Мұсаның 4-жазбасы 2:1—34

  • Қос үш рулы бөлімнен тұрды (1—34)

    • Яһуда руының бөлімі шығыс жақта (3—9)

    • Рубен руының бөлімі оңтүстік жақта (10—16)

    • Леуі руының қосы ортада (17)

    • Ефрем руының бөлімі батыс жақта (18—24)

    • Дан руының бөлімі солтүстік жақта (25—31)

    • Тізімге алынған ерлердің жалпы саны (32—34)

2  Ехоба Мұса мен Харонға былай деді:  “Әрбір исраилдік шатырын өзінің үш рулы бөліміне+ белгіленген жерге, өз әулетін көрсететін белгінің* маңына тіксін. Бүкіл қос киелі шатырға қаратылып, оны айналдыра орналастырылсын.  Киелі шатырдың күншығыс жағына яһуда руы бастаған үш рулы бөлім өз жасағымен бірге орналассын. Яһуда үрім-бұтағының басшысы — Әминадап ұлы Нағасон+.  Оның жасағы санақтан өткен 74 600 ер адамнан тұрады+.  Яһуда руының жанына исахар руы қосын тіксін. Исахар үрім-бұтағының басшысы — Суар ұлы Нетәнел+.  Оның жасағы санақтан өткен 54 400 ер адамнан тұрады+.  Яһуда руының жанына қосын тігетін келесі ру — забулон. Забулон үрім-бұтағының басшысы — Хелон ұлы Елияп+.  Оның жасағы санақтан өткен 57 400 ер адамнан тұрады+.  Сонымен, яһуда руы бастаған қостың жасағы санақтан өткен 186 400 ер адамнан тұрады. Жолға шығарда, олар қосын бірінші болып жинасын+. 10  Оңтүстік жағына рубен руы+ бастаған үш рулы бөлім өз жасағымен бірге орналассын. Рубен үрім-бұтағының басшысы — Шедеур ұлы Елисур+. 11  Оның жасағы санақтан өткен 46 500 ер адамнан тұрады+. 12  Рубен руының жанына шимон руы қосын тіксін. Шимон үрім-бұтағының басшысы — Суришадай ұлы Шелумиел+. 13  Оның жасағы санақтан өткен 59 300 ер адамнан тұрады+. 14  Рубен руының жанына қосын тігетін келесі ру — ғад. Ғад үрім-бұтағының басшысы — Деуел* ұлы Елиясап+. 15  Оның жасағы санақтан өткен 45 650 ер адамнан тұрады+. 16  Сонымен, рубен руы бастаған қостың жасағы санақтан өткен 151 450 ер адамнан тұрады. Жолға шығарда, олар қосын екінші болып жинасын+. 17  Кездесу шатырын алып жүргенде+, леуіліктер өзге қостардың ортасында жүру керек. Исраилдіктер жолға шыққанда, қостарының орналасу тәртібімен жүріп отырсын+, яғни әркім үш рулы бөліміндегі өз орнын өзгертпесін. 18  Батыс жағында ефрем руы бастаған үш рулы бөлім өз жасағымен бірге орналассын. Ефрем үрім-бұтағының басшысы — Әмихуд ұлы Елишама+. 19  Оның жасағы санақтан өткен 40 500 ер адамнан тұрады+. 20  Ефрем руының жанына манаса руы+ қосын тіксін. Манаса үрім-бұтағының басшысы — Педасур ұлы Гамалиел+. 21  Оның жасағы санақтан өткен 32 200 ер адамнан тұрады+. 22  Ефрем руының жанына қосын тігетін келесі ру — бениямин. Бениямин үрім-бұтағының басшысы — Гедеони ұлы Әбидан+. 23  Оның жасағы санақтан өткен 35 400 ер адамнан тұрады+. 24  Сонымен, ефрем руы бастаған қостың жасағы санақтан өткен 108 100 ер адамнан тұрады. Жолға шығарда, олар қосын үшінші болып жинасын+. 25  Солтүстік жағында дан руы бастаған үш рулы бөлім өз жасағымен бірге орналассын. Дан үрім-бұтағының басшысы — Әмишадай ұлы Ахиезер+. 26  Оның жасағы санақтан өткен 62 700 ер адамнан тұрады+. 27  Дан руының жанына ашир руы қосын тіксін. Ашир үрім-бұтағының басшысы — Охран ұлы Пагиел+. 28  Оның жасағы санақтан өткен 41 500 ер адамнан тұрады+. 29  Дан руының жанына қосын тігетін келесі ру — нафталим. Нафталим үрім-бұтағының басшысы — Енан ұлы Ахира+. 30  Оның жасағы санақтан өткен 53 400 ер адамнан тұрады+. 31  Сонымен, дан руы бастаған қостың жасағы санақтан өткен 157 600 ер адамнан тұрады. Жолға шығарда, олар үш-үш рудан тұратын бөлімдердің ең соңғысы болып қосын жинасын+”. 32  Әулеттері бойынша санақтан өткен исраилдіктер, міне, осылар. Исраил қосындағы шайқасқа жарамды ер адамдардың жалпы саны 603 550 болды+. 33  Ехобаның Мұсаға айтқан бұйрығына сай, леуіліктер өзге исраилдіктермен бірге тіркеуге алынған жоқ+. 34  Исраилдіктер Ехобаның Мұсаға бұйырғанының бәрін істеді. Олар осылайша үш рулы өз бөлімдерімен бірге шатыр тігетін+ әрі жолға жиналатын болды+. Әркім өз отбасымен, өз әулетімен бірге көшіп-қонып жүрді.

Сілтемелер

Немесе “байрақтың”.
Кейбір көне қолжазбалар мен аудармаларда “Рәгуел” деп берілген.