Мұсаның 1-жазбасы 45:1—28
45 Сонда Жүсіп қызметшілерінің алдында өзін ұстай алмайтынын сезіп+, оларға: “Бәрің де қасымнан кетіңдер!”— деп айқайлады. Бауырларымен оңаша қалғанда, оларға өзінің кім екенін ашты+.
2 Жүсіп қатты жылай бастады, оны тіпті сырттағы мысырлықтар естіді. Бұл хабар перғауынның сарайына да жетті.
3 Жүсіп бауырларына: “Мен Жүсіппін. Әкем әлі тірі ме?”— деді. Бірақ қатты абыржыған бауырлары ештеңе айта алмады.
4 Жүсіп оларға: “Бері жақындаңдаршы”,— дегенде, бауырлары оның қасына келді.
Жүсіп былай деді: “Мен Жүсіппін, өздерің мысырлықтарға сатып жіберген інілеріңмін ғой+.
5 Бірақ енді қайғырмаңдар, мені осында сатып жібергендерің үшін бір-біріңді жазғырмаңдар. Себебі Құдай өмірлеріңді сақтап қалу үшін бұл жерге мені сендерден бұрын жіберді+.
6 Елді ашаршылық жайлағанына екі жыл болды+, әлі бес жыл бойы жер жыртылмайды, егін де орылмайды.
7 Құдай ұлы іспен өмірлеріңді құтқарып, жер бетінде арттарыңнан ұрпақ* қалдыру үшін+ мені осында сендерден бұрын жіберді.
8 Олай болса, мені мұнда сендер емес, Құдай жіберді. Ол мені перғауынның бас уәзірі*, сарайының қожайыны және бүкіл Мысыр еліне билеуші етіп қойды+.
9 Тезірек әкеме барып, мынаны айтыңдар: —Ұлыңыз Жүсіп былай деп сәлем жолдады: “Құдай мені бүкіл Мысыр еліне әмірші етіп тағайындады+. Кідірмей маған келіңіз+.
10 Гөшен жеріне+ қоныстанып, ұлдарыңыз бен немерелеріңізді, ірілі-ұсақты малдарыңыз бен иелігіңіздегінің бәрін әкеліп, менің қасымда тұрыңыз.
11 Аштық әлі бес жылға созылады. Осы кездің бәрінде сізді азық-түлікпен қамтамасыз етемін+. Әйтпесе өзіңіз де, үй ішіңіз де жоқшылыққа ұшырап, бар мал-мүлкіңізден түк қалмайды”.
12 Сендермен сөйлесіп тұрған шынымен мен екенімді інім Бениямин де, өздерің де көріп тұрсыңдар+.
13 Менің Мысырдағы бар атақ-абыройымды және көрген-білгендеріңнің бәрін әкеме айтып беріңдер. Ал енді тездетіп барып, әкемді осында әкеліңдер”.
14 Сосын Жүсіп інісі Бенияминді бауырына басып, егіле жылады. Бениямин де оны мойнынан құшақтап жылады+.
15 Кейін Жүсіп ағаларының бетінен сүйіп, құшақтап жылады. Содан кейін ғана бауырлары онымен сөйлесе бастады.
16 “Жүсіптің бауырлары келіпті” деген хабар перғауынның сарайына жетті. Бұған перғауын да, оның қызметшілері де қуанышты болды.
17 Перғауын Жүсіпке былай деді: “Бауырларыңа: —Есектеріңе жүк артып, Қанахан еліне оралыңдар,
18 сөйтіп, әкелеріңді және үй іштеріңді алып маған келіңдер. Мен сендерге Мысырдың ең жақсысын беремін, сендер ең құнарлы жердің өнімін жейтін боласыңдар+,— деп айт.
19 Сондай-ақ оларға былай деуіңді бұйырамын+: —Мысырдан арбалар+ ала кетіп, оған бала-шағаларыңды, әйелдеріңді және әкелеріңді отырғызып әкеліңдер+.
20 Мал-мүліктеріңді уайымдамаңдар+, өйткені Мысыр елінің ең жақсысы сендердікі болады”.
21 Исраилдің ұлдары осы айтылғандарды істеді. Перғауынның бұйрығы бойынша, Жүсіп бауырларына арбалар мен жол азығын берді.
22 Сондай-ақ әрқайсысына бір-бірден жаңа киім, Бенияминге болса 300 күміс ақша мен бес жаңа киім сыйлады+.
23 Ал әкесіне он есекке артылған Мысырдың ең жақсы нәрселерін, тағы он ұрғашы есекке астық, нан, жол азығын артып жіберді.
24 Жүсіп бауырларын шығарып салып жатып: “Жол-жөнекей өзара керіспеңдер”+,— деді. Осылайша олар елдеріне жүріп кетті.
25 Олар Мысырдан шығып, Қанахан жеріндегі әкелері Жақыпқа келді де,
26 оған: “Жүсіп тірі екен! Ол бүкіл Мысыр елін билеп отыр+!”— деді. Бұл сөзге сенбегендіктен, әкелерінің жүрегі бүлк етпеді+.
27 Бірақ олар Жүсіптің айтқандарын түгел баяндап бергенде және өзіне арнап жіберген арбаларды көргенде ғана, Жақыптың рухы жандана бастады.
28 Сонда Исраил қуанып: “Енді көзім жетті! Ұлым Жүсіп тірі екен! Өлмей тұрғанда барып, оны көріп қалайын+!”— деді.