Мұсаның 2-жазбасы 31:1—18
31 Ехоба сөзін жалғап, Мұсаға былай деді:
2 “Міне, мен яһуда руынан шыққан Хұрдың немересі, Ұридың ұлы Беселиелді+ таңдап алдым.
3 Мен оны рухыма* кенелтемін. Сонда ол даналыққа, түсінік пен білімге ие болып, кез келген қолөнерге:
4 сан қилы жобалар жасауға; алтын, күміс және мыстан бұйымдар жасауға;
5 тастарды қашап, құрсауларға қондыруға+; ағаштан небір бұйымдар жасауға — қабілетті болады+.
6 Ал дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Ахолияпты оған көмекші етіп тағайындаймын+. Мен саған бұйырған нәрселердің бәрін жасай алулары үшін күллі шеберлерге даналық дарытамын+.
7 Олар кездесу шатырын+, куәлік сандығы+ мен оның қақпағын+ және шатырдың барлық басқа бұйымдарын,
8 үстел+ мен оның керек-жарағын, саф алтын шамдалды және оның құрал-жабдығын+, хош иісті зат түтететін үстелді+,
9 өртелетін құрбандық ұсынылатын ошақ+ пен оның құрал-жабдықтарын, қазан мен оның тұғырын+,
10 әдемілеп тоқылатын киімдерді, діни қызметкер Харон киетін киелі киімді және оның ұлдары діни қызмет атқарғанда киетін киімдерді+,
11 майлау рәсіміне арналған майды және қасиетті орында түтетілетін хош иісті заттарды жасайтын болады+. Олар мен саған бұйырғандардың бәрін істейді”.
12 Ехоба Мұсаға тағы да былай деді:
13 “Исраилдіктерге мынаны айт: —Менің Демалыс күндеріне қатысты заңымды міндетті түрде орындаңдар+. Өйткені бұл — менің сендермен жасасқан келісімімнің белгісі. Сендерді қасиетті еткен мен, Ехоба, екенімді осы белгі ұрпақтан ұрпаққа естеріңе салып тұрады.
14 Демалыс күнін ұстаныңдар, ол сендер үшін қасиетті+. Демалыс күніне қатысты заңды бұзған адам өлтірілуге тиіс. Кімде-кім сол күні жұмыс істесе, халқының арасынан соның көзі құртылсын+.
15 Алты күн бойы жұмыс істеуге болады, ал жетінші күн — Демалыс күні, сол күні толығымен тынығыңдар+. Ол Ехоба үшін қасиетті. Кім Демалыс күні жұмыс істесе, сол өлтірілсін.
16 Исраилдіктер Демалыс күніне қатысты заңды ұрпақтан ұрпаққа орындасын. Ол — мәңгілікке бекітілген келісім.
17 Сонымен, Демалыс күні — менің Исраил халқымен жасаған мәңгілік келісімімнің белгісі+. Өйткені Ехоба алты күн ішінде аспан мен жерді жаратты, ал жетінші күні ісін доғарып, демалды+”.
18 Синай тауында Мұсамен сөйлесіп болған соң, Құдай оған екі куәлік тақташасын берді+. Бұл тас тақташаларға Құдай өз қолымен* жазған болатын+.