Жохан 9:1—41

  • Исаның зағип болып туылған адамды сауықтыруы (1—12)

  • Айыққан зағип кісі парызшылдардың алдында (13—34)

  • “Соқыр” парызшылдар (35—41)

9  Иса кетіп бара жатып, зағип болып туылған бір адамды көрді.  Сонда шәкірттері одан: “Ұстаз+, мынаның зағип болып туылғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде әке-шешесінікі ме?”— деп сұрады.  Иса былай деп жауап берді: “Оның өзі де, әке-шешесі де күнә жасаған жоқ. Алайда осы жайт арқылы Құдайдың ісі паш етілмек+.  Әлі күндіз болып тұрғанда, мені жібергеннің ісін атқаруымыз керек+. Қараңғы түсіп келеді, ол уақытта ешкім ештеңе істей алмайды.  Осы дүниеде тұрған шағымда мен дүние үшін жарықпын+”.  Осыны айтқан соң, ол жерге түкіріп, балшық жасап, әлгі адамның көзіне жақты да+:  “Силоғам хауызына бар да, жуып таста”,— деді. (Силоғам “атқылаған су” деп аударылады.) Ол барып, жуып тастады да, көзі ашылып қайта оралды+.  Сонда көршілері мен бұрын оның қайыр сұрап отыратынын көргендер: “Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?”— десті.  Кейбіреулері: “Иә, сол”,— десе, өзгелері: “Жоқ, бұл соған ұқсайтын біреу”,— деді. Ал әлгі адамның өзі: “Мен солмын”,— деді. 10  Сонда олар: “Қалайша көзің көретін болды?”— деп сұрай бастады. 11  Ол: “Иса деген кісі балшық жасап, көзіме жақты да: —Силоғамға барып, жуып таста,— деді+. Мен барып, жуып едім, көзім көретін болды”,— деп жауап берді. 12  Әлгілер: “Ол адам қайда?”— дегенде, ол: “Білмеймін”,— деді. 13  Сосын олар зағип болған адамды парызшылдарға алып барды. 14  Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан+ күн Демалыс күні болатын+. 15  Парызшылдар да одан көзінің қалай көретін болғанын сұрай бастады. Ол: “Сол кісі көзіме балшық жақты. Мен оны жудым да, көретін болдым”,— деді. 16  Сонда кейбір парызшылдар: “Ол Құдайдан келмеген, өйткені Демалыс күнінің ережесін+ орындамайды”,— десе, өзгелері: “Күнәкар адам қалайша мұндай кереметтер жасай алады?”+— десті. Осылайша олар өзара жікке бөлініп кетті+. 17  Сөйтіп, зағип болған адамға: “Көзіңді ашқан адам туралы не ойлайсың?”— деп тағы сұрақ қойды. Ал әлгі: “Ол — пайғамбар”,— деп жауап берді. 18  Алайда яһуди дінбасылары оның зағип болғанына әке-шешесін шақыртқанша сенген жоқ. 19  Олар оның әке-шешесінен: “Зағип болып туылды деген ұлдарың осы ма? Ол қалайша көретін болды?”— деп сұрағанда, 20  олар мынаны айтты: “Мұның ұлымыз екенін және зағип болып туылғанын білеміз. 21  Бірақ қалай көретін болғанын да, көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар. Бала емес қой, өзі айтып берсін”. 22  Әке-шешесі яһуди дінбасыларынан қорыққандықтан осылай деді+. Өйткені олар Исаны Мәсіх деп мойындаған әркімді мәжілісханадан* шығару керек деп келісіп алған еді+. 23  Сондықтан да оның әке-шешесі “бала емес қой, өзінен сұраңыздар” деген болатын. 24  Сонда дінбасылар зағип болған адамды екінші рет шақыртып: “Құдай алдында шыныңды айт! Біз сол адамның күнәкар екенін білеміз”,— деді. 25  Оның жауабы мынау болды: “Ол күнәкар ма, жоқ па, білмеймін. Бар білетінім — зағип едім, ал қазір көретін болдым”. 26  Сол кезде олар: “Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты?”— деп сұрады. 27  Ол: “Сіздерге айттым ғой, бірақ тыңдамадыңыздар. Неге бұны тағы естігілеріңіз келеді? Әлде сіздер де оның шәкірті болғыларыңыз келе ме?”— деп жауап қайырды. 28  Сонда олар оны кекетіп: “Өзің соның шәкіртісің, ал біз Мұсаның шәкіртіміз! 29  Біз Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал әлгі адамның қайдан екенін білмейміз”,— деді. 30  Ол болса мынаны айтты: “Оның қайдан екенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой. 31  Ал Құдайдың күнәкарлардың дұғасына құлақ салмайтынын білеміз+. Бірақ одан қорқатын әрі оның еркін орындайтын адамға құлақ асады+. 32  Біреу зағип болып туылған адамның көзін ашыпты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес. 33  Егер бұл адам Құдайдан болмаса, ештеңе істей алмас еді+”. 34  Сонда олар: “Сен тұла бойың күнәкар болып туылдың, енді бізді үйретпексің бе?”— деп, оны қуып шықты+. 35  Иса яһуди дінбасыларының әлгі адамды қуып жібергенін естіді. Оны кездестіргенде: “Адам Ұлына сенесің бе?”— деп сұрады. 36  Сонда ол: “Мырза, оның кім екенін айтыңызшы, мен оған сенейін”,— деді. 37  Иса: “Сен оны көрдің. Сенімен сөйлесіп тұрған — сол”,— деп жауап бергенде, 38  ол: “Ием, сенемін”,— деп, оған тағзым етті. 39  Иса: “Мен бұл дүниеге соқырлардың көзі ашылсын+, ал көретіндер соқыр болсын деп+, осы дүниенің сотталуына негіз беру үшін келдім”,— деді. 40  Мұны естігенде, қасында тұрған парызшылдар: “Сонда біз де соқырмыз ба?”— деп сұрады. 41  Бұған Иса: “Егер соқыр болсаңдар, күнәларың болмас еді. Алайда “көзіміз көреді” дегендерің үшін күнәларың мойындарыңда қалады”+,— деп жауап қатты.

Сілтемелер