Мұсаның 2-жазбасы 37:1—29

  • Сандықтың жасалуы (1—9)

  • Үстел (10—16)

  • Шамдал (17—24)

  • Хош иісті зат түтететін үстел (25—29)

37  Беселиел+ қараған ағашынан сандық+ жасады: ұзындығы 2,5 шынтақ*, ені мен биіктігі 1,5 шынтақ+.  Оның іші-сыртын саф алтынмен қаптап, жоғарғы жиегін айналдыра алтынмен әшекейледі+.  Сосын алтыннан төрт сақина құйып жасап, оларды төрт аяғының жоғары жағына — екеуін бір бүйіріне, екеуін екінші бүйіріне — бекітті.  Бұдан соң қараған ағашынан сырықтар жасап, алтынмен қаптады+.  Сандықты көтеріп алып жүру үшін+, сырықтарды екі бүйіріндегі сақиналардан өткізіп қойды.  Кейін ол саф алтыннан сандықтың қақпағын жасады+: ұзындығы 2,5 шынтақ, ені 1,5 шынтақ+.  Сондай-ақ алтыннан соғып, екі керуб+ жасады да, оларды қақпақтың+ екі жағына —  біреуін бір шетіне, екіншісін екінші шетіне — орнатты. Осылай ол қақпақтың үстіне керубтер жасады.  Керубтердің қанаттары жоғары көтеріліп, қақпақты көлегейлеп тұрды+. Олар қарама-қарсы орнатылып, жүздері қақпаққа қаратылды+. 10  Сосын ол қараған ағашынан үстел жасады+: ұзындығы 2, ені 1, биіктігі 1,5 шынтақ+. 11  Оны саф алтынмен қаптап, жиегін алтынмен өрнектеді. 12  Оның астына айналдыра ені төрт елі болатын жақтау істеп, оның да төменгі жиегін алтынмен өрнектеді. 13  Кейін алтыннан төрт сақина құйып, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына, 14  жақтауға жақынырақ жеріне бекітті. Сақиналардан үстелді көтеріп жүретін сырықтар өткізіледі. 15  Ол үстелді көтеріп жүретін сырықтарды қараған ағашынан жасап, алтынмен қаптады. 16  Сосын үстелге арналған ыдыс-аяқтар — жайпақ табақтар, тостағандар, сұйық тартулар құятын керсендер мен құмыралар — жасады+. 17  Бұдан соң ол саф алтыннан соғып, шамдал жасады+. Оның тұғыры, діңгегі, тостаған жапырақшалары, түйіндері мен гүлдері біртұтас жасалды+. 18  Діңгектен алты сабақ тарады: үшеуі бір жағына, үшеуі екінші жағына шығып тұрды. 19  Діңгектің бір жағындағы әр сабақта бадам гүліне ұқсас үш тостаған жапырақша болып, олар түйіндермен және гүлдермен кезектесіп орналасты. Екінші жағындағы сабақтары да дәл солай істелінді. Шамдалдың діңгегінен шыққан алты сабақтың бәрі осылай жасалды. 20  Ал діңгекке бадам гүліне ұқсас төрт тостаған жапырақша жасалып, түйіндермен және гүлдермен кезектесіп орналастырылды. 21  Діңгектен екі жаққа шығып тұрған бірінші қатардағы сабақтардың түйіскен жерінің астына түйін жасалды, екінші және үшінші қатардағы сабақтардың да түйіскен жерінің астына түйін істелді. Осылай алты сабақтың түбінде түйін болды. 22  Түйіндері мен сабақтарын қоса алғанда, бүкіл шамдалды тұтас саф алтыннан соқты. 23  Сосын саф алтыннан жеті шам+, оның қысқаштары мен күлалғыш қалақтарын істеді. 24  Сөйтіп, ол шамдал мен оның құрал-жабдықтарына бір талант* саф алтын жұмсады. 25  Кейін ол қараған ағашынан хош иісті зат түтететін төрт бұрышты үстел жасады+: ұзындығы мен ені 1 шынтақ, ал биіктігі 2 шынтақ. Бұрыштарынан біртұтас жасалған мүйіздер шығарды+. 26  Үстелдің бетін, бүйірлері мен мүйіздерін түгел саф алтынмен қаптап, жоғарғы жиегін айналдыра алтынмен өрнектеді. 27  Оның астына, қарама-қарсы екі бүйіріне екі-екіден алтын сақина орнатты. Олардан үстелді көтеріп жүретін сырықтар өткізіледі. 28  Сосын қараған ағашынан сырықтар жасап, алтынмен қаптады. 29  Сондай-ақ ол майлау рәсіміне арналған киелі май+ мен түтетілетін хош иісті заттардың таза қоспасын+ шеберлікпен* дайындады.

Сілтемелер

1 шынтақ 44,5 см-ге тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “қоспа дайындайтын шебердікіндей етіп”.