Мұсаның 3-жазбасы 23:1—44
23 Ехоба Мұсаға тағы былай деді:
2 “Исраил ұлдарына мынаны жеткіз: —Ехоба белгілеген мейрам күндері+ қасиетті жиын өткізіңдер. Сол мейрамдарды жұртқа жария етіңдер+. Олар мыналар:
3 Алты күн бойы жұмыс істеңдер, ал жетінші күн — толығымен демалатын+, қасиетті жиын өткізетін күн. Бұл күні ешқандай жұмыс істемеңдер. Тұратын жерлеріңнің бәрінде бұл күн Ехобаға бағышталған Демалыс күні болсын+.
4 Ехоба орнатқан әрі белгіленген уақытта жариялауларың керек мейрамдар, яғни қасиетті жиындар мыналар:
5 бірінші айдың он төртінші күні+ — екі кеш арасында өтетін Ехобаға бағышталған Құтқарылу мейрамы+.
6 Ал осы айдың он бесінші күні Ехобаға арналған Ашымаған нан мейрамы+ басталады. Сол күннен бастап жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер+.
7 Мейрамның бірінші күні қасиетті жиын өткізіңдер+. Ешқандай үлкен жұмыс жасамаңдар.
8 Жеті күн бойы Ехобаға өртеп ұсынатын құрбандықтар әкеліңдер. Ал жетінші күні қасиетті жиын өткізіңдер. Бұл күні де ешқандай үлкен жұмыс жасамаңдар”.
9 Сосын Ехоба Мұсаға былай деді:
10 “Исраилдіктерге мынаны айт: —Мен бергелі отырған жерге келген соң, өнім жинағанда, астықтың алғашқы бауын+ діни қызметкерге апарыңдар+.
11 Құдайдың ықыласына ие болуларың үшін, діни қызметкер бауды Ехобаның алдында әрі-бері тербейді. Ол мұны Демалыс күнінен кейінгі күні істеу керек.
12 Бауды әрі-бері тербеген күні Ехобаға арнап түгел өртейтін құрбандыққа еш кемістігі жоқ бір жасқа дейінгі еркек тоқты әкеліңдер.
13 Сондай-ақ Ехобаға ұнамды хош иіс ретінде өртеп жіберу үшін, астық тартуына май араласқан сапалы ұннан ефаның оннан екі бөлігін* алып келіңдер. Бұған қоса, сұйық тартуы ретінде хиннің төрттен бір бөлігі* болатындай шарап ұсыныңдар.
14 Құдайға осы тартуларды әкелген күнге дейін жаңа астықтың дәнін қуырып та, шикілей де, одан нан пісіріп те жемеңдер. Бұл — тұратын жерлеріңнің бәрінде өздерің де, келер ұрпақтарың да мәңгі ұстануларың керек нұсқау.
15 Демалыс күнінен кейінгі күннен, яғни алғашқы бауды тербеп ұсынған күннен, бастап жеті Демалыс күнін санаңдар+, толық жеті апта өту керек.
16 Осылай жетінші Демалыс күнінен кейінгі күні, яғни елуінші күні+, Ехобаға арнап тағы да астық тартуын әкеліңдер+.
17 Тербеп ұсынатын тарту ретінде үйлеріңнен екі нан алып келіңдер. Бұл нандар ашытқы қосылып+, ефаның оннан екі бөлігі* болатындай сапалы ұннан пісірілсін. Бұл — Ехобаға ұсынылған алғашқы өнім+.
18 Осы нандармен қоса, кемістігі жоқ бір жасар жеті еркек тоқты, бір жас бұқа және екі қошқар әкеліңдер+. Бұлар Ехобаға арналған түгел өртелетін құрбандықтар. Бұлар — астық және сұйық тартуларымен бірге отқа өртеліп ұсынылатын құрбандықтар әрі Ехобаға ұнамды хош иіс.
19 Ал күнә үшін құрбандыққа+ бір жас ешкі, татулық құрбандығына+ бір жасар екі еркек тоқты алып келіңдер.
20 Діни қызметкер екі тоқтыны алғашқы өнімнен пісірілген нандармен бірге Ехобаның алдында әрі-бері тербейді. Бұлар Ехобаның көз алдында қасиетті, әрі діни қызметкерге тиесілі+.
21 Сол күні қасиетті жиын болатынын жариялаңдар+. Сондай-ақ ешқандай үлкен жұмыс істемеңдер. Бұл — тұратын жерлеріңнің бәрінде өздерің де, келер ұрпақтарың да мәңгілік ұстануларың керек нұсқау.
