Мұсаның 1-жазбасы 14:1—24

  • Ыбырамның Лұтты құтқаруы (1—16)

  • Мәліксадықтың Ыбырамға бата беруі (17—24)

14  Сол заманда Шинар+ патшасы Амрапел, Елласар патшасы Ариох, Елам+ патшасы Кедорлаумер+ мен Ғойым патшасы Тидал  Содом+ патшасы Бераға, Ғомора+ патшасы Біршаға, Адма патшасы Шынапқа, Зебоим+ патшасы Шемеберге және Беланың, яғни Сиғордың, патшасына қарсы соғысқа аттанды.  Олардың әскерлері Сиддим аңғарына+ (қазір Тұзды теңіз*+) жиналды.  Әлгі бес патша он екі жыл бойы Кедорлаумердің қол астында болып келіп, он үшінші жылы оған қарсы көтерілді.  Ал он төртінші жылы Кедорлаумер мен қасындағы патшалар жорыққа шығып, Аштерот-Карнаимдегі рефаимдерді, Хамдағы зузимдерді, Шабе-Кириятаимдегі емимдерді+  және Сейір тауынан+ шөлдің жанындағы Ел-Паранға дейін қоныстанған хорлықтарды+ талқандады.  Бұдан соң олар кері оралып, Ен-Мышпатқа, яғни Қадешке+ келді. Содан амалектіктердің+ және Хазазон-Тамарда+ тұратын аморлықтардың+ бүкіл жерін басып алды.  Осы кезде Содомның, Ғомораның, Адманың, Зебоим мен Беланың, яғни Сиғордың, патшалары жорыққа аттанып, Сиддим аңғарында олармен шайқасты.  Осылай бес патша төрт патшаға — Елам патшасы Кедорлаумерге, Ғойым патшасы Тидалға, Шинар патшасы Амрапел мен Елласар патшасы Ариохқа+ — қарсы аттанды. 10  Сиддим аңғары қарамай шығатын шұңқырларға толы еді. Содом мен Ғомораның патшалары қашып бара жатқанда, сол шұңқырларға құлап түсті, қалғандары болса тауларға қарай қашып кетті. 11  Ал жеңімпаз төрт патша Содом мен Ғомораның бар мал-мүлкі мен азық-түлігін тонады+. 12  Сонымен қатар Содомда тұрып жатқан Лұтты+, яғни Ыбырамның бауырының ұлын, бар мал-мүлкімен қоса алып кетті. 13  Қашып құтылған бір кісі мұны еврей Ыбырамға жеткізді. Ол кезде Ыбырам аморлық Мамренің+ иелігіндегі үлкен ағаштардың арасында шатыр тігіп тұратын. Мамре және оның бауырлары Ешқол мен Анер+ Ыбырамның одақтастары еді. 14  Бауырының+ тұтқынға түскенін естігенде, Ыбырам соғысқа жаттыққан адамдарын — үйінде туылған 318 қызметшісін — жасақтады да, жауды қуып, Данға+ дейін барды. 15  Түнде ол жасағын топ-топқа бөлді де, қызметшілерімен бірге жауға шауып, оларды талқандады. Сосын оларды Дамаскінің солтүстігіндегі Хобаға дейін қуды. 16  Осылай ол қолды болған мал-мүліктің бәрін, бауыры Лұт пен оның дүние-мүлкін, сондай-ақ әйелдер мен басқа да адамдарды қайтарып алды. 17  Ыбырам Кедорлаумерді және оған ерген патшаларды жеңіп қайтып келе жатқанда, Содом патшасы оны қарсы алу үшін Шабе аңғарына, яғни Патша аңғарына+, шықты. 18  Салимнің патшасы Мәліксадық+ та нан мен шарап алып шықты. Ол Алла Тағаланың діни қызметкері еді+. 19  Ыбырамға батасын беріп, Мәліксадық былай деді: “Ыбырамды жарылқасын Алла Тағала,Көк пен жердің Жаратушысы. 20  Дәріптелсін Алла ТағалаЖауларыңды қолыңа берген!” Сонда Ыбырам оған қолға түсірген олжасының оннан бір бөлігін берді+. 21  Бұдан кейін Содом патшасы Ыбырамға: “Маған адамдарды қайтарсаңыз болды, ал мал-мүлік өзіңізде қала берсін”,— деді. 22  Бірақ Ыбырам оған: “Көк пен жердің Жаратушысы Алла Тағаламыз Ехобаның алдында қолымды көтеріп тұрып ант етемін: 23  сіз кейін “Ыбырамды байытқан менмін” деп жүрмеуіңіз үшін, дүние-мүлкіңізден еш нәрсе де, тіпті бір сабақ жіп те, сандалдың бір бауын да алмаймын. 24  Тек жігіттерімнің ішіп-жеген тамағын ғана қайтармайын, сондай-ақ менімен бірге жорыққа шыққан Анер, Ешқол, Мамре+ өздеріне тиісті үлестерін алсын”,— деп жауап берді.

Сілтемелер

Яғни Өлі теңіз.