Мұсаның 3-жазбасы 9:1—24
-
Харонның құрбандықтар ұсынуы (1—24)
9 Сегізінші күні+ Мұса Харон мен оның ұлдарын және Исраил ақсақалдарын шақырып алды да,
2 Харонға былай деді: “Күнә үшін әкелінетін құрбандыққа+ еш кемістігі жоқ бұзау, ал түгел өртелетін құрбандыққа еш кемістігі жоқ қошқар алып, Ехобаның алдында ұсын.
3 Исраилдіктерге былай де: —Күнә үшін әкелінетін құрбандыққа теке, түгел өртелетін құрбандыққа еш кемістігі жоқ бір жасар бұқа мен еркек тоқты,
4 татулық құрбандығына+ бұқа мен қошқар, сондай-ақ май араластырылған астық тартуын+ әкеліп, оларды Ехобаның алдында ұсыныңдар. Өйткені бүгін Ехоба сендерге көрінеді+”.
5 Олар Мұсаның бұйырғандарын кездесу шатырының алдына әкелді. Бүкіл қауым сол жерге келіп, Ехобаның алдында тұрды.
6 Сонда Мұса оларға: “Ехобаның ұлылығы сендерге көріну үшін+, Ехоба осылай істеуді бұйырды”,— деді.
7 Кейін Харонға: “Құрбандық ошағына барып, күнә үшін әкелген құрбандығыңды+ және түгел өртелетін құрбандығыңды ұсынып, өзіңнің және үй ішіңнің күнәларын өте+. Сондай-ақ бүкіл халық үшін құрбандық ұсынып, олардың да күнәларын өте+. Осылай Ехобаның бұйырғанын істе”,— деп айтты.
8 Сол сәтте Харон құрбандық ошағына барып, өзінің күнәсі үшін әкелген бұзауды сойды+.
9 Сосын ұлдары Харонға малдың қанын+ әкеліп берді. Харон оған саусағын батырып, құрбандық ошағының мүйіздеріне жақты да, қалған қанды ошақтың түбіне төкті+.
10 Кейін ол күнә үшін әкелінген малдың майын, бүйректері мен бауыр бетіндегі майын құрбандық ошағында өртеп, Ехобаның Мұсаға бұйырғанындай істеді+.
11 Ал малдың еті мен терісін қостың сыртына шығарып, өртеп жіберді+.
12 Содан соң Харон түгел өртелетін құрбандықты сойды. Ұлдары малдың қанын әкеліп бергенде, Харон қанды құрбандық ошағының барлық жағына бүркіді+.
13 Сосын ұлдары түгел өртелетін малдың бөліктері мен басын әкеліп берді. Харон оның бәрін құрбандық ошағында өртеп жіберді.
14 Бұдан кейін малдың ішек-қарны мен сирақтарын жуып, ошақтағы түгел өртелетін құрбандықтың үстіне қойып, жағып жіберді.
15 Сонан соң Харон халық үшін құрбандық ұсынды. Ол халықтың күнәсі үшін құрбандыққа ешкі сойып, оны да алдыңғы құрбандық сияқты ұсынды.
16 Содан соң, берілген нұсқауға сай, түгел өртелетін құрбандықты шалды+.
17 Кейін Харон астық тартуынан+ біруыс алып, ошақта жанып жатқан таңертеңгі түгел өртелетін құрбандықтың+ үстінде өртеп жіберді.
18 Сосын Харон халықтың атынан татулық құрбандығы ретінде әкелінген бұқа мен қошқарды сойды. Ұлдары солардың қанын әкеліп бергенде, Харон қанды құрбандық ошағының барлық жағына бүркіді+.
19 Ұлдары бұқаның майын+, қошқардың құйрық майын, ішмайын, бүйректері мен бауыр бетіндегі майын алып+,
20 бұқа мен қошқардың төсіне қойды. Харон майлы бөліктерді құрбандық ошағында өртеп жіберді+.
21 Ал төстер мен малдың оң аяғын Ехобаға тербеп әкелетін тарту ретінде әрі-бері тербеді. Осылай ол Мұсаның бұйырғанындай істеді+.
22 Бұдан соң Харон қолдарын халыққа қарай көтеріп, бата берді де+, күнә үшін әкелетін, түгел өртелетін және татулық құрбандықтарын ұсынып, төмен түсті.
23 Ақырында, Мұса мен Харон кездесу шатырына кірді. Ал сыртқа шыққан соң, халыққа бата берді+.
Сонда бүкіл халыққа Ехобаның ұлылығы көрінді+.
24 Ехобадан от түсіп+, құрбандық ошағындағы түгел өртелетін құрбандық пен майлы бөліктерді жалмап қойды. Мұны көрген күллі жұрт қуаныштан айғайлап, жерге бас ұрып тағзым етті+.