Жохан 14:1—31
14 Сосын ол былай деді: “Абыржымаңдар+. Құдайға сеніңдер+, маған да сеніңдер.
2 Әкемнің үйінде орын көп. Егер солай болмаса, мұны айтпас едім. Мен сендерге орын дайындауға бара жатырмын+.
3 Барып, орын дайындаған соң, қайтып келіп, өзім болатын жерде болуларың үшін, сендерді үйге алып кетемін+.
4 Мен баратын жаққа жолды білесіңдер”.
5 Сонда Тома+: “Ием, қайда бара жатқаныңды білмесек, жолды қалай білеміз?”— деді.
6 Иса оған: “Жол+, шындық+ және өмір+ — менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды+.
7 Егер мені білсеңдер, Әкемді де білер едіңдер. Енді оны білесіңдер, әрі көрдіңдер+”,— деді.
8 Сол кезде Філіп: “Ием, Әкені көрсетші, бізге сол да жеткілікті”,— деді.
9 Иса мынаны айтты: “Філіп, мен осынша уақыт сендермен біргемін, сонда да мені білмедің бе? Мені көрген адамның Әкені де көргені+. “Әкені көрсетші” дегенің қалай?
10 Менің Әкеммен, Әкемнің менімен бірлікте екеніне сенбейсің бе+? Сендерге өз ойымды айтып жүрген жоқпын+. Менімен бірліктегі Әкем өз істерін мен арқылы атқаруда.
11 Менің Әкеммен, Әкемнің менімен бірлікте екеніне сеніңдер. Ал сөзіме сенбесеңдер, жасаған істеріме қарап сеніңдер+.
12 Сендерге нағыз шындықты айтамын, маған сенген адам мен жасаған істерді де жасайды, тіпті одан да зор істер жасайды+, өйткені мен Әкеме бара жатырмын+.
13 Менің атымнан Әкеден не сұрасаңдар да, орындаймын. Сонда Ұлы арқылы Әкесі даңқталады+.
14 Менің атымнан не сұрасаңдар да, орындаймын.
15 Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындайсыңдар+.
16 Мен Әкемнен өтінемін, сонда ол сендерге өздеріңмен мәңгі бірге болатын басқа көмекшіні* береді+.
17 Ол — шындықты ашатын киелі рух+. Осы дүние оған ие бола алмайды, өйткені оны көрмейді де, білмейді де+. Ал сендер оны білесіңдер, себебі ол сендермен бірге әрі бойларыңнан орын алған.
18 Мен сендерді жетімсіретпей, қайта ораламын+.
19 Енді аз уақыттан кейін осы дүние мені көрмейді, бірақ сендер көресіңдер+, өйткені мен өмір сүре беретіндіктен, сендер де өмір сүресіңдер.
20 Сол күні мен Әкеммен, сендер менімен, ал мен сендермен бірлікте екенімді білесіңдер+.
21 Кім менің өсиеттерімді қабылдап, орындаса, соның мені сүйгені. Ал мені сүйгенді Әкем сүйеді. Оны мен де сүйіп, өзімді оған танытамын”.
22 Сонда Яһуда+ (Исқариот емес) одан: “Ием, неге өзіңізді осы дүниеге емес, бізге танытпақсыз?”— деп сұрады.
23 Иса былай деп жауап қайырды: “Кім мені сүйсе, менің сөзімді орындайды+ және Әкем оны сүйеді. Біз оған келеміз, сөйтіп, онымен бірге тұрамыз+.
24 Ал мені сүймейтін адам сөздерімді орындамайды. Сендер естіп тұрған сөздер — менікі емес, мені жіберген Әкемдікі+.
25 Мен бұларды әлі қастарыңда жүрген кезде айтып тұрмын.
26 Ал Әкем менің атымнан жіберетін көмекші, киелі рух, сендерге бәрін үйретеді және айтқандарымның бәрін естеріңе түсіреді+.
27 Мен өздеріңе берген тыныштықты араларыңда қалдырамын+. Ал менің тыныштығым осы дүниенің тыныштығынан өзгеше. Сондықтан абыржып, бойларыңды үрей билемесін.
28 Сендер “мен кетіп барамын, бірақ қайтып келемін” дегенімді естігенсіңдер. Егер мені сүйсеңдер, Әкеме бара жатқаныма қуанар едіңдер, себебі Әкем менен ұлы+.
29 Осылар орындалғанда, менің сөздеріме сенулерің үшін бұларды алдын ала айтып тұрмын+.
30 Енді сендермен көп сөйлеспеймін, өйткені осы дүниенің билеушісі+ келе жатыр. Алайда маған оның билігі жүрмейді+.
31 Бірақ Әкемді жақсы көретінімді осы дүние білсін деп, Әкем нені өсиет етсе, соны орындаймын+. Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік”.
Сілтемелер
^ Немесе “жұбатушыны”.