Матай 27:1—66

  • Исаның Пилаттың қолына табысталуы (1, 2)

  • Яһуданың асылып өлуі (3—10)

  • Исаның Пилаттың алдында тұруы (11—26)

  • Исаны келеке-мазақ қылу (27—31)

  • Голгота деген жерде Исаның бағанаға ілінуі (32—44)

  • Исаның өлімі (45—56)

  • Исаның сүйегін қабірге қою (57—61)

  • Қабірді күзетуге күзетшілердің қойылуы (62—66)

27  Таң атқанда барлық жоғарғы діни қызметкерлер мен ел ақсақалдары Исаны қалай өлтіруді ақылдасты+.  Бұдан кейін оны байлап, әмірші Пилатқа апарып табыс етті+.  Исаға опасыздық жасаған Яһуда оның өлімге кесілгенін көргенде, өзін кінәлі сезініп, 30 күміс ақшаны жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдарға қайтарып+:  “Мен жазықсыз адамға* опасыздық жасап, күнәға баттым”,— деді. Олар болса: “Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең!”— деді.  Сонда ол күміс ақшаларды ғибадатханаға лақтырып тастап, шығып кетті де, барып, асылып өлді+.  Ал жоғарғы діни қызметкерлер оларды жинап алып: “Бұл — қанның құны, сондықтан қасиетті қазынаға салуға болмайды”,— деді.  Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының танабын сатып алып, оны жатжерліктердің зираты етуді шешті.  Сондықтан бұл жер күні бүгінге дейін Қанды танап деп аталады+.  Осылай Еремия* пайғамбар арқылы айтылған келесі сөздер орындалды: “Олар 30 күміс ақшаны — Исраил ұлдарының кейбірі сол кісі үшін белгілеген бағаны — алып, 10  құмырашының танабын сатып алу үшін төледі. Ехоба маған осылай бұйырған еді+”. 11  Иса әміршінің алдында тұрды. Әмірші одан: “Сен яһудилердің патшасысың ба?”— деп сұрағанда, ол: “Мұны өзіңіз айтып тұрсыз”,— деп жауап берді+. 12  Бірақ жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар айыптағанда, оларға еш жауап қатпады+. 13  Сонда Пилат: “Саған қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқандарын естіп тұрсың ба?”— деді. 14  Алайда Иса бірде-бір сөз айтпады. Бұған әмірші қатты қайран қалды. 15  Әміршінің жыл сайын осы мейрамда халық сұраған бір тұтқынды босатып беретін әдеті бар еді+. 16  Дәл сол кезде Барабба есімді аты шулы бір қылмыскер қамауда болатын. 17  Сондықтан жұрт жиналғанда, Пилат: “Кімді босатқанымды қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх деп аталатын Исаны ма?”— деп сұрады. 18  Өйткені Пилат олардың Исаны қызғаныштан ұстап бергенін білетін. 19  Оның үстіне, төрелік орнында отырғанда, оған әйелінен “сол әділ адамға ештеңе істей көрме, өйткені бүгін түсімде сол үшін азап шегіп, қатты қиналдым” деген хабар жетті. 20  Бірақ жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар халықты Бараббаны+ босатып, ал Исаны өлтіруді сұрауға көндіріп қойған еді+. 21  Әмірші қайтадан: “Екеуінің қайсысын босатқанымды қалайсыңдар?”— деп сұрағанда, олар: “Бараббаны!”— деді. 22  Пилат: “Ендеше, Мәсіх деп аталатын Исаға не істейін?”— дегенде, олардың бәрі: “Ол бағанаға ілінсін!”— деп шулады+. 23  Сонда ол: “Не үшін? Ол қандай жамандық істеді?”— деп еді, халық: “Ол бағанаға ілінсін!”— деп, одан бетер айғайлай түсті+. 24  Әрекетінен ештеңе шықпай, қайта, шудың күшейе түскенін көрген Пилат су алып, жұрт алдында қолын жуып тұрып: “Мына кісінің қанына мен жауапты емеспін. Енді өздерің біліңдер”,— деді. 25  Бұған бүкіл халық: “Оның қаны біздің және балаларымыздың мойнында болсын!”+— деді. 26  Сонда ол Бараббаны босатып берді. Ал Исаға дүре соқтырып+, сосын бағанаға ілу үшін сарбаздардың қолына тапсырды+. 27  Сарбаздар оны әмірші сарайына апарып, сол жерге бүкіл жасақты жинады+. 28  Олар Исаның киімін шешіп, үстіне ал қызыл жамылғы жапты+, 29  басына тікеннен өрілген тәж кигізіп, оң қолына қамыс таяқ ұстатып қойды. Сосын тізе бүгіп: “Амансың ба, яһудилердің патшасы!”— деп мазақтады. 30  Сондай-ақ бетіне түкіріп+, қолындағы таяғын алып, басынан ұра бастады. 31  Ал мазақ етіп болғаннан кейін, үстіндегі жамылғыны шешіп, өз киімін кигізді де, бағанаға ілуге алып кетті+. 32  Шығып бара жатып, олар күренелік Шимон дейтін біреуді кездестірді. Оған Исаның азап бағанасын* көтертіп қойды+. 33  Осылай Голгота+, яғни Бассүйек, деп аталатын жерге келгенде, 34  олар Исаға ащы нәрсе қосылған шарап берді+, бірақ ол дәмін татқан соң, ішуден бас тартты. 35  Исаны бағанаға ілгеннен кейін, сарбаздар жеребе тастап, оның киімдерін бөлісті+. 36  Сөйтіп, сол жерде отырып, оны күзетті. 37  Оған қандай айып тағылғанын көрсету үшін бас жағына “Бұл — яһудилердің патшасы Иса” деп жазылған тақташа бекітілді+. 38  Исамен бірге тағы екі қарақшы — бірі оң, екіншісі сол жағына — бағанаға ілінді+. 39  Сол жерден өтіп бара жатқандар бастарын шайқап+, Исаны тілдеп+: 40  “Әй, ғибадатхананы қиратып, үш күнде қайта тұрғызушы+! Өзіңді құтқарып ал! Егер Құдай Ұлы болсаң, азап бағанасынан түс!”— деді+. 41  Жоғарғы діни қызметкерлер, дін мұғалімдері мен ақсақалдар да оны мазақ етіп+: 42  “Өзгелерді құтқарса да, өзін құтқара алмай тұр! Ол Исраилдің патшасы+ екен, онда тап қазір бағанадан түссін, сонда біз оған сенеміз. 43  Құдайға сенім артыпты, ендеше, оған ұнамды болса, дәл қазір құтқарып алсын+! Өйткені ол: —Мен Құдай Ұлымын+,— деді ғой”,— дей бастады. 44  Тіпті қасындағы бағаналарға ілінген қарақшылар да оны осылай тілдеді+. 45  Алтыншы сағатта* бүкіл аймақты қараңғылық басып, тоғызыншы сағатқа* дейін созылды+. 46  Тоғызыншы сағат шамасында Иса қатты дауыстап: “Ели, Ели, лама сабахтани?” деді. Бұл “Құдайым, Құдайым, неге мені жалғыз қалдырдың?”+ дегенді білдіреді. 47  Мұны естігенде, сонда тұрғандардың кейбірі: “Ол Ілиясты шақырып жатыр”,— десті+. 48  Біреуі дереу жүгіріп барып, сорғышты қышқыл шарапқа батырып алды да, таяққа қадап, Исаға ұсынды+. 49  Басқалары: “Күте тұрайық! Ілияс келіп, оны құтқарып алар ма екен, көрейік”,— деді. 50  Иса тағы да қатты дауыстап жіберіп, соңғы демін шығарды+. 51  Сол кезде ғибадатханадағы шымылдық+ жоғарыдан төмен қарай қақ айырылды+. Жер сілкініп, жартастар жарылып кетті. 52  Қабірлер ашылып, өлім ұйқысында жатқан қасиеттілердің сүйектері сыртқа шығып қалды. 53  Оларды көп адам көрді. (Иса қайта тірілген соң, сол қабірлердің қасында болғандар қасиетті қалаға келді.)* 54  Жүзбасы мен Исаны күзетіп тұрған жасақшылар жер сілкінісін және болған жайттың бәрін көргенде, үрейлері ұшып: “Мына кісі, расында да, Құдай Ұлы болған екен!”— деді+. 55  Сол жерде алыстан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет ету үшін Ғалилеядан еріп келген еді+. 56  Араларында мағдалалық Мәриям, Жақып пен Жосенің анасы Мәриям, сондай-ақ Зебедей ұлдарының анасы бар болатын+. 57  Кешқұрым Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі келді. Ол да Исаның шәкірті еді+. 58  Жүсіп Пилатқа барып, Исаның денесін сұрады+. Пилат мәйітті оған беруді бұйырды+. 59  Ол мәйітті алып, таза әрі сапалы зығыр матаға орап+, 60  жартастан үңгіп жасалған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды+. Сосын бір үлкен тасты домалатып әкеліп, қабірдің аузын бекітті де, кетіп қалды. 61  Ал мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям сол жерде қалып, қабір алдында отырды+. 62  Ертеңіне, яғни Даярлық күнінен*+ кейін, жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың алдына жиналып, 63  былай деді: “Мырза, әлгі алаяқтың тірі кезінде “үш күннен соң қайта тірілемін”+ дегені есімізге түсті. 64  Сондықтан қабірді үш күнге дейін күзетуді бұйыра көріңіз. Әйтпесе шәкірттері келіп, сүйегін ұрлап әкетіп+, жұртқа “Ол өлімнен қайта тірілді!” деп жүрер. Сонда соңғы өтірік алғашқысынан да бетер болады”. 65  Бұған Пилат: “Сақшыларды алып, өз білгендеріңше күзете беріңдер”,— деді. 66  Олар барып, қабірдің аузындағы тасты мөрмен бекітті де, күзет қойды.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “қанға”.
Шындығына келгенде, бұл үзінді Зәк 11:12, 13-ке негізделген. Матайдың заманында Еремия кітабы пайғамбарлар жазбаларында бірінші тұрған. Сондықтан “Еремия” деген атау, Зәкәрия жазбасын қоса алғанда, барлық пайғамбарлық жазбаларға қолданылған болуы мүмкін (Лқ 24:44 салыстырыңыз).
Шамамен күндізгі 12:00. Түсіндірмені қараңыз.
Шамамен түскі 15:00.
Жақшаның ішінде жазылғандар кейінірек болған оқиға.