Зәкәрия 4:1—14
4 Менімен сөйлескен періште қайтып келіп, ұйықтап жатқан адамды оятқандай мені оятты.
2 Сөйтіп, менен: “Не көріп тұрсың?”— деп сұрады. Мен оған: “Түгелдей алтыннан жасалған, жоғарғы жағында тостағаны бар шамдалды+ көріп тұрмын. Оның үстінде жеті шам бар екен+, иә, жеті шам және жетеуінде жеті түтікше бар.
3 Шамдалдың жанында екі зәйтүн ағашы тұр+: бірі тостағанның оң жағында, екіншісі сол жағында”,— дедім.
4 Сосын өзіммен сөйлесіп тұрған періштеден: “Ием, бұлар нені білдіреді?”— деп сұрадым.
5 Періште: “Бұлар нені білдіретінін білмейсің бе?”— деді. Мен: “Жоқ, ием”,— деп жауап бердім.
6 Сонда ол маған былай деді: “Ехобаның Зоробабелге айтқан сөзі мынау: —Мұның бәрі әскер қуатымен де, күшпен де емес+, менің рухыммен жүзеге асады+,— дейді Әскербасы Ехоба.
7 Мына заңғар тау не өзі? Зоробабелге+ кедергі болған заңғар тау жазықтай тегістеледі+. Ол ғибадатхананың төбесіне қойылатын тасты алып шығады, сонда “Қандай керемет! Қандай керемет!” деп айғайлаған дауыстар естіледі”.
8 Ехоба маған тағы да сөзін арнап былай деді:
9 “Мына үйдің іргетасын Зоробабел өз қолымен қалады+, енді сол құрылысты өз қолымен аяқтайды+. (Мені сендерге Әскербасы Ехоба жібергенін білетін боласыңдар.)
10 Құрылыстың қарапайым бастамасын* менсінбейтіндер бар ма+? Халық Зоробабелдің қолындағы тіктеуішті көріп, қуанады. Мұны жеті көз де көреді. Бұл жеті көз — күллі жер бетін көріп тұратын Ехобаның көздері+”.
11 Бұдан кейін періштеден: “Шамдалдың оң және сол жағында тұрған екі зәйтүн ағашы нені білдіреді?”+— деп сұрадым.
12 Сосын тағы да: “Екі түтікпен алтын сұйықтық ағызып жатқан зәйтүн ағаштарының екі бұтағы* нені білдіреді?”— деп сұрадым.
13 Ол маған: “Бұлар нені білдіретінін білмейсің бе?”— деді. Мен: “Жоқ, ием”,— деп жауап бердім.
14 “Бұлар бүкіл жердің Иесінің жанында тұрған екі майланғанды* білдіреді+”,— деді ол.