Мұсаның 2-жазбасы 8:1—32

  • 2-жаза: бақалар (1—15)

  • 3-жаза: шіркейлер (16—19)

  • 4-жаза: соналар (20—32)

    • Гөшен зардап шекпейді (22, 23)

8  Ехоба Мұсаға былай деп тіл қатты: “Перғауынға барып, мынаны айт: —Ехоба былай дейді: “Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер+.  Егер бұдан бас тартсаң, бақа жіберіп, бүкіл өлкеңе залал келтіремін+.  Бақа Ніл өзенін қаптайды да, судан шығып, үйіңе, ұйықтайтын бөлмеңе, төсегіңнің ішіне, қызметшілеріңнің үйіне, тандырларың мен қамыр илейтін ыдыстарыңның ішіне кіреді, адамдардың үстіне шығады+.  Бақалар өзіңнің де, халқың мен қызметшілеріңнің де үстінде секіріп жүреді”.  Кейінірек Ехоба Мұсаға былай деді: “Харонға: —Таяғыңды алып, қолыңды өзендерге, Нілден тартылған арықтарға, қамысты тоғандарға қарай созып, Мысыр еліне бақа қаптат,— деп айт”.  Харон Мысырдың суларына қарай қолын созғанда, одан бақалар шығып, Мысыр жерін жайлады.  Сиқыршылықпен айналысатын абыздар да сиқырлықпен осылай істеп, Мысыр жеріне бақалар шығарды+.  Содан перғауын Мұса мен Харонды шақыртып: “Исраил халқын Ехобаға құрбандық шалуға жіберемін. Сондықтан мені және халқымды бақалардан арылтсын деп Ехобадан өтініңдер+”,— деді.  Бұған Мұса: “Бақалар үйлеріңізден құрып, тек Ніл өзенінде ғана қалсын деп, сіз үшін және қызметшілеріңіз бен халқыңыз үшін Құдайдан қашан өтінейін, өзіңіз айтыңыз”,— деді. 10  Перғауын: “Ертең”,— деп жауап берді. Сонда Мұса: “Ехоба Құдайымызға тең келер ешкім жоқ екенін білуіңіз үшін+, сіз айтқандай болады. 11  Үйлеріңізден бақалар құрып, өзіңіз де, қызметшілеріңіз бен халқыңыз да бақалардан құтыласыздар. Бақа тек Ніл өзенінде қалады+”,— деп айтты. 12  Мұса мен Харон перғауынның алдынан кеткен соң, Мұса Ехобаға сиынып, перғауынды бақалардан құтқаруын өтінді+. 13  Ехоба оның өтінішін орындап, үйлердегі, аула мен даладағы бақаларды түгел қырып тастады. 14  Жұрт оларды жинап, төбе-төбе етіп үйді. Олардың сасыған иісі бүкіл елді алып кетті. 15  Перғауын бақалардан құтылғанын көргенде, Ехоба айтқандай, жүрегін қасарыстырып+, оларды тыңдаудан бас тартты. 16  Ехоба Мұсаға: “Харонға мынаны айт: —Таяғыңды сілтеп, жердің топырағын ұр. Сонда ол шіркейге айналып, бүкіл Мысыр жерін басады”,— деді. 17  Олар солай істеді. Харон қолындағы таяғын сілтеп, жердің топырағын ұрғанда, бүкіл Мысырдың топырағы шіркейге айналып+, адамдар мен жан-жануарларды талай бастады. 18  Сиқыршылықпен айналысатын абыздар да сиқырлық жасап, шіркейлер шығармақ болды+, бірақ бұл қолдарынан келмеді. Шіркейлер адамдарды да, жануарларды да талап мазасын алды. 19  Сонда сиқыршылықпен айналысатын абыздар перғауынға: “Бұл — Құдайдың құдіретімен жасалған іс*+!”— деді. Бірақ перғауын, Ехоба айтқандай, әрі қарай да жүрегін қасарыстырып, оларды тыңдамады. 20  Сосын Ехоба Мұсаға былай деді: “Таңертең ерте тұр да, өзенге бара жатқан перғауынның жолын тос. Сөйтіп, оған мынаны жеткіз: —Ехоба былай дейді: “Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер. 21  Егер жібермесең, үйлеріңе, сондай-ақ өзіңнің, қызметшілерің мен халқыңның үстіне сона үймелетемін. Мысырлықтардың үйлері мен тұрып жатқан жерлері сонаға толмақ. 22  Сол күні өз халқым мекендейтін Гөшен жеріне қатысты басқаша әрекет етемін. Онда ешқандай сона болмайды+. Осылайша менің, Ехобаның, осы елде екенімді білетін боласыңдар+. 23  Мен өз халқым мен сенің халқыңның арасын ажыратып қоямын. Бұл жайт* ертең орын алады”. 24  Ехоба өзі айтқандай істеді. Перғауын мен оның қызметшілерінің үйлерін, бүкіл Мысыр жерін сона қаптап кетті+. Күллі ел сонадан қатты зардап шекті+. 25  Ақырында, перғауын Мұса мен Харонды шақыртып: “Барыңдар да, Құдайларыңа осы елде құрбандық шалыңдар”,— деді. 26  Бірақ Мұса: “Бұнымыз дұрыс болмас, өйткені Ехоба Құдайымызға ұсынатын құрбандығымыз мысырлықтар үшін жиіркенішті+. Мысырлықтар жиіркенетін нәрсені көз алдарында құрбандыққа шалсақ, олар бізді таспен атқыламай ма?! 27  Біз шөл далаға үш күнге барып*, Ехоба Құдайымыз айтқандай, оған құрбандықты сол жерде шаламыз+”,— деп жауап берді. 28  Сонда перғауын: “Мен сендерді Құдайларың Ехобаға құрбандық шалу үшін шөл далаға жіберейін. Алайда тым алысқа кетпеңдер. Сондай-ақ мен үшін Құдайға өтініш айтыңдар+”,— деді. 29  Мұса оған: “Алдыңыздан кеткен соң, Ехобаға өтініш айтамын. Ертең-ақ соналар перғауынның, оның қызметшілері мен халқының үйлерінен құрып жоқ болады. Тек перғауын халқымызды Ехобаға құрбандық шалуға жібермей қойып, бізді тағы да алдап жүрмесін+”,— деді. 30  Мұса перғауынның алдынан кетіп, Ехобаға жалбарынды+. 31  Ехоба Мұсаның тілегін орындап, перғауынды, оның қызметшілері мен халқын сонадан арылтты. Елде бірде-бір сона қалмады. 32  Алайда перғауын бұл жолы да жүрегін қасарыстырып, халықты жібермей қойды.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “Құдайдың саусағы”.
Сөзбе-сөз “белгі”.
Немесе “үш күндік жол жүріп”.