Мұсаның 2-жазбасы 39:1—43
39 Шеберлер көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен+ қасиетті орында қызмет еткенде киетін киімдер тоқыды. Олар Харонға, Ехоба дәл Мұсаға бұйырғандай, әдемілеп киелі киім тоқып берді+.
2 Ол* алтын, көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүн мен жақсылап иірілген зығырдан ефод+ тоқыды.
3 Бұл үшін олар алтынды соққылап, жұқа парақтар жасады, ал ол бұларды жіңішке жіп етіп қиды. Онымен көк жіптен, иірілген күлгін жүннен, сапалы зығыр жіптен тоқылған ефод өрнектелді.
4 Сосын олар ефодтың екі бөлігін біріктіріп тұратын екі иық жапсырма істеді.
5 Ефодты мықтап ұстап тұратын белбеу+ де дәл сол жіптерден — алтын, көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен, жақсылап иірілген зығырдан — тоқылып, Ехобаның дәл Мұсаға бұйырғанындай істелді.
6 Олар оникс тастарын алтын құрсауларға орнатып, тастарға Исраил ұлдарының есімдерін мөрге ойып жазғандай жазды+.
7 Сөйтіп, ол осы екі тасты, Ехоба Мұсаға бұйырғандай, Исраил ұлдарына естелік ретінде+ ефодтың иық жапсырмаларына бекітті.
8 Кейін ол төсқалта жасады+. Оны ефод сияқты алтын, көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен, жақсылап иірілген зығырдан өрнектеп тоқыды+.
9 Олар төсқалтаны екі бүктегенде ұзындығы да, ені де бір қарыс* болатындай төрт бұрышты етіп жасады.
10 Сосын оған төрт қатар етіп асыл тастар орнатты: бірінші қатарға лағыл, топаз, зүбәржат;
11 екінші қатарға феруза, жақұт, яшма;
12 үшінші қатарға лешем*, ақық, аметист;
13 төртінші қатарға хризолит, оникс, жадеит. Бұл тастар алтын құрсауларға қондырылды.
14 Тастардың саны Исраил ұлдарының есімдеріне сай 12 болды. Әр тасқа 12 рудың біреуінің аты мөрге жазылғандай ойылып жазылды.
15 Төсқалтаны асып қою үшін, олар саф алтыннан ширатылған бау іспетті екі шынжыр жасады+.
16 Сосын алтыннан екі құрсау, екі сақина жасап, сақиналарды төсқалтаның жоғарғы екі шетіне бекітті.
17 Сөйтіп, екі алтын шынжыр бауды төсқалтаның шетіндегі осы алтын сақиналардан өткізді.
18 Қалған ұштарын ефодтың иық жапсырмасындағы құрсаулардың алдыңғы жағына бекітті.
19 Басқа екі алтын сақина жасап, оларды төсқалтаның ефодқа қараған ішкі жағының төменгі екі шетіне қондырды+.
20 Тағы да екі алтын сақина істеп, иық жапсырмалардың төменгі ұшының бет жағына, тоқылған белбеудің ефодқа байланған жерінің жоғарғы тұсына, бекітті.
21 Сосын төсқалтаның сақиналарына байланған көк баулардың екінші ұштарын ефодтағы осы сақиналарға байлады. Осылайша төсқалта орнынан қозғалмай, белбеудің үстіңгі жағында берік тұрды. Олар мұны Ехоба Мұсаға бұйырғандай істеді.
22 Бұдан кейін ол көк жіптен ефодтың ішінен киетін жеңсіз көйлек тоқыды+.
23 Оның жоғарғы жағынан бас сұғатын ойық жасады. Сөгіліп кетпес үшін, ойықтың шетіне айналдыра сауыттікіндей мықты жиектеме тоқыды.
24 Сосын жеңсіз көйлектің етегіне көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен анар жемістерін жасады.
25 Сондай-ақ саф алтыннан қоңыраушалар істеп, жеңсіз көйлектің етегін айналдыра, анарлардың ара-арасына іліп қойды.
26 Олар бір алтын қоңырауша, бір анар болып кезек-кезек орналасты. Осылайша қызмет кезінде киетін жеңсіз көйлек Ехобаның Мұсаға бұйырғанындай істелінді.
27 Олар Харон мен оның ұлдарына арнап сапалы зығыр жіптен ұзын жеңді көйлек тоқыды+.
28 Сондай-ақ сапалы зығыр жіптен сәлде+, сәнделген баскиім+, жақсылап иірілген зығырдан дамбал+ тоқыды.
29 Сонымен қатар жақсылап иірілген зығырдан, көк және ал қызыл жіптен, күлгін жүннен белбеу тоқыды. Олар мұны Ехоба Мұсаға бұйырғандай істеді.
30 Соңында, саф алтыннан Құдайға бағышталудың киелі белгісі болатын жылтыраған шағын таспа жасап, бетіне “Киелілік Ехобаға тиесілі” деп мөрге жазғандай ойып жазды+.
31 Сосын оны, Ехоба Мұсаға бұйырғандай, көк баумен сәлденің маңдай тұсына байлап қойды.
32 Осылайша киелі шатырдың, яғни кездесу шатырының, бүкіл жұмысы аяқталды. Исраилдіктер барлығын Ехоба Мұсаға бұйырғандай істеді+. Бәрін дәл солай орындады.
33 Бұдан кейін олар Мұсаға киелі шатырды+, оның жабындары+ мен барлық бұйымдарын әкелді. Атап айтқанда, ілмектерін+, қабырғасы үшін жасалған жақтауларын+, сырықтарын+, бағаналары мен олардың ойығы бар тұғырларын+,
34 қызыл түске боялған қой терісінен жасалған жабынды+, итбалық терісінен жасалған жабынды, сандықты көзден тасалап тұратын шымылдықты+,
35 куәлік сандығын, оның сырықтары+ мен қақпағын+,
36 үстелді, оның бар құрал-жабдықтарын+, нан тартуын,
37 саф алтыннан жасалған шамдалды, оның қатар тұрған шамдарын+, бүкіл құрал-жабдықтарын+, жағатын майын+,
38 хош иісті зат түтететін алтын үстелді+, майлау рәсіміне арналған майды+, түтетілетін хош иісті заттарды+, шатырдың кіреберісіне ілінетін пердені+,
39 мыстан жасалған құрбандық ошағын+, оның мыс торын, сырықтары+ мен барлық құрал-жабдықтарын+, үлкен қазан мен оның тұғырын+,
40 ауланы қоршайтын матаны, оның бағаналары мен ойығы бар тұғырларын+, кіреберісіне ілінетін пердені+, арқандары мен қазықтарын+, киелі шатырдағы, яғни кездесу шатырындағы, қызметке арналған барлық құрал-жабдықтарды,
41 қасиетті орында қызмет еткенде киетін әдемі тоқылған киімдерді, Харонның киелі киімі+ мен оның ұлдары діни қызмет атқарғанда киетін киімдерді алып келді.
42 Исраилдіктер бар жұмысты Ехоба Мұсаға бұйырғандай істеді+.
43 Мұса атқарылған бүкіл жұмысты тексергенде, олар бәрін дәл Ехоба бұйырғандай істегенін көрді. Сөйтіп, Мұса оларға батасын берді.
Сілтемелер
^ Осы және 7, 8, 22-тармақтардағы “ол” есімдігі Беселиелге нұсқаса керек.
^ Шамамен 22,2 см. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Белгісіз асыл тас. Бұл янтарь, гиацинт, опал не турмалин болуы мүмкін.