Мұсаның 1-жазбасы 27:1—46
27 Ысқақ қартайып, көзі көрмей қалған еді. Содан ол үлкен ұлы Есауды+ шақырып алып: “Ұлым”,— дегенде, Есау: “Тыңдап тұрмын”,— деп жауап қатты.
2 Әкесі сөзін жалғап былай деді: “Міне, мен қартайдым, қанша ғұмырым қалғанын білмеймін.
3 Қолыңа қару-жарағыңды — қорамсағың мен садағыңды — ал да, даладан аң аулап әкелші+.
4 Сосын одан жақсы көретін тамағымды істеп, маған әкеле ғой. Оны жеп, көзімнің тірісінде саған батамды берейін”.
5 Ысқақ Есаумен сөйлескен кезде, Рабиға тыңдап тұрған еді. Есау аң аулау үшін далаға кеткенде+,
6 Рабиға баласы Жақыпқа+ былай деді: “Қазір ғана ағаң Есауға әкеңнің не айтқанын естідім.
7 Ол: —Аң аулап әкеліп, одан дәмді тамақ жасап бер. Оны жейін де, көз жұмбай тұрып, саған Ехобаның алдында батамды берейін,— деді+.
8 Ал енді, балам, мені мұқият тыңдап, айтқанымды істе+.
9 Қазір отарға барып, екі қоңды лақ әкеле ғой. Мен одан әкеңнің сүйсініп жейтін тамағын дайындап берейін.
10 Соны әкеңе апарып бер, ол жесін. Сөйтіп, саған өлер алдында батасын берсін”.
11 Жақып анасына былай деді: “Ағам Есаудың денесін түк басқан+, ал мен түксізбін.
12 Әкем мені сипаса ше+? Сонда ол өзін мазақтап тұр деп ойлап, маған бата орнына қарғыс айтады ғой”.
13 Бұған анасы: “Балам, саған айтылған қарғыс маған тисін. Бар да, айтқанымды істеп, маған лақтарды әкеліп бер”,— деді+.
14 Содан Жақып барып, анасына лақтарды апарып берді. Рабиға одан әкелерінің жақсы көретін тамағын әзірледі.
15 Кейін үйінен үлкен ұлы Есаудың ең жақсы киімін алып, кіші ұлы Жақыпқа кигізді+.
16 Ал лақтардың терісімен оның қолдары мен мойнының түксіз жерін жапты+.
17 Сосын оның қолына дәмдеп жасаған тамағы мен нанды ұстатты+.
18 Жақып ішке кіріп, әкесіне: “Әке!”— дегенде, Ысқақ: “Иә, ұлым, сен кімсің?”— деді.
19 “Мен тұңғыш ұлыңыз Есаумын+. Сіздің айтқаныңызды істедім. Түрегеліп отырыңыз да, мен аулаған аңның етінен жеп, маған батаңызды беріңізші”,— деді Жақып+.
20 Ысқақ: “Ұлым, қалайша оны тез тауып әкелдің?”— деп сұрады. Бұған ол: “Сіздің Құдайыңыз Ехоба оны алдымнан кезіктірді”,— деп жауап берді.
21 Сонда Ысқақ Жақыпқа: “Ұлым, қасыма жақындашы, сені сипап, шынымен ұлым Есаусың ба, жоқ па — соны білейін”,— деді+.
22 Жақып әкесіне жақындағанда, ол оны сипап көріп: “Дауысы Жақыптікі, ал қолдары Есаудікі”,— деп+,
23 оны танымады. Өйткені оның қолдары ағасы Есаудікіндей түкті еді. Сондықтан Ысқақ оған батасын берді+.
24 Бұдан кейін Ысқақ: “Сен шынымен ұлым Есаумысың?”— деп сұрады. “Иә, солмын”,— деп жауап берді Жақып.
25 Сонда Ысқақ: “Ұлым, әкелген аң етінен бере ғой. Жеп алып, саған батамды берейін”,— деді. Жақып тамақты берді, ол жеді. Артынша шарап әкелді, одан да ішті.
26 Кейін Ысқақ: “Ұлым, қасыма жақындап, мені сүйші”,— деді+.
