Ишая 21:1—17
21 Теңіз шөлі* туралы ауыр хабар+:
Апат оңтүстіктен соққан дауылдай,Шөл даладан, қорқынышты жерден келеді+.
2 Мен мынадай қорқынышты аян көрдім:
Опасыз опасыздық жасап,Жоюшы қырып-жойып жатыр.
Ей, Елам, аттан! Ей, Мидия, қоршауға ал+!
Мен оның* халықтарға көрсетіп жатқан қасіретін тоқтатамын+.
3 Бұл аянды көрген соң, мен қатты қиналдым+.
Толғақ қысқан әйелдей азапқа түстім.
Қиналғаным сонша — құлағым естімей қалды,Мазаланғаным сонша — көзім көрмей қалды.
4 Жүрегім аттай тулайды; қорыққаннан қалтырап-дірілдеймін.
Өзім аңсаған кешкі ымырттан бойымды үрей биледі.
5 Дастарқан жайып, отыратын орын дайындаңдар!
Ішіп-жеңдер+!
Ей, бекзадалар, тұрыңдар! Қалқанды майлаңдар*!
6 Өйткені Ехоба маған:
“Бар да, күзетші қой, көргендерін айтып тұрсын”,— деді.
7 Күзетші қос атқа жегілген,Есектер мен түйелерге жегілген соғыс арбаларын көрді.
Ол бар назарын салып, мұқият қарады.
8 Сосын арыстандай ақырып, мынаны айтты:
“Уа, Ехоба, мен күні бойы күзет мұнарасында тұрамын,Түн сайын сол орнымда қаламын+.
9 Қараңдар, келе жатыр!
Қос атқа жегілген арбада сарбаздар келе жатыр+!”
Сосын ол дауыстап былай деді:
“Ол құлады! Бабыл құлады+!
Пұттарының бәрі тас-талқан боп жерде жатыр+!”
10 Бастырған астықтай тапталған сорлы халқым-ай!
Қырманымның өнімі-ай+!
Мен саған Исраил Құдайы Әскербасы Ехобадан естігенімді жеткіздім.
11 Дума* туралы ауыр хабар:
Әлдекім Сейірден+:
“Күзетші, түн қашан бітеді?
Күзетші, түн қашан бітеді?”— деп айқайлап жатыр.
12 Күзетші мынаны айтты:
“Таң атып келеді, бірақ тағы да түн болады.
Егер сұрағыларың келсе, сұраңдар.
Қайтып келіңдер!”
13 Шөл дала туралы ауыр хабар:
Ей, Дедан+ керуендері,Сендер шөл даладағы тоғайда түнейсіңдер.
14 Тема+ жерінің тұрғындары,Шөліркегендерді қарсы алу үшін су әкеліңдер,Босқындарға нан беріңдер.
15 Себебі олар семсерден, жалаңдаған семсерден,Иілген садақтан, сұрапыл соғыстан қашып келді.
16 Ехоба маған былай деді: “Жалдамалы жұмысшының уақытымен есептегенде*, бір жыл ішінде Кедар+ бар ұлылығынан айырылады.
17 Оның садақшы сарбаздарының бірен-сараны ғана қалады. Себебі мұны айтып отырған — Исраил Құдайы Ехоба”.
Сілтемелер
^ Ежелгі Бабыл өңіріне нұсқаса керек.
^ Яғни Теңіз шөлінің.
^ Немесе “тағайындаңдар”.
^ Мағынасы “үнсіздік”.
^ Немесе “Жалдамалы жұмысшы сияқты мұқият есептегенде”.