Жүніс 1:1—17
1 Ехоба* Әмитай ұлы Жүніске*+ сөзін арнап былай деді:
2 “Ұлы қала Ниневияға+ бар да, жасап жатқан зұлымдықтарына менің назарым түскенін жарияла”.
3 Бірақ Жүніс Ехобадан қашып кетіп, Тарсис жеріне баруды ұйғарды. Ол Иоппеге келіп, Тарсиске жүргелі жатқан кемені тауып алды да, Ехобадан алысырақ кету үшін, ақысын төлеп, сол кемеге отырды.
4 Сонда Ехоба қатты жел тұрғызды да, теңізде сұрапыл дауыл көтеріліп, кеме қирауға айналды.
5 Үрейі ұшқан теңізшілердің әрқайсысы өз құдайларын көмекке шақырып жалбарынды. Сосын кемені жеңілдету үшін жүктерді суға лақтыра бастады+. Ал Жүніс кеменің жүк сақтайтын қабатына түсіп, қатты ұйықтап кетті.
6 Бір уақытта оған кеме бастығы келіп: “Сен неге ұйықтап жатырсың? Тұр да, құдайыңды шақырып, жалбарын! Бәлкім, сонда шынайы Құдай бізге мейірімін түсірер+”,— деді.
7 Кемедегілер өзара: “Кімнің кесірінен осындай пәлеге душар болғанымызды білу үшін жеребе тастайық+”,— десті. Олар солай еткенде, жеребе Жүніске түсті+.
8 Сонда кемедегілер одан: “Айтшы, біз кімнің кесірінен осы пәлеге ұшырадық? Кәсібің не? Өзің қайдан келесің? Қай жерденсің? Ұлтың қандай?”— деп сұрады.
9 Жүніс: “Мен евреймін, теңіз бен құрлықты жаратқан көктегі Құдай Ехобаға құлшылық етемін”,— деп жауап берді.
10 Сонда олардың зәрелері ұшып: “Бұл не қылғаның?!”— деді. (Себебі Жүніс Ехобадан қашып бара жатқанын айтып берген болатын.)
11 Осы екі арада дауыл күшейген үстіне күшейе түсті. Сондықтан кемедегілер Жүністен: “Дауыл басылу үшін саған не істеуіміз керек?”— деп сұрады.
12 Ол: “Мені суға лақтырып жіберіңдер, сонда теңіз тынышталады. Себебі бұл сұрапыл дауылға менің кесірімнен ұшырағандарыңды білемін”,— деді.
13 Алайда олар кемені жағаға шығармақ болып, бар күштерімен есе бастады. Бірақ дауыл одан бетер долдана түскендіктен, шамалары келмеді.
14 Сонда олар Ехобаға жалбарынып: “Уа, Ехоба, мына адамға бола өліп кетпейікші! Барлығы да сенің еркіңмен болып жатыр ғой, Ехоба! Ендеше кінәсіз адамның қанын мойнымызға жүктей көрме!”— деді де,
15 Жүністі суға лақтырып жіберді. Сол кезде буырқанып жатқан теңіз тынышталды.
16 Мұны көрген кемедегілер Ехобадан қатты қорқып+, зәрелері қалмады. Олар Ехобаға құрбандық шалып, оған құлшылық етуді ант етті.
17 Ехоба бір үлкен балықты жіберді де, ол Жүністі жұтып қойды. Содан Жүніс үш күн, үш түн бойы балықтың ішінде жатты+.