Мұсаның 2-жазбасы 13:1—22

  • Тұңғыш туылған әрбір еркек кіндікті Ехобанікі (1, 2)

  • Ашымаған нан мейрамы (3—10)

  • Тұңғыш туылған әрбір еркек кіндікті Ехобаға бағышталу керек (11—16)

  • Исраилдіктердің Қызыл теңізге бет алуы (17—20)

  • Бұлт және от бағанасы (21, 22)

13  Ехоба Мұсаға тағы мынаны айтты:  “Исраил халқының арасында тұңғыш туылғанның бәрін: адамның тұңғыш ұлынан бастап малдың алғашқы еркек төліне дейін — маған бағыштаңдар*. Олар менікі+”.  Мұса халыққа былай деді: “Мысыр елінен, құлдықтың үйінен, шыққан осы күнді естен шығармаңдар+, өйткені Ехоба сендерді сол жерден құдіретті қолымен алып шықты+. Ендеше ашытылған ештеңе жемеңдер.  Бүгін, абиб*+ айында, сендер бұл елден шығып жатырсыңдар.  Ехоба ата-бабаларыңа уәде еткен+ қанахандықтардың, хеттіктердің, аморлықтардың, хевтіктер мен ебустіктердің+ жеріне, ағы мен балы ағыл-тегіл мол жерге+ алып барғанда, үнемі осы айда мейрам өткізіп,  жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер+. Ал жетінші күн Ехобаға арналған мейрам болсын.  Ашытқысыз нанды жеті күн бойы жеңдер+. Сендерде ашытылған еш нәрсе болмасын+, бүкіл аймақтарыңда да ашытқы атаулы болмауға тиіс.  Сол күні ұлыңа: —Мысырдан алып шыққанда, Ехобаның маған жасаған жақсылығын есте ұстау үшін осылай істеп жатырмын+,— деп айт.  Ехобаның заңы аузыңнан түспес үшін, қолың мен маңдайыңа байланған белгі сияқты+, бұл мейрам сол оқиғаны есіңе салып тұрады. Өйткені Ехоба сені құдіретті қолымен Мысырдан алып шықты. 10  Бұл нұсқауды белгіленген уақытта жыл сайын орындап отыр+. 11  Ехоба өзіңе және ата-бабаларыңа уәде еткен+ Қанахан жеріне сені алып келгенде, 12  Ехобаға тұңғыш туылғанның бәрін: тұңғыш ұлыңнан бастап малыңның алғашқы еркек төліне дейін — бағышта. Олар Ехобанікі+. 13  Есектің алғашқы төлінің құнын қоймен өтеп ал. Егер олай етпесең, оның мойнын үз. Әрбір тұңғыш ұлыңның да құнын өтеп ал+. 14  Кейінірек ұлың: —Бұл нені білдіреді?— деп сұраса, оған: —Ехоба бізді Мысыр елінен, құлдық үйінен, құдіретті қолымен алып шыққан+. 15  Перғауын қырсығып бізді жібермей жатқанда+, Ехоба Мысыр жеріндегі тұңғыш туылғандардың бәрін — адамның тұңғыш ұлынан бастап малдың алғашқы төліне дейін — өлтірді+. Сондықтан малымыздың алғашқы еркек төлдерін Ехобаға құрбандыққа шаламыз, ал тұңғыш ұлдарымызды құн беріп сатып аламыз,— деп айт. 16  Осылайша бұл мейрам, қолың мен маңдайыңа байланған белгі+ сияқты, сол оқиғаны есіңе салып тұрсын. Өйткені Ехоба бізді құдіретті қолымен Мысырдан алып шықты”. 17  Перғауын халықты жібергенде, Құдай оларды філістірлердің жерінен өтетін төте жолмен алып жүрген жоқ. Өйткені Құдай: “Соғысу керектігін көргенде, халық алған бетінен тайып, Мысырға кері қайтып жүрер”,— деді. 18  Сондықтан Құдай оларды Қызыл теңіздің маңындағы шөл даламен айналдырып алып жүрді+. Исраилдіктер Мысырдан әскер жасағындай ұйымдасқан түрде шықты. 19  Мұса Жүсіптің сүйегін де ала шықты. Өйткені Жүсіп: “Құдай сендерге міндетті түрде назарын салады. Сонда менің сүйегімді осы жерден өздеріңмен бірге алып кетіңдер”,— деп, Исраил ұлдарынан ант алған еді+. 20  Олар Суқоттан шығып, шөл даланың шетіндегі Етамда қос тікті. 21  Ехоба күндіз жол көрсету үшін бұлт бағанасы+, ал түнде жарық түсіру үшін от бағанасы арқылы халықтың алдында жүріп отырды. Осылай олар күні-түні жол жүре алды+. 22  Күндіз бұлт бағанасы, ал түнде от бағанасы халықтан ажырамай жүріп отырды+.

Сілтемелер

Немесе “қасиетті етіңдер”. Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.