27 Жақып қасына келіп, оны сүйгенде, әкесі киімнің иісін танып+, батасын беріп былай деді:
“Ұлымның иісі Ехоба жарылқаған даланың иісіндей.
28 Құдай саған аспанның шығын+, жердің құнарлысын+, мол астық пен жаңа шарап берсін+.
29 Халықтар саған қызмет етіп, әртүрлі ұлттар иіліп тағзым етсін. Бауырларыңа қожайын бол, анаңның ұлдары саған бас исін+. Сені қарғайтындарды қарғыс атсын, ал батасын беретіндер жарылқансын+!”
30 Ысқақ батасын аяқтап, Жақып оның қасынан кеткені сол еді, аңнан ағасы Есау оралды+.
31 Ол да дәмді тағам дайындап, әкесіне әкеліп: “Әке, түрегеліп отырып, ұлыңыз әкелген аң етінен жеңіз. Сөйтіп, маған батаңызды беріңіз”,— деді.
32 Ысқақ: “Сен кімсің?”— деп сұрады. Ол болса: “Мен сіздің тұңғыш ұлыңыз Есаумын”,— деді+.
33 Сонда Ысқақ қатты шошығаннан қалтырап кетіп: “Онда маған аң аулап, тамақ әзірлеп әкелген кім? Сенің алдыңда ғана оның тамағын жеп, батамды беріп қойдым. Енді батама кенелетін — сол!”— деді.
34 Әкесінің сөздерін естігенде, Есау қатты күйініп, айқайлап жіберді де: “Маған да, әке, маған да батаңызды беріңіз!”— деді+.
35 Бірақ әкесі бас тартып: “Бауырың қулықпен келіп, саған тиесілі батаны иемденіп кетті”,— деді.
36 Сонда Есау: “Оның Жақып* деп аталуы бекер ме? Ол мені орнымнан екінші рет ығыстырып тұр+. Алдымен, ол тұңғыштық жолымды алды+, енді міне, маған тиісті батаны да иемденіп кетті+!”— деді, кейін әкесінен: “Мен үшін ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба?”— деп сұрады.
37 Ысқақ оған: “Мен оны саған қожайын еттім+, барлық бауырын оның қызметшісі қылдым. Оған молынан астық пен жаңа шарап бердім+. Ал саған беретін менде не қалды, ұлым?”— деді.
38 Есау әкесіне: “Әке, сізде бар болғаны бір-ақ бата ма? Маған да, әке, маған да бата бере көріңіз!”— деп, өкіріп жылап жіберді+.
39 Сонда Ысқақ ұлына былай деді:
“Сенің мекенің құнарлы жерден, аспан шығынан алыста болады+.
40 Өмір бойы қолыңнан семсер түспейді+, әрі бауырыңа қызмет ететін боласың+. Бірақ күндердің күнінде жұлқынып бас көтеріп, оның мойынтұрығынан* босайсың+”.
41 Әкесінің батасын алып қойғаны үшін Есау Жақыпқа кек сақтап қалды+. Ол іштей: “Әкемді жоқтап, аза тұтатын күн жақын қалды+. Содан кейін Жақыптың көзін құртамын”,— деп жүрді.
42 Үлкен ұлы Есаудың бұл сөздері Рабиғаның құлағына жеткенде, ол дереу кіші ұлы Жақыпты шақырып алып: “Ағаң Есау кек сақтап, сені өлтіргелі жүр.
43 Сондықтан, ұлым, менің айтқанымды істе: жинал да, Харанда тұратын менің бауырым Лабанға қаш+.
44 Ағаңның ашуы басылғанша, сол жерде біраз бола тұр.
45 Оның ашуы тарқап, өзіне істегеніңді ұмытқан кезде, мен адам жіберіп, сені шақыртып аламын. Бір күнде екеуіңнен бірдей айырылып қалар жайым жоқ!”— деді.
46 Осыдан кейін Рабиға Ысқаққа: “Хет қыздарының кесірінен өмірім — өмір емес+. Егер Жақып та әйелді осындай Хет қыздарынан, осы жердің қыздарынан, алатын болса, онда өмір сүріп қайтемін?!”— деумен болды+.