Жақып 5:1—20

  • Байларға айтылған ескерту (1—6)

  • Құдай шыдаммен күтетіндерді жарылқайды (7—11)

  • “Иә” дегендерің “иә” болсын (12)

  • Сеніммен айтылған дұғаның күші (13—18)

  • Күнәкарға теріс жолдан қайтуға көмектесу (19, 20)

5  Байлар, енді сендер тыңдаңдар: бастарыңа қасірет түскелі тұр+, сондықтан зар еңіреп жылаңдар.  Сендердің байлықтарың шіріп, киімдерің күйеге жем болды+.  Алтын мен күмістеріңді тот басты. Солардың тоты өздеріңе қарсы айғақ болып, тәндеріңді жалмап жоқ қылады. Соңғы күндерге арнап жинап-тергендерің от іспетті болады+.  Міне, танаптарыңда егін жинағандардың төленбеген еңбекақысы үн қатып айқайлауда, орақшылардың көмек сұраған дауысы Әскербасы Ехобаның құлағына жетті+.  Сендер жер бетінде шалқып, тән құмарлықтарына беріліп өмір сүрдіңдер. Ішіп-жеп, сойылатын күнге арнап бордақыланған мал іспетті семіріп алдыңдар+.  Сендер айыптадыңдар, әділ адамды өлімге кестіңдер. Қалайша ол сендерге қарсы шықпасын?  Бауырластар, Иеміздің осында болатын кезі келгенше+, шыдамды болыңдар. Қараңдаршы, диқан жерден құнды өнім күтіп, күзгі және көктемгі жаңбыр+ түскенше, шыдамдылық танытады.  Сендер де шыдамды болыңдар+. Жүректеріңді мызғымастай етіңдер, өйткені Иеміздің осында болатын кезі таяп қалды+.  Бауырластар, сотталмауларың үшін бір-біріңе налымаңдар+. Міне, Соттаушы есік алдында тұр. 10  Бауырластар, азап шегіп, шыдамды+ болуға қатысты Ехобаның атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар+. 11  Біз қиындықтарға төзгендерді бақытты деп айтамыз+. Сендер Әйүптің төзімділігі+ жайлы естігенсіңдер, соңында Ехобаның оған қалай батасын бергенін де білесіңдер+. Бұдан Ехобаның өте жанашыр әрі мейірімді екенін көрдіңдер+. 12  Ал бәрінен бұрын, бауырластарым, аспанмен, жермен не тағы басқа нәрсемен ант етуді доғарыңдар! Құдай сендерді соттамау үшін, “иә” дегендерің “иә”, “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын+. 13  Араларыңдағы біреу азап шегіп жүр ме? Онда ұдайы дұға етсін+. Көңілі көтеріңкі ме? Онда мадақтау жырларын айтсын+. 14  Араларыңдағы біреу ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын+. Олар Ехобаның атынан оған май жағып, дұға етсін+. 15  Сеніммен айтылған дұға науқасты* сауықтырып, Ехоба оны аяққа тұрғызады. Егер күнә* жасаған болса, онысы кешіріледі. 16  Сондықтан сауығуларың үшін, бір-біріңе күнәларыңды ашық мойындап+, бір-бірің үшін дұға етіңдер. Әділ адамның жалбарына айтқан дұғасының әсері орасан зор+. 17  Ілияс пайғамбар біздікіндей сезімі бар адам болған. Әйтсе де ол жаңбыр жаумасын деп шын жүректен дұға еткенде, сол жерге үш жарым жыл бойы жаңбыр жауған жоқ+. 18  Ол қайтадан дұға еткенде, аспаннан жаңбыр жауып, жер өнім берген еді+. 19  Бауырластарым, араларыңдағы біреуің шындық жолынан адасып, басқа біреуің оны кері қайтарсаңдар, 20  онда күнәкарды теріс жолдан қайтарған адам+ оның жанын өлімнен сақтап, көптеген күнәларын жабатынын біліңдер+.

Сілтемелер

Мүмкін: “қажыған адамды”.
Немесе “күнәлар”.