Мұсаның 1-жазбасы 36:1—43

  • Есаудың үрім-бұтағы (1—30)

  • Едом патшалары мен шейхтары (31—43)

36  Есау, яғни Едом+, жөнінде:  Есау өзіне Қанахан қыздарынан әйелдер алды: хеттік Елонның+ қызы Аданы+ және хевтік Зибеонның немересі, Анахтың қызы Охолибаманы+.  Сондай-ақ ол Ысмағұлдың қызы, Набайоттың+ қарындасы Басематты+ алды.  Ада Есауға Елифазды, ал Басемат Рәгуелді,  Охолибама болса Еуш, Яғлом және Қорахты+ туып берді. Бұлар Есаудың Қанахан жерінде туылған ұлдары.  Кейін Есау әйелдерін, ұл-қыздарын, үй ішіндегі барлық жанды, отар-табындарын, Қанахан жерінде жиған-терген барлық байлығын алып+, бауыры Жақыптан жырақтау басқа бір жерге көшті+.  Себебі екеуінің мал-мүлкі көп болғаны сонша — жатжерлік ретінде тұрып жатқан жерлері тарлық етіп, бір жерде тұра алмады.  Сөйтіп, Есау Сейірдің таулы өңіріне қоныс тепті+. Есауды Едом+ деп те атайтын.  Сейірдің таулы өңірінде мекендейтін едомдықтардың+ түп атасы Есау жөнінде: 10  Есаудың әйелі Ададан туылған ұлының есімі — Елифаз, ал әйелі Басематтан туылған ұлының есімі — Рәгуел+. 11  Елифаздың ұлдары: Теман+, Омар, Зефо, Ғатам және Кеназ+. 12  Есаудың ұлы Елифаздың Тамна атты кәнизагы болатын. Ол Елифазға Амалекті+ туып берді. Бұлар Есаудың әйелі Аданың немерелері. 13  Рәгуелдің ұлдары: Нахат, Зарах, Шамах және Мизах. Бұлар Есаудың әйелі Басематтың+ немерелері. 14  Есаудың әйелі Охолибаманың оған туып берген ұлдары: Еуш, Яғлом және Қорах. Охолибама Анахтың қызы, Зибеонның немересі болатын. 15  Есаудан тараған шейхтар*+: оның тұңғышы Елифаздың ұлдары — шейх Теман, шейх Омар, шейх Зефо, шейх Кеназ+, 16  шейх Қорах, шейх Ғатам және шейх Амалек. Міне, осылар Едом жерінде Елифаздан тараған шейхтар+ болды. Олар Аданың немерелері еді. 17  Есаудың ұлы Рәгуелдің ұлдары мыналар: шейх Нахат, шейх Зарах, шейх Шамах, шейх Мизах. Бұлар Едом+ жерінде Рәгуелден тараған шейхтар. Олар Есаудың әйелі Басематтың немерелері еді. 18  Ал Есаудың әйелі Охолибаманың ұлдары: шейх Еуш, шейх Яғлом, шейх Қорах. Бұлар Анахтың қызы Охолибаманың шейх болған ұлдары. 19  Міне, осылар Есаудың, яғни Едомның+, ұлдары және солардан тараған шейхтар. 20  Ал мынау сол жердің тұрғындары болған хорлық Сейірдің ұлдары+: Лотан, Шобал, Зибеон, Анах+, 21  Дишон, Езер, Дишан+. Бұлар Едом жерінде Сейірден тараған хорлық шейхтар. 22  Лотанның ұлдары: Хори және Хемам. Ал Тамна Лотанның әпкесі болатын+. 23  Шобалдың ұлдары: Албан, Манахат, Евал, Шебо және Онам. 24  Зибеонның+ ұлдары: Аях және Анах. Әкесі Зибеонның есектерін бағып жүріп, шөлде ыстық су көздерін тауып алған осы Анах болатын. 25  Анахтың балалары: ұлының аты — Дишон, қызынікі — Охолибама. 26  Дишонның ұлдары: Хемдан, Ешпан, Итран, Керан+. 27  Езердің ұлдары: Білхан, Зағауан, Ақан. 28  Дишанның ұлдары: Ұз және Аран+. 29  Хорлықтардан шыққан шейхтар мыналар: шейх Лотан, шейх Шобал, шейх Зибеон, шейх Анах, 30  шейх Дишон, шейх Езер, шейх Дишан+. Бұлар Сейір жеріндегі хорлық шейхтар. 31  Исраилдіктерді патша билемей тұрғанда+, Едом+ жерінде келесі патшалар билік құрды: 32  Беғор ұлы Бела Едомда патшалық етті. Оның қаласы Динхаба деп аталды. 33  Бела қайтыс болған соң, оның орнына Босрадағы Зарах ұлы Жобаб билік құрды. 34  Жобаб дүниеден өткен соң, орнына темандықтардың жерінен шыққан Хушам билік етті. 35  Хушам көз жұмған соң, оның орнына Бедат ұлы Хадад патша болды. Ол Моаб жерінде мадияндықтарды+ жеңген болатын. Хададтың қаласы Ауит деп аталды. 36  Ал Хадад қайтыс болғаннан кейін, билік басына масректік Самла келді. 37  Самла дүниеден өткен соң, Шаул билік құрды. Ол өзеннің бойында орналасқан Рехоботтан еді. 38  Шаул қайтыс болған соң, орнына Ахбордың ұлы Бағал-Ханан билік ете бастады. 39  Ахбордың ұлы Бағал-Ханан дүние салғаннан кейін, орнына Хадар патша болды. Оның қаласының аты Пау еді. Ал әйелінің аты — Мехетабел, ол Матредтің қызы, Месахабтың немересі болатын. 40  Есаудан тараған әрі әулеттері мен тұрған мекендеріне қарай аталған шейхтардың есімдері мыналар: шейх Тамна, шейх Алуах, шейх Етет+, 41  шейх Охолибама, шейх Елах, шейх Пинон, 42  шейх Кеназ, шейх Теман, шейх Мипсар, 43  шейх Магдиел, шейх Ирам. Бұлар өз елінде қоныс тепкен мекендері+ бойынша аталған Едом шейхтары. Едомдықтардың түп атасы — Есау+.

Сілтемелер

“Шейх” деп рубасын атаған.