Марқа 8:1—38

  • Исаның 4000 адамды тамақтандыруы (1—9)

  • Көктен белгі көрсетуді сұрау (10—13)

  • Парызшылдар мен Иродтың ашытқысы (14—21)

  • Бетсайдада зағип кісінің сауығуы (22—26)

  • Петірдің Исаның Мәсіх екенін айтуы (27—30)

  • Исаның өлімі жайлы алдын ала айтылуы (31—33)

  • Нағыз шәкіртке қойылатын талап (34—38)

8  Сол күндері тағы да көп халық жиналып, олардың жейтін тамағы болмады. Сонда Иса шәкірттерін шақырып алып, былай деді:  “Халықты аяп тұрмын+, қасымда жүргендеріне үш күн болды, ал жейтін ештеңелері жоқ+.  Оларды үйлеріне аш күйінде жіберсем, жолшыбай әлсіреп қалар. Кейбірі алыс жерден келген ғой”.  Шәкірттері бұған: “Осы елсіз жерде оларға жететін нан қайдан табылсын?!”— деп жауап берді.  Иса: “Қанша нандарың бар?”— деп сұрағанда, олар: “Жетеу”,— деді+.  Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуды айтты да, жеті нанды алып, Құдайға ризашылық білдірді. Сосын нанды сындырып, шәкірттеріне бере бастады, ал олар халыққа үлестірді+.  Шәкірттерінде бірнеше ұсақ балық та бар еді. Иса оларды да алып, ризашылық білдірді де, халыққа үлестіруді бұйырды.  Содан бәрі жеп тойып алды. Артылғанын жинап алғанда, үлкен жеті себет толды+.  Ал ол жерде шамамен 4000 ер кісі бар еді. Бұдан кейін Иса халықты таратып жіберді. 10  Содан соң шәкірттерімен бірге дереу қайыққа мініп, Далманута аймағына келді+. 11  Сол жерде парызшылдар алдынан шығып, оны сынау үшін көктен белгі көрсетуін талап етіп, онымен айтыса бастады+. 12  Сонда Иса қынжыла күрсінді де: “Неге бұл ұрпақ белгі көрсетуімді талап етеді+? Сендерге шындығын айтайын, бұл ұрпаққа ешқандай белгі көрсетілмейді!”+— деді. 13  Оларды тастап, қайтадан қайыққа мініп, арғы жағаға жүзіп кетті. 14  Шәкірттері нан алуды ұмытып кеткендіктен, қайықта бір наннан басқа жейтін ештеңе болмады+. 15  Иса оларға: “Байқаңдар, парызшылдардың ашытқысы мен Иродтың ашытқысынан сақ болыңдар!”— деп ескертті+. 16  Ал олар болса нан алмағандары үшін өзара айтыса бастады. 17  Мұны байқаған Иса былай деді: “Неменеге нанымыз жоқ деп айтысып жатырсыңдар? Әлі де түсінбей, мәнін ұқпай тұрсыңдар ма? Жүректерің әлі де ашылған жоқ па? 18  “Көздерің болса да, көрмей, құлақтарың болса да, естімейсіңдер ме?” Естеріңде ме, 19  бес нанды+ 5000 ер кісіге сындырып бергенімде, артылғанынан қанша себет жинап едіңдер?” Олар: “Он екі”+,— деп жауап берді. 20  “Ал жеті нанды 4000 ер кісіге сындырып бергенімде, артылғанынан қанша үлкен себет толтырған едіңдер?”— деп сұрағанда, олар: “Жетеу”+,— деп жауап берді. 21  Иса: “Мұның мәнін әлі де ұқпай тұрсыңдар ма?”— деді. 22  Олар Бетсайдаға келіп тоқтады. Адамдар оған бір зағип кісіні әкеліп, қолын тигізіп сауықтыруын өтінді+. 23  Иса оны қолынан ұстап, ауылдың сыртына алып шықты. Сосын көздеріне түкірді де+, үстіне қолын қойып тұрып: “Бірдеңе көріп тұрсың ба?”— деп сұрады. 24  Әлгі кісі алға қарай көз тігіп: “Адамдарды көріп тұрмын. Олар жүріп бара жатқан ағаштарға ұқсайды”,— деді. 25  Иса қайтадан қолын зағиптың көздеріне қойды, сонда оның көзі ашылып, бәрін анық көре бастады. 26  Оны үйіне қайтарып жатып, Иса: “Ауылға бірден кірме”,— деп ескертті. 27  Иса шәкірттерін ертіп, Філіп Кесариясындағы ауылдарға бара жатқанда, жолшыбай олардан: “Жұрт мені кім деп жүр?”— деп сұрады+. 28  Олар: “Біреулер шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия десе+, өзге біреулері Ілияс+, ал тағы біреулері өзге пайғамбарлардың бірі деп жүр”,— деді. 29  Сонда ол: “Ал сендер мені кім дейсіңдер?”— деп сұрады. Бұған Петір: “Сіз Мәсіхсіз”,— деп жауап берді+. 30  Иса оларға өзінің кім екені жөнінде ешкімге айтпауды бұйырды+. 31  Сосын ол тәлім беріп, Адам Ұлының көп қасірет шегетіні; ақсақалдар, жоғарғы діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері одан бас тартатыны; оның өлтіріліп+, бірақ үш күннен кейін қайта тірілетіні туралы айта бастады+. 32  Иса бұл жайлы оларға ашық айтты. Бірақ Петір оны былайырақ алып шығып, қарсылық білдіре бастады+. 33  Иса бұрылып, шәкірттеріне қарады да, Петірге: “Менен аулақ кет, Шайтан*! Сен Құдайдың емес, адамның ойын айтып тұрсың!”+— деп кесіп айтты. 34  Бұдан кейін шәкірттерін және халықты қасына шақырып алып, мынаны айтты: “Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, азап бағанасын* алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін+. 35  Себебі кім жанын* сақтағысы келсе, одан айырылады, ал кім мен үшін және ізгі хабар үшін жанынан айырылса, оны сақтап қалады+. 36  Шынында да, адам бүкіл дүниеге ие болып, бірақ жанынан айырылса, бұдан оған не пайда+? 37  Расында да, адам өз жаны үшін не бере алады+? 38  Кімде-кім осы азғын* әрі күнәкар ұрпақ арасында менің шәкіртім болуға және менің сөзіме сенуге ұялса, Адам Ұлы да киелі періштелермен бірге Әкесінің салтанатты ұлылығымен келгенде+, сол адам үшін ұялатын болады+”.

Сілтемелер

Бұл жерде Иса Петірді “қарсылас” деп айтып тұр, себебі “Шайтан” қарсылас дегенді білдіреді.
Немесе “өмір”. Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “опасыз”.