Мұсаның 2-жазбасы 10:1—29

  • 8-жаза: шегірткелер (1—20)

  • 9-жаза: қараңғы түнек (21—29)

10  Сонда Ехоба Мұсаға: “Перғауынға бар. Мен оның және қызметшілерінің жүрегінің қасарысуына жол бердім+. Сондағы мақсатым — перғауынның көз алдында осы кереметтерді көрсету+.  Сондай-ақ мұны Мысырды қалай қатаң жазалағанымды және олардың арасында қандай кереметтер жасағанымды ұлдарыңа және немерелеріңе айтып беруің үшін істедім+. Осылай менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар”,— деді.  Мұса мен Харон перғауынға барып, мынаны айтты: “Исраилдіктер* сиынатын Құдай Ехоба былай дейді: —Қашанға дейін маған бағынудан бас тартпақсың+? Маған ғибадат етуі үшін халқымды жібер.  Егер бұлай етпесең, ертең бүкіл өлкеңе шегіртке қаптатамын.  Олардың көптігінен жер беті көрінбей қалады. Олар бұршақтан аман қалғанның бәрін жалмап, далада өсіп тұрған ағаштарыңды да түк қалдырмай жеп қояды+.  Сенің барлық үйің, күллі қызметшілерің мен мысырлықтардың үйлері шегірткеге толады. Мұндайды әкең де, ата-бабаларың да бұрын-соңды көрген емес+”. Осыны айтқан соң, Мұса бұрылып, перғауынның алдынан шығып кетті.  Қызметшілері перғауынға: “Бұл адам қашанға дейін бізді апатқа ұшыратпақ? Ехоба Құдайларына ғибадат етуі үшін мына халықты жіберіңіз. Мысырдың қандай мүшкіл күйге түскенін көрмей тұрсыз ба?”— деді.  Сонда перғауын Мұса мен Харонды алдыртып, оларға: “Барыңдар, Ехоба Құдайларыңа ғибадат етіңдер! Тек кімдер баратынын айтыңдар”,— деді.  Мұса: “Біз жас-кәріміз, ұл-қызымыз түгел барамыз, сондай-ақ қойымыз бен ірі қара малымызды да ала кетеміз+, себебі Ехобаға арнап мейрам өткізбекпіз+”,— деді. 10  Перғауын оларға: “Сендерді бала-шағаларыңмен жібереді екенмін де, ал Ехоба сендерге жар болады екен ғой+! Ойларыңның арам екенін мен білмей тұр дейсіңдер ме?! 11  Жоқ, дегендерің бола қоймас. Ехобаға ғибадат еткілерің келе ме, онда ер кісілерің ғана барсын”,— деді де, Мұса мен Харонды алдынан қуып шығарды. 12  Ехоба Мұсаға: “Мысыр жеріне қарай қолыңды соз. Сонда оны шегіртке қаптап, бұршаққа ұрылмай қалған өсімдіктердің бәрін жалмап қояды”,— деді. 13  Мұса таяғын Мысыр жеріне қарай созғанда, Ехоба шығыстан жел тұрғызды. Жел күні-түні соғып, таң ата шегірткелерді айдап әкелді. 14  Шегірткелер Мысыр жеріне қаптап келіп, бүкіл өлкені басып қалды+. Одан ел қатты зардап шекті+. Мұншама қалың шегіртке бұған дейін болған емес, бұдан кейін де болмайды. 15  Олардан жер беті көрінбей, айнала қап-қара болып кетті. Шегірткелер елдегі бұршақ ұрмаған өсімдіктер мен жемістердің түгін қалдырмай жеп қойды. Сөйтіп, ағаштарда бірде-бір жапырақ, далада бірде-бір өсімдік қалмай, Мысыр жері тып-типыл болды. 16  Сонда перғауын Мұса мен Харонды тез арада шақыртып: “Құдайларың Ехобаның алдында да, сендердің алдарыңда да күнә жасадым. 17  Мені тағы бір жолға кешіріп, Ехоба Құдайларыңнан басыма түскен сұрапыл апаттан құтқарсын деп өтініңдер”,— деді. 18  Ол* перғауынның алдынан шығып, Ехобаға жалбарынды+. 19  Сол кезде Ехоба желдің бағытын өзгертіп, батыстан дауыл тұрғызды. Дауыл шегірткелерді ұшырып, Қызыл теңізге апарып тастады. Осылай Мысыр жерінде бірде-бір шегіртке қалмады. 20  Алайда Ехоба перғауынның жүрегінің қасарысуына жол бергендіктен+, ол исраилдіктерді жібермеді. 21  Бұдан соң Ехоба Мұсаға: “Қолыңды аспанға қарай соз. Сонда Мысыр жерін түнек басып, көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық жайлайды”,— деді. 22  Мұса сол заматта қолын аспанға созып еді, бүкіл Мысыр жерін қараңғы түнек басып, үш күнге дейін сейілмеді+. 23  Адамдар бір-бірін көре алмай қалды және үш күн бойы ешқайда шықпады. Ал исраилдіктердің тұратын жерлерінде жарық болды+. 24  Осыдан кейін перғауын Мұсаны шақыртып алып: “Барыңдар, Ехобаға ғибадат етіңдер+. Балаларыңды да әкете беріңдер. Тек қойларың мен ірі қара малдарың осында қалсын”,— деді. 25  Мұса былай деп жауап қатты: “Ехоба Құдайымызға арнап шалатын құрбандық үшін және түгел өртелетін құрбандық үшін малымызды да жібересіз+. 26  Малды да өзімізбен алып кетеміз, бір тұяқ та қалдырмаймыз. Өйткені Ехоба Құдайымызға ғибадат еткенде, құрбандыққа шалатын малды солардың арасынан аламыз. Бірақ ғибадат кезінде Ехобаға қандай малды ұсынатынымыз сол жерге барғанда ғана мәлім болады”. 27  Ехоба перғауынның жүрегінің қасарысуына жол берді, сондықтан ол исраилдіктерді жібергісі келмеді+. 28  Перғауын Мұсаға: “Жоғал бұл жерден! Енді көзіме көрінуші болма! Ендігәрі көзіме түссең, сол күні-ақ өлесің!”— деп жекіді. 29  Мұса оған: “Жарайды, айтқаныңыз болсын. Енді қайтып алдыңызға келмеймін”,— деді.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “еврейлер”.
Мұса болса керек.