22 Жерлеріңе еккен егінді орғанда, танаптың шетіне дейін түгел ормаңдар, астықты жинағаннан қалған масақты да термеңдер+. Оларды кедей-кепшіктер мен жатжерліктерге қалдырыңдар+. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын”.
23 Ехоба сөзін жалғап, Мұсаға былай деді:
24 “Исраилдіктерге мынаны айт: —Жетінші айдың бірінші күні толықтай демалыңдар. Бұл — керней үнімен еске салынып+, қасиетті жиын өткізетін күн.
25 Сол күні ешқандай үлкен жұмыс жасамаңдар, Ехобаға өртеп ұсынатын құрбандықтар әкеліңдер”.
26 Ехоба Мұсаға тағы былай деді:
27 “Осы жетінші айдың оныншы күні — Күнәні өтейтін күн+. Сол күні қасиетті жиын өткізіңдер. Сондай-ақ күнәларың үшін қайғырыңдар*+ және Ехобаға өртеп ұсынатын құрбандық әкеліңдер.
28 Осы күні ешқандай жұмыс істемеңдер, өйткені ол — Құдайларың Ехобаның алдында күнәларың өтелетін күн+.
29 Осы күні күнәсі үшін қайғырмаған* жанның халқының арасынан көзі құртылсын+.
30 Сол күні қандай да бір жұмыс істейтін жанды халқының арасынан жоямын.
31 Сонымен, сол күні ешқандай жұмыс істемеңдер. Бұл — тұратын жерлеріңнің бәрінде өздерің де, келер ұрпақтарың да мәңгілік ұстануларың керек нұсқау.
32 Сол күн — сендер толығымен тынығатын Демалыс күні. Осы айдың тоғызыншы күні күнәларың үшін қайғырыңдар+. Осы күннің кешінен келесі күннің кешіне дейін Демалыс күнін ұстаныңдар”.
33 Содан соң Ехоба Мұсаға мынаны айтты:
34 “Исраилдіктерге былай де: —Жетінші айдың он бесінші күні жеті күнге созылатын Ехобаға арналған Күркелер* мейрамын өткізіңдер+.
35 Мейрамның бірінші күні қасиетті жиын болады. Ешқандай үлкен жұмыс істемеңдер.
36 Жеті күн бойы Ехобаға өртеп ұсынатын құрбандықтар әкеліңдер. Ал сегізінші күні қасиетті жиын өткізіп+, тағы да Ехобаға өртеп ұсынатын құрбандықтар әкеліңдер. Бұл күні салтанатты жиналыс болмақ. Ешқандай үлкен жұмыс істелмесін.
37 Бұлар Ехоба орнатқан әрі қасиетті жиын+ деп жариялауларың керек мейрамдар+. Бұл мейрамдар белгіленген тәртіп бойынша күн сайын Ехобаға өртеп ұсынатын құрбандықтар, атап айтқанда: түгел өртелетін құрбандық+, астық және сұйық тартуларын+ — әкелу үшін орнатылған.
38 Бұлардан басқа, Ехобаға арналған Демалыс күндерінің құрбандықтарын+, Ехобаға берулерің керек сый-тартуларыңды+, серт және ерікті құрбандықтарыңды+ алып келулерің керек.
39 Жерлеріңнің өнімін жинаған соң, жетінші айдың он бесінші күні жеті күн бойы Ехобаға арналған мейрам өткізіңдер+. Оның бірінші және сегізінші күні — толықтай демалатын күн+.
40 Бірінші күні ең жақсы ағаштардың жемістерін, пальманың+, қалың жапырақты ағаштың және аңғардағы* теректердің бұтақшаларын алыңдар. Сөйтіп, Құдайларың Ехобаның алдында жеті күн+ көңіл көтеріңдер+.
41 Ехобаға арналған осы мейрамды жыл сайын жеті күн бойы тойлаңдар+. Бұл — өздерің де, келер ұрпақтарың да мәңгілік бойы ұстануларың керек нұсқау. Оны жетінші айда мейрамдаңдар.
42 Жеті күн күркелерде тұрыңдар+. Исраилдіктердің бәрі де осылай етсін.
43 Осылайша мен исраилдіктерді Мысыр елінен алып келе жатқанда, күркелерде тұрғызғанымды+ келер ұрпақтарың білетін болады+. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын”.
44 Сөйтіп, Мұса исраилдіктерге Ехоба орнатқан мейрамдар туралы айтып берді.
Сілтемелер
^ Яғни 4,4 л. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Яғни 0,9 л. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Яғни 4,4 л. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Мұны олар ораза тұту және осы сияқты басқа да шектеулер қою арқылы көрсетсе керек.
^ Мүмкін: “ораза тұтпаған”.
^ Немесе “Уақытша баспана”.
^ Немесе “өзен аңғарындағы”.