Мұсаның 1-жазбасы 22:1—24
22 Бірде Құдай Ыбырайымды сынамақ+ болды. Құдай: “Ыбырайым!”— деп шақырғанда, ол: “Тыңдап тұрмын”,— деп жауап қатты.
2 “Өтінем, қатты жақсы көретін жалғыз ұлың+ Ысқақты+ ертіп, Мория+ жеріне бар. Сол жерде мен көрсететін тауда оны құрбандыққа шалып, өртеп жібер”,— деді Құдай.
3 Ыбырайым таңертең ерте тұрып, есегін ерттеп, жанына екі қызметшісі мен Ысқақты ертіп алды. Ол өртелетін құрбандық үшін отын жарып алып, Құдай өзіне көрсеткен жерге қарай жолға шықты.
4 Үшінші күні Ыбырайым көз тігіп, әлгі жерді алыстан көрді.
5 Сонда қызметшілеріне: “Сендер есекпен осында қалыңдар. Балам екеуіміз ана жаққа барып, Құдайға ғибадат етіп қайтып келеміз”,— деді.
6 Содан Ыбырайым өртелетін құрбандыққа арналған отынды алып, ұлы Ысқақтың иығына артты. Ал өзі қолына от пен пышақ* алып, екеуі жүріп кетті.
7 Ысқақ жолда әкесіне: “Әке”,— дегенде, ол: “Иә, ұлым”,— деп үн қатты. Ысқақ: “Бізде от пен ағаш бар, ал құрбандыққа шалып, өртеп жіберетін қой қайда?”— деп сұрады.
8 Ыбырайым: “Ұлым, құрбандыққа шалып, өртеп жіберетін қойды+ Құдайдың өзі береді”,— деп жауап берді де, екеуі әрі қарай жүре берді.
9 Ақыр соңында, олар Құдайдың Ыбырайымға көрсеткен жеріне келіп жетті. Ыбырайым сол жерде құрбандық орнын тұрғызып, үстіне отын қойды. Сосын Ысқақтың аяқ-қолын байлап, құрбандық орнындағы отынның үстіне жатқызды+.
10 Ыбырайым қолына пышағын алып, оны бауыздамақ болғанда+,
11 Ехобаның періштесі көктен тіл қатып: “Ыбырайым! Ыбырайым!”— деп шақырды. Ол: “Тыңдап тұрмын”,— деп жауап берді.
12 Сонда періште: “Балаға тиіспе, оған зақым келтірме! Енді сенің Құдайдан қорқатын адам екеніңді білдім, өйткені өзіңнің жалғыз ұлыңды менен аямадың+”,— деді.
13 Ыбырайым төңірегіне көз тастап, әріректе мүйізі қалың бұтаға шырмалып қалған бір қошқарды көрді. Ол барып, қошқарды әкелді де, ұлының орнына құрбандыққа шалып, өртеп жіберді.
14 Ыбырайым сол жерді Ехоба-Ире* деп атады. Сондықтан да күні бүгінге дейін жұрт: “Ехобаның тауында қажетің беріледі”+,— дейді.
15 Ехобаның періштесі Ыбырайымға екінші рет көктен үн қатып,
16 былай деді: “Мен өзіммен ант етемін,— дейді Ехоба+,— сен осылай істеп, өзіңнің жалғыз ұлыңды менен аямағаның үшін+,
17 саған міндетті түрде батамды беріп, ұрпағыңды аспандағы жұлдыздардай және теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай көбейтемін+. Сенің ұрпағың жауларының қалаларын* иемденетін болады+.
18 Менің сөзіме құлақ асқаның үшін, сенің ұрпағың+ арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға батам қонады+”.
19 Ыбырайым қызметшілеріне қайта оралып, бәрі бірге Бер-Шебаға+ қарай жол тартты. Сөйтіп, Ыбырайым Бер-Шебада тұрып жатты.
20 Осы оқиғалардан соң Ыбырайымға келесідей хабар жетті: “Бауырыңыз Нахорға+ әйелі Мылқа бірнеше ұл туып берді.
21 Атап айтқанда, ол тұңғышы Ұзды, оның інісі Бузды, Кемуелді (Арамның әкесі),
22 Кесетті, Хазоны, Пилдашты, Идлаф пен Бетуелді+ дүниеге әкелді”.
23 Бетуелден Рабиға+ туылды. Мылқа осы сегіз ұлды Ыбырайымның бауыры Нахорға сыйлады.
24 Нахордың Рехума деген кәнизагы да Тебах, Гахам, Тахаш және Мағақ есімді төрт ұл туды.
Сілтемелер
^ Немесе “мал соятын пышақ”.
^ Мағынасы “Ехоба қарастырады; Ехоба қажетіңді береді”.
^ Сөзбе-сөз “қақпасын”.