Мұсаның 1-жазбасы 1:1—31
1 Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты+.
2 Жер ретсіз, қаңырап бос жатты, су тұңғиығының*+ үстін қараңғы түнек жауып тұрды. Құдайдың рухы*+ су бетінде әрекет етіп жүрді+.
3 Құдай: “Жарық болсын!”— деді. Сонда жарық пайда болды+.
4 Құдай жарықтың жақсы екенін көрді. Ол жарықты түнектен бөле бастады.
5 Құдай жарықты “күндіз”, ал түнекті “түн” деп атады+. Кеш батып, таң атты, бұл бірінші күн еді.
6 Сосын Құдай: “Сулардың арасында кеңістік+ пайда болып, су судан бөлініп тұрсын+!”— деді.
7 Сөйтіп, Құдай кеңістік жасап, оның астындағы суды үстіндегі судан бөлді+. Бұл солай болды.
8 Құдай кеңістікті “аспан” деп атады. Кеш батып, таң атты, бұл екінші күн еді.
9 Кейін Құдай: “Аспан астындағы сулар бір жерге жиналып, құрлық пайда болсын+!”— деді. Бұл солай болды.
10 Құдай құрлықты “жер”+, ал жиналған суларды “теңіз”+ деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді+.
11 Содан кейін Құдай: “Жер көк шөпті, тұқымды өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс ағаштарын түр-түрімен өсіріп шығарсын!”— деді. Бұл солай болды.
12 Жер көк шөпті, тұқымды өсімдіктер+ мен дәнегі бар жеміс ағаштарын түр-түрімен өсіріп шығара бастады. Құдай жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
13 Кеш батып, таң атты, бұл үшінші күн еді.
14 Сонан соң Құдай: “Күндіз бен түнді+ ажыратып тұру үшін, аспанда жарық көздері+ пайда болсын! Олар мезгілдердің, күндер мен жылдардың белгісі болады+.
15 Олар аспанда жарқырап, жерге нұрын шашып тұрсын”,— деді. Бұл солай болды.
16 Құдай үлкенірегі күндізді+, кішірегі түнді басқару үшін екі үлкен жарық көзін, сондай-ақ жұлдыздарды+ жасады.
17 Осылайша Құдай оларды аспанға орналастырып, жерге жарық түсіретін,
18 күндіз бен түнді басқаратын және жарықты қараңғыдан бөліп тұратын етіп қойды+. Құдай жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
19 Кеш батып, таң атты, бұл төртінші күн еді.
20 Сосын Құдай: “Суларда тіршілік иелері* қаптап, ал жер үстіндегі аспан кеңістігінде қанаттылар ұшып жүрсін+!”— деді.
21 Құдай үлкен теңіз жануарлары мен суда қаптап жүрген күллі тіршілік иелерін түр-түрімен, сондай-ақ қанаттыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
22 Сонда Құдай оларға батасын беріп: “Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіз суларын толтырыңдар+. Қанаттылар да жерде көбейсін!”— деді.
23 Кеш батып, таң атты, бұл бесінші күн еді.
24 Бұдан кейін Құдай: “Жер түр-түрімен тіршілік иелерін*: үй жануарларын, бауырымен жорғалаушыларды* және жабайы аңдарды түр-түрімен — шығарсын+!”— деді. Бұл солай болды.
25 Құдай жерде тіршілік ететін жабайы аңдарды түр-түрімен, үй жануарларын түр-түрімен және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
26 Содан соң Құдай: “Өзімізге+ ұқсас етіп*+ адам жаратайық. Олар теңіздегі балықтарға, аспандағы құстар мен үй жануарларына, бүкіл жер беті мен онда жорғалап жүрген барлық жануарларға иелік етсін+!”— деді.
27 Құдай адамды өзіне ұқсас етіп*, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты+.
28 Сосын Құдай оларға батасын беріп, былай деді: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар+, әрі оны өңдеңдер+. Теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға иелік етіңдер+!”
29 Бұдан кейін Құдай: “Міне, сендерге бүкіл жер бетіндегі тұқымды өсімдіктер мен дәнегі бар жеміс ағаштарының бәрін бердім. Олар сендерге тамақ болсын+.
30 Ал жердегі күллі жабайы аңдарға, аспандағы барша құстарға және жерде қыбырлаған бүкіл тіршілік иесіне* көк шөп атаулыны қорек етуге бердім+”,— деді. Бұл солай болды.
31 Содан Құдай өзінің жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді+. Кеш батып, таң атты, бұл алтыншы күн еді.
Сілтемелер
^ Немесе “буырқанған судың”.
^ Немесе “Құдайдың құдіретті күші”.
^ Немесе “тірі жандар”.
^ Немесе “тірі жандарды”.
^ Мұндағы еврей сөзі ұсақ жануарларды, кеміргіштер мен жәндіктерді де білдірсе керек.
^ Яғни қасиеттері жағынан ұқсас етіп.
^ Яғни қасиеттері жағынан ұқсас етіп.
^ Сөзбе-сөз “тірі жанға”.