Марқа 9:1—50
-
Исаның сырт көрінісінің өзгеріске түсуі (1—13)
-
Жын буған баланың сауығуы (14—29)
-
“Сенімі бар адам үшін бәрі мүмкін” (23)
-
-
Исаның өлімі жайлы тағы да алдын ала айтылуы (30—32)
-
Ұлы болуға қатысты шәкірттер арасындағы дау (33—37)
-
“Бізге қарсы болмаған адам бізге жақ” (38—41)
-
Күнәға азғыратын жайттар (42—48)
-
“Бойларыңда тұз болсын” (49, 50)
9 Иса тағы былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, осында тұрғандардың кейбіреуі Құдай Патшалығының құдіретпен келгенін көрмейінше, өлмейді”+.
2 Алты күннен соң ол Петір, Жақып және Жоханды ғана ертіп, бір биік тауға көтерілді. Сонда олардың алдында Исаның сырт көрінісі өзгеріске түсіп+,
3 киімі аппақ болып жарқырап кетті, жер бетіндегі ешбір киім тазалаушы бұлай ағарта алмас еді.
4 Сондай-ақ Ілияс пен Мұса пайда болып, Исамен сөйлесіп тұрды.
5 Сол кезде Петір оған: “Ұстаз*, осында болғанымыз қандай жақсы! Біз біреуін сізге, біреуін Мұсаға, тағы біреуін Ілиясқа арнап үш күрке жасайық”,— деді.
6 Үш елшіні үрей билегендіктен, Петір не айтарын білмеген еді.
7 Сонда бір бұлт пайда болып, оларды орап алды. Бұлт арасынан: “Бұл — менің сүйікті Ұлым+. Оны тыңдаңдар+!”— деген дауыс шықты+.
8 Кенет олар айналасына қарағанда, Исадан басқа ешкімді көрмеді.
9 Таудан түсіп келе жатқанда, Иса оларға Адам Ұлы өлімнен қайта тірілгенше, осы көргендері туралы ешкімге айтпауды бұйырды+.
10 Шәкірттері оның айтқандарын көңілдеріне түйіп алды, бірақ өлімнен қайта тірілу деген нені білдіретіні жайлы өзара пікірлесті.
11 Сосын одан: “Неліктен дін мұғалімдері алдымен Ілияс+ келу керек дейді?”— деп сұрады+.
12 Ол былай деп жауап берді: “Ілиястың алдымен келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас+. Бірақ мұның Адам Ұлы көптеген қасіретті басынан өткізіп+, қорлық көретіні+ жайлы Киелі жазбаларда айтылғандарға қандай қатысы бар?
13 Сендерге мынаны айтамын: Киелі жазбаларда айтылғандай, Ілияс+ шынымен де келді, алайда олар оған ойларына келгенін істеді+”.
14 Содан олар басқа шәкірттерге қарай келе жатып, жиналған қалың тобырды және шәкірттермен айтысып жатқан дін мұғалімдерін көрді+.
15 Исаны көрген бойда жұрттың бәрі таңғалып, қасына жүгіріп барып, амандаса бастады.
16 Иса: “Олармен не туралы айтысып жатырсыңдар?”— деп сұрады.
17 Тобырдың ішінен біреу былай деді: “Ұстаз, сізге баламды алып келген едім. Оның бойында адамды мылқау ететін жын бар+.
18 Жын қайда қысса, сол жерде оны алып ұрады да, баламның аузынан көбік ағып, тістерін қышырлатады, содан ол әлсіреп қалады. Шәкірттеріңізден жынды қуып шығаруын сұраған едім, бірақ қолдарынан келмеді”.
19 Сонда Иса: “Ей, сенімі жоқ ұрпақ-ай+! Қашанға дейін қастарыңда болмақпын? Сендерге қанша төзбекпін? Баланы маған әкеліңдер”,— деді+.
20 Оны әкелгенде, жын Исаны көре сала, баланы дереу қалшылдата бастады. Ол жерге құлап түсіп, аузынан көбік ағып, аунай берді.
21 Иса оның әкесінен: “Ұлыңыз қашаннан бері осындай?”— деп сұрады. Әкесі: “Кішкентай кезінен бері.
22 Жын оны құртпақ болып, талай рет отқа да, суға да лақтырды. Қолыңыздан келсе, бізді аяп, көмектесе көріңіз”,— деді.
23 Иса оған: “Қолыңыздан келсе” дегеніңіз қалай? Сенімі бар адам үшін бәрі мүмкін+”,— деді.
24 Сол сәтте баланың әкесі қатты дауыстап: “Мен сенемін! Сенімім жетпей жатса, нығайта көріңіз!”+— деді.
25 Жұрттың жүгіріп келіп, жиналып жатқанын байқаған Иса жынға: “Адамды мылқау әрі саңырау ететін жын, саған бұйырамын: оның бойынан шық және ендігәрі кірме!”— деп қатаң тыйым салды+.
26 Жын айғайлап, баланы қатты қалшылдатты да, бойынан шығып кетті. Бала өліп қалғандай сұлық жатты, сондықтан жұрттың көбі: “Ол өліп қалды!”— десті.
27 Бірақ Иса қолынан ұстап тұрғызғанда, бала орнынан тұрды.
28 Үйге кіргеннен кейін, шәкірттері оңашада Исадан: “Неге біз жынды қуып шығара алмадық?”— деп сұрады+.
29 Ол: “Мұндай жынды тек дұға арқылы қуып шығаруға болады”,— деді.
30 Олар сол жерден шығып, Ғалилея арқылы жүрді, бірақ Иса мұны ешкімнің білгенін қаламады.
31 Себебі ол шәкірттеріне тәлім беріп, былай деп жүрген еді: “Адам Ұлы жауларының қолына ұсталып беріліп, олар оны өлтіреді+. Бірақ өлтірілсе де, үш күннен кейін қайта тіріледі+”.
32 Шәкірттері оның сөздерін түсінбеді, алайда сұрақ қоюға батылдары бармады.
33 Содан олар Қапарнаумға келді. Иса үйде болғанда шәкірттерінен: “Жолда не жайлы дауластыңдар?”+— деп сұрады.
34 Шәкірттері үндемеді, өйткені жолшыбай араларындағы ең ұлысы кім екені жөнінде дауласқан болатын.
35 Иса жайғасып отырды да, 12 елшісін шақырып алып: “Кім ұлы болғысы келсе, сол бәрінен де кішік болып, бәріне қызмет етсін”+,— деді.
36 Ол бір кішкентай баланы ортаға тұрғызды да, құшақтап тұрып:
37 “Кімде-кім менің атымнан осындай кішкентай балалардың бірін қабылдаса+, мені де қабылдағаны. Ал кім мені қабылдаса, мені ғана емес, мені жібергенді де қабылдағаны”,— деді+.
38 Жохан оған: “Ұстаз, сіздің атыңызбен жындарды қуып шығарып жүрген біреуді көрдік, бізбен бірге жүрмегендіктен, оған тыйым салуға тырыстық”,— деді+.
39 Иса былай деді: “Оған кедергі жасамаңдар, өйткені менің атымнан құдіретті істер жасаған адам артынша мені жамандай қоймас.
40 Бізге қарсы болмаған адам бізге жақ+.
41 Мәсіхтің ізбасарлары болғандарың үшін кім сендерге бір тостаған су берсе+, шын айтамын, ол алатын сыйынан құр қалмайды+.
42 Ал кімде-кім маған сенетін осы кішілердің біреуін сенімнен тайдырса*, оның мойнына диірмен тасы* байланып, теңізге тасталғаны жақсырақ болар еді+.
43 Егер қолың күнәға азғырса*, оны кесіп таста. Өйткені екі қолыңмен жаһаннамға* — ешқашан сөнбейтін отқа — кеткеннен гөрі, кемтар болып өмірді иеленгенің артық+.
44 * ——
45 Егер аяғың күнәға азғырса, оны кесіп таста. Өйткені екі аяқпен жаһаннамға кеткеннен гөрі+, шолақ болып өмірді иеленгенің артық.
46 * ——
47 Ал көзің күнәға азғырса, ойып ал да, лақтырып таста+. Себебі екі көзбен жаһаннамға кеткеннен гөрі, жалғыз көзбен Құдай Патшалығына кіргенің артық+.
48 Жаһаннамда құрттар да өлмейді, от та сөнбейді+.
49 Өйткені мұндай адамдар отпен тұздалуы* тиіс+.
50 Тұз — жақсы нәрсе. Бірақ ол күшінен айырылса, оның қасиетін қалай қалпына келтіруге болады+? Ендеше, бойларыңда тұз болсын+, осылай өзара татулық сақтаңдар+”.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “Равви”.
^ Сөзбе-сөз “сүріндірсе”.
^ Мұнда әдетте есек айналдыратын үлкен диірмен тас жөнінде айтылып отыр.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “сүріндірсе”. 45, 47-тармақтарда да осы сөз қолданылған.
^ Бұл үзінді грек тіліндегі көне қолжазбалардың кейбірінде кездеспейді. А3 қосымшасын қараңыз.
^ Бұл үзінді грек тіліндегі көне қолжазбалардың кейбірінде кездеспейді. А3 қосымшасын қараңыз.
^ Бұл бейнелі сөз жаһаннамда жойылуды білдіреді. Түсіндірмедегі “Жаһаннам” сөзін қараңыз.