрсетілді+.
19 Сонда Ешуа Аханға: “Балам, Исраилдің Құдайы Ехобаға құрмет көрсетіп, қылығыңды оның алдында мойындашы. Айтшы, не істедің? Менен ештеңе жасырма”,— деді.
20 Ахан былай деп жауап берді: “Исраил Құдайы Ехобаға қарсы күнә жасағаным рас. Мен былай істедім:
21 олжа арасынан Шинардың+ қымбат киімін, 200 шекел* күміс пен 50 шекел алтынды көргенде, қызығып кетіп, алдым. Бәрін шатырымның ортасына жерге көміп қойдым, ақша да киімнің астында тығулы жатыр”.
22 Сонда Ешуа адамдарын жіберді, олар Аханның шатырына қарай жүгіре жөнелді. Ұрланған киім соның шатырында болып шықты, ақша да киімнің астында тығулы жатыр екен.
23 Олар заттарды алып, Ешуа мен күллі исраилдіктерге келді де, бәрін Ехобаның алдына қойды.
24 Ешуа мен бүкіл халық Зарахтың ұрпағы Аханды+, сондай-ақ күмісті, қымбат киім мен алтынды+, оның ұл-қыздарын, бұқалары мен есектерін, ұсақ малын, шатырын және барлық дүние-мүлкін Ахор аңғарына+ апарды.
25 Ешуа оған: “Бізді неге пәлеге ұшыраттың+? Ехоба сені де бүгін пәлеге ұшыратады”,— деді. Содан бүкіл халық оларды таспен атқылап өлтіріп+, сосын өртеп жіберді+. Осылай бәрін таспен атқылап өлтірді.
26 Жұрт Аханның мәйітінің үстіне бір төбе етіп тас үйіп тастады. Бұл тастар әлі күнге дейін бар. Осыдан кейін ғана Ехобаның қаһары басылды+. Сол жер бүгінгі күнге дейін Ахор* аңғары деп аталады.
Сілтемелер
^ Ш2ж 2:7-де “Ахар”. Мағынасы “пәлеге ұшыратушы”.
^ Мағынасы “орлар”.
^ Немесе “киелі болыңдар”.
^ 1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Мағынасы “пәле